Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 900 мың тоннаға артық.
ERNUR.KZ. Көмір тасымалы ҚТЖ-ның ерекше бақылауында. 2026 жылдың 9 айында темір жол көлігімен 77 млн тоннадан астам көмір тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 900 мың тоннаға артық. Экспортқа 24 млн тонна (+300 мың тонна) жөнелтілді, Қазақстан бойынша 53 млн тоннадан астам (+600 мың тонна) тасымалданды.
Жылыту маусымы басталғаннан бері, осы жылдың 1 мамырынан 30 қыркүйегіне дейін республика бойынша 28 млн тонна көмір тасымалданды – өткен маусымның ұқсас кезеңі деңгейінде. Оның ішінде 25,8 млн тонна ЖЭО-ға және 2,3 млн тонна коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін бағытталды. Елдің ЖЭО-дағы көмір қоры норма деңгейінде немесе одан жоғары деңгейде.
Өңірлердің коммуналдық-тұрмыстық көмірге жоспарлы қажеттілігі мамыр мен қыркүйек аралығында 2,3 млн тонна көлемінде толық орындалды.
Барлық жылыту маусымына автокөлікпен әкетілетін көлемді қоса алғанда, 7,3 млн тонна коммуналдық-тұрмыстық көмір жеткізу көзделген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 154 мың тоннаға аз. Төмендеу өңірлерді газдандыру деңгейінің өсуімен байланысты.
Жылжымалы құрамның тапшылығы жоқ. Жүк жөнелтушілердің өтінімдері толық көлемде қамтамасыз етілуде.
Көмір тасымалдау үшін «Қазтеміртранс» АҚ-ның 18,5 мыңға жуық вагоны жұмылдырылды. Іске кірістірілген барлығы 27 мың жартылай вагон бар. Ең жоғары жүктемелер кезеңінде қосымша 3 мың жартылай вагонға дейін резерв қалыптастырылады.
Жылыту маусымы басталғаннан бері тасымалдауды жедел бақылау үшін Энергетика министрлігі алаңында апта сайын Коммуналдық-тұрмыстық көмірді тасымалдау жөніндегі республикалық штабтың отырыстары өткізіледі.
ҚТЖ-да көмір тасымалдау жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді. Оған орталық аппарат пен аумақтық бөлімшелердің 60 астам маманы кіреді. Штаб тәулік бойы әрбір көмір кенішінен елдің өңірлеріне көмірді тиеуді және жеткізуді бақылайды.


