Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 13,8 трлн теңге кіріс түсті

0
930

Салықтар бойынша жоспар орындалмаған.


Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 13,8 трлн теңге кіріс түсті

ERNUR.KZ. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 13,8 трлн теңге түсті. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Мемлекеттік бюджетке түскен кірістердің сомасы 13,8 трлн теңгені құрады немесе жоспар 97,0%-ке орындалды. Республикалық бюджетке 9,2 трлн теңгеге жуық қаражат түсті. Жоспар 89,3%-ке орындалды", - деді ол үкімет отырысында.
Айтуынша, салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты.
Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 292 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 23%-ке азаюымен байланысты.
Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері – тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі; ЕАЭО елдерінен импорт көлемінің 6%-ке азаюы.
Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 11%-ке төмендеуімен байланысты болды.
Жамаубаев пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 13%-ке төмендеуі әсер еткенін атап өтті.
"Жергілікті бюджеттердің кірістері 116,8%-ке атқарылды және 4,7 трлн теңгені құрады. Жоспар 669 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 622 млрд теңгеге асыра орындалды", - деді қаржы министрі.
Вице-премьер кірістер бойынша жоспар барлық өңірде асыра орындалғанын айтты.