Ғылыми атақтар үшін қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды.
ERNUR.KZ. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 18%-ға, 2024 жылғы қаңтардан бастап 18%-ға, 2025 жылғы қаңтардан бастап 17%-ға ұлғайтылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жазуынша, ЖОО профессор-оқытушылар құрамының жалақы мөлшері 160,7 мың теңгеден 350 мың теңгеге дейін, ұлттық жоғары оқу орындарында 228,8 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін өсті.
Ғылыми атақтардың болуы үшін ғылыми қызметкерлерге қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды. Бұл заңға Мемлекет басшысы осы жылдың 6 мамырында қол қойды.
«Өзгерістерге сәйкес, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) атағы үшін төленетін қосымша ақы 25 АЕК-ті (92 300 теңге) құрайды. Ал ғылым докторы және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін 42 АЕК (155 064 теңге), философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерінде қосымша ақы төленеді», - деп хабарлады министрлік.
40 жасқа толмаған дарынды жас ғалымдарға жоғары және ЖОО кейінгі білім беру ұйымының эндаумент-қорының инвестициялық кіріс қаражатынан стипендия алу құқығы берілді.