Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру тәртібі өзгереді

0
151

Былтыр емтихан тапсыру кезегін электронды түрде брондау қызметі енгізілді.


Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру тәртібі өзгереді

фото:Sputnik / Владислав Воднев

ERNUR.KZ. Қазақстанда жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру тәртібі қайта қаралады. Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Былтыр емтихан тапсыру кезегін электронды түрде брондау қызметі енгізілді. Емтихан сұрақтарымен алдын ала танысуға мүмкіндік берілді. Алдағы уақытта жаңа технологиялар енгізіліп, емтихан тапсыру тәртібі қайта қаралады.
"Биыл жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру кезінде "AR" және "Computer Vision" технологияларын қолдану, Еуропа тәжірибесі бойынша емтихандарды қабылдау тәртібін қайта қарау жоспарланып отыр", - деді Кенжеғалиев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Бұдан бөлек, қазіргі кезде емтихан тапсыру кезінде тыйым салынған техникалық құралдарды пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесі қаралып жатыр.
Еуропада емтихан қалай тапсырылады
Еуропада жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру жүйесі ТМД-ға ұқсайды. Алдымен теорияны меңгеру керек, одан кейін практикалық тапсырмалар қарастырылған. Дегенмен Еуропа одағына кіретін әрбір елдің өзіндік ерекшеліктері бар.
Италияда теориялық білімді қатты тексереді. Кандидаттар 7 000 сұраққа дайындалады. Ал емтиханда соның 30-ына жауап беру керек. 4 рет қателесуге рұқсат бар. Одан асып кетсе, бір рет қана емтиханды қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі.
Германияда бір емтихан сұрағына бірнеше дұрыс жауап болуы мүмкін. Сосын экология мәселелеріне басымдық беріледі. Велосипедпен жүретіндерге қатысты сұрақтар да аз емес. Бұдан бөлек, көліктің тоқтайтын жолын арнайы формуламен есептей білу керек. Ал практикалық сабақтар кезінде мінсіз дайындық болуы шарт. Көлікті әртүрлі ауа райында, күндіз және түнде, қалада және автобанда жүргізу бейімі бағаланады. Сондай-ақ 40 минуттың ішінде аулада айналып шығу мен тұраққа тұру дайындығын көрсету керек.
Финляндияда көлік жүргізу бойынша үш курс қарастырылған. Олар: әдеттегі дайындық, қысқы және экстремалды жүргізу. Бірінші кезеңнен кейін теория мен көлікті қалада жүргізу емтиханын тапсыру керек. Соның нәтижесінде уақытша куәлік беріледі. Онымен ережені бұзбай жүру керек. Әйтпесе негізгі куәлік берілмейді.
Норвегияда алғашқы медициналық көмекті меңгеру керек. Сосын түнде көлік жүргізу тесті қарастырылған. Ал ең соңында 4-6 сағаттық алыс жолға шығу және қала ішінде жүру емтиханын тапсыру қажет.