ЖОО жанында ахуалдық және дағдарыс орталықтары жұмыс істейді

0
97

​Еліміздің бірқатар ЖОО-лары жанынан ахуалдық және дағдарыс орталықтары ұйымдастырылды.


ЖОО жанында ахуалдық және дағдарыс орталықтары жұмыс істейді

ERNUR.KZ. Ахуалдық орталық студенттерді жатақханалардағы орындар туралы хабардар етеді, дағдарыс орталықтары форс-мажор жағдайларда тұрғын орынмен қамтамасыз етеді. Ахуалдық орталық Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінде, дағдарыс орталығы М. Тынышпаев атындағы көлік және логистика университетінде орналастырылды. Бұл туралы ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының м.а. Ақерке Абылайхан ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Сонымен қатар барлық өңірде студенттердің мәселелерін жедел шешу үшін студенттік омбудсмендер жұмыс істейді. Оларға 6 079 адам хабарласып, мәселелері шешілген.

Ал, Жоғары білім және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде қарастырылған Университеттің үшінші миссиясы бойынша студент жастарды қоғамға әлеуметтендіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.

«Қазіргі таңда студент жастар арасында Абайдың «толық адам» ілімі негізгі 3 бағыт бойынша жүзеге асырылуда, ол «ыстық қайрат – нұрлы ақыл – жылы жүрек». Жоғары оқу орындарында тәрбие жұмыстарын жүргізудің жүйеленген әдістемесі бекітілді», – деді спикер.

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан – Адал Азамат» принциптерін ұсынуы осы Абай идеологиясын ілгерілетудің бір бастамасы болды.

Бүгінде ЖОО-да қызмет атқару үшін 51 комплаенс-офицер даярланып шықты. Олар ЖОО-да сыбайлас жемқорлық деректеріне қатысты жұмыс жүргізеді.

Сонымен қатар ЖОО-да психолог мамандар жұмыс істейтін психологиялық қызметтер құрылған. Осы құрылымдардың қызметін реттеу үшін Министрлік арнайы ұсынымдар әзірледі. Онда штат санын кемінде 4 адамға жеткізу қарастырылған.