​«ӨРМЕКШІ АДАМ: ЖАҢА КҮН» әлемдік тарихтағы ЕҢ КӨП КАССА жинаған үштікке енді

0
210

Қазақстандық кинопрокат нарығында да жазғы прокаттың абсолютті көшбасшысы болып отыр


​«ӨРМЕКШІ АДАМ: ЖАҢА КҮН» әлемдік тарихтағы ЕҢ КӨП КАССА жинаған үштікке енді

Сурет: ЖИ

Әлемдік премьерасы осы жылдың 24 шілдесінде басталған «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмі әлемдік прокаттағы көшбасшы туынды болып тұр. Соңғы санақ бойынша Sony мен Marvel компаниялары түсірген суперқаһарман туралы фильм АҚШ пен Канадада тағы 22,2 миллион доллар жинады.

Ал әлемдік прокат нәтижесі бойынша фильм тарихтағы ең көп табыс әкелген үш картинаның қатарына енді. Қазіргі уақыттағы жалпы кассасы 2,33 миллиард долларға жетіп, «Аватар: Су жолы» фильмінің 2,32 миллиард долларлық көрсеткішінен озды. Қазір ол тек «Аватар» (2,9 миллиард доллар) және «Кек алушылар: Финал» (2,7 миллиард доллар) фильмдерінен ғана кейінгі үшінші орынды иеленіп тұр.

«Өрмекші адамның» Джеймс Кэмеронның «Аватар: Су жолы» сияқты визуалды блокбастерін артта қалдыруы стрит-деңгейдегі комикс қаһарманына деген сұраныстың әлі де жоғары екенін дәлелдейді. Фильмнің тіпті трейлерінің өзі шыққан алғашқы 24 сағатта қаралым саны бойынша абсолютті рекорд орнатқан. ТikTok пен X (Twitter) платформаларында ең көп талқыланған трендке айналған.


Бұл – Том Холландтың жеке актерлік карьерасындағы ең көп касса жинаған жеке фильмі. Фильмге Том Холландтан бөлек өткен жылдардағы Өрмекші адамдардың (Тоби Магуайр, Эндрю Гарфилд) немесе жаңа камейолордың қатысуы туралы қауесеттердің айналасындағы интрига көрермендердің кинотеатрға қайта-қайта баруына басты себептердің бірі болған сыңайлы.


Дегенмен фильмнің алдында тағы бір ірі мақсат бар – АҚШ пен Канададағы рекордты жаңарту. Қазіргі таңда «Өрмекші адам: Жаңа күн» бұл көрсеткіш бойынша 936,7 миллион доллар жинаған «Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы» фильмінен шамамен 45 миллион долларға қалып тұр. Егер суперқаһарман туралы фильм осы межеден асса, Солтүстік Америка прокаты тарихындағы ең көп касса жинаған фильм атанады. Ал келесі мақсат – тек Солтүстік Америка нарығының өзінен 1 миллиард доллар жинау.

Демалыс күндерінің қорытындысы бойынша екінші орынды Кристофер Ноланның «Одиссеясы» иеленді. Эпикалық фильм прокаттағы жетінші демалысында 14,6 миллион доллар жинады. Осылайша оның АҚШ пен Канададағы жалпы табысы 564 миллион долларға жетті.

Үшінші орында «Айлакер койот» фильмі тұр. Көркем кино мен анимацияны біріктірген картина 3575 кинотеатрда көрсетіліп, 13,5 миллион доллар жинады. Бастапқыда Warner Bros. салықтық жеңілдіктер алу мақсатында фильмді прокатқа шығарудан бас тартқан еді. Бұл шешім киноиндустрия өкілдерінің наразылығын туғызды. 2025 жылдың наурызында фильмді Ketchup Entertainment компаниясы құтқарып, нәтижесінде картина кинотеатрларда көрсетілетін болды.

Төртінші орында хоррор жанрындағы «Астрал-6: Олар қазір осында» фильмі орналасты. Ол прокаттағы екінші демалысында 10,1 миллион доллар жинап, көрсеткішін 60 пайызға төмендетті. Фильмнің АҚШ пен Канададағы жалпы табысы 43 миллион долларға жетті. Ал оның өндіріс бюджеті шамамен 18 миллион доллар болған.


Kino.kz және негізгі дистрибьюторлық желілердің мәліметінше, «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмі көрсетілімге шыққаннан бері Қазақстандық кинопрокат нарығында да жазғы прокаттың абсолютті көшбасшысы болып отыр. Фильм еліміздің барлық ірі кинотеатрлар желісінде (Kinopark, Cinemax, Kinoplexx және т.б.) максималды сеанс санымен көрсетілуде. Тек бір ғана негізгі билет агрегаторы арқылы онлайн 36 000-нан астам билет сатылған. Бұл оффлайн кассаларды есептемегендегі көрсеткіш. Фильмнің Қазақстан аудиториясы арасында жоғары сұранысқа ие болуына заманауи қазақ тіліндегі сапалы дубляждың шығуы оң әсер етті дейді сарапшылар.


Алдыңғы «Өрмекші адам: Үйге жол жоқ» фильмі Қазақстан кассасында 1,5 миллиард теңгеден астам табыс жинаған еді. Жаңа бөлім де осы қарқынмен еліміздегі ең көп касса жинаған шетелдік картиналардың үздік үштігіне енуге жақын.

Warner Bros. бұл жобаны жалғастырмай, тоқтатуды жоспарлағанда, Голливуд режиссерлері мен актерлері студияға қарсы үлкен бойкот жариялай жаздаған еді. Фильмнің прокатқа шығып, ТОП-3 қатарға енуі тәуелсіз дистрибьюторлар мен кинематографистердің үлкен жеңісі.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ДЖОН СНОУ фанаттары сүйікті актерімен «ГАРРИ ПОТТЕР» арқылы қайта қауышады