Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша биыл 51 мыңнан астам грант бөлінеді деп жоспарланып отыр.
ERNUR.KZ. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің басқарма басшысы Жанна Есінбаева мемлекеттік грант құны қанша теңгені құрайтынын айтып берді, деп жазады baq.kz.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша биыл 51 мыңнан астам грант бөлінеді деп жоспарланып отыр.
"Бұл гранттың құны дайындау бағытына байланысты әр түрлі болады. Сонымен бірге ЖОО-лардың мәртебесіне байланысты да оқу құны өзгеше. Мысалы, ұлттық мәртебесі жоқ ЖОО-ларда бір грант құны 700-900 мың теңге. Ал ұлттық мәртебесі бар университеттерде 1 гранттың құны 1 млн теңгені құрайды", - деді ол.
Сонымен қатар ауылдан шыққан жастар үшін 30%-дық квота қарастырылған. Яғни мемлекеттік білім беру тапсырысының 30%-ы ауылдан шыққан жастарға беріледі.
Одан бөлек, Жанна Есінбаева білім беру мекемелерінің мүмкіндігі шектеулі студенттерді оқытуға дайындығы туралы сөз қозғады.
"Мемлекеттік немесе жекеменшік оқу орындары инклюзивтік білім беру бағдарламасы аясында жұмыс істейді. ЖОО-лар осындай азаматтарға білім беруге дайын", - деп айтты БҒМ өкілі.
Сұхбат кезінде Есінбаева мемлекеттік гранттың бөліну тәртібіне тоқталды.
«Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру» деген ұғым бар. Яғни ЖОО-ларға мемлекеттік білім беру тапсырысы конкурстық негізде орналастырылады. Университеттер арнайы конкурстық құжаттарын тапсырады. Осылайша, қай ЖОО-ға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатыны жөнінде шешімді республикалық конкурстық комиссиясы қабылдайды. Яғни арнайы тізім болады. Сол тізім шеңберінде балалар оқу орнын таңдай алады, - деп түсіндірді маман.
Яғни түлектер тізімде бар белгілі бір университеттерді ғана таңдай алады. Бұл тізім мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылғаннан кейін ғана шығады.