Жұмысшы мекеме ақшасын тонап кетті деп алдап, оны ұтысқа тігіп жіберген

0
1 281

Күдікті азамат бекеттің операторы мен күзетші қызметін қоса атқарған


Жұмысшы мекеме ақшасын тонап кетті деп алдап, оны ұтысқа тігіп жіберген

ERNUR.KZ. Қызылордада газ құю бекетінің жұмысшысы мекеме ақшасын құмар ойынға тігіп жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған азаматтың алғашқы жалған хабарлама беру жағдайы 30 наурызда тіркелген еді. Сол күні қалада орналасқан газ құю бекетінің жұмысшысы сол жерде өзін белгісіз біреулер қорқытып, мекемеге тиесілі 263 мың теңгені тартып алып кеткенін мәлім еткен еді. Оның айтуынша, өзін қорқытқан адамдар оқиға орнынан бой тасалап кеткен.

Аталмыш арыз негізінде қалалық полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-бөлігінің 3-тармағымен (тонау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын қолға алды. Бұл азаматтың жалған хабарлама беру жағдайы 7 сәуірде тағы жалғасты. Ол сол күні таңғы уақытта жоғарыда аталған газ құю бекетінің алдында бетперде киген белгісіз екі азамат пышақпен қорқытқанын айтқан. Нәтижесінде мекемеге тиесілі 240 мың теңгені «тартып алып» кеткен. Осылайша газ құю бекетінің жұмысшысы өзін жәбірленуші ретінде көрсеткен. Соған байланысты 102 арнасына хабарлама түскен.

Аталған хабарлама бойынша тез арада оқиға орнына жедел тергеу тобы жіберілді.

«Полиция қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде зерделеді. Нәтижесінде өзін жәбірленуші ретінде көрсеткен азаматтың жалған хабарлама бергені анықталды. Екі дерекке қатысты қылмыстық құқық бұзушылық мүлдем орын алмаған. Газ бекетінің жұмысшысы өз кезегінде ақшаны құмар ойындарға салып жіберген. Заңсыз іс-әрекетін жасыру үшін жалған хабарлама берген. Өзін жәбірленуші ретінде көрсеткен әлгі азамат соған байланысты берген арызынан бас тартқан. Ол осы бекеттің операторы мен күзетші қызметін қоса атқарған», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Онда сеніп тапсырылған бөтен бүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу жайы көрсетілген. Сондай-ақ, ол жалған хабарлама беру дерегі орын алуына байланысты 419-бабының 3-бөлігімен пайдакүнемдiк ниетпен жасалған көрiнеу жалған сөз жеткiзу бойынша жауап беретін болады. Күдіктіге қатысты «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Күдікті тұлғаның кінәсі дәлелденген жағдайда сот шешімімен оның үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.