«Айналасындағы ешбір адам оның әлеміне әсер етпеді»
Елімізге белгілі асаба, ақын, талай хит әндердің авторы болған Құрманай Бақтиярқызы әнші Тамара Асар жайлы ерекше естелікпен бөлісті.
«Шымкентте бай-дәулетті жандардың дүбірлі тойы боп жатқан. Ығы-жығы адам ары-бері жүріп жатыр. Екінші этажына көтерілсем, дөңгелек үстелде әп-әдемі, кіп-кішкентай ғана нәзік қыз «Психология» деген кітабын оқып отыр. Абыр-сабыр музыка, келесі биіне дайындалып жатқан бишілер, бір-бірімен мәре-сәре боп амандасып жатқан жұлдыздар. Ешнәрсе ол қыздың әлеміне әсер етіп жатқан жоқ. Ән кезегі келгенін көмекшісі келіп, құлағына сыбырлады. Атын атап шақырды, «Сүйікті әншілеріңіз Тамара Асар...» деді. Шулап жатқан ел бір сәт тынышталып, басын бұрып, қол шапалақтап, ән күтті. Жоқ... жай ғана қадам басып, нәзік қана жымиып, халыққа сүйсіне бір қарап алып «Тойдың мәні мен сәнін жүрекпен жасай білетін, бір-біріне той тілеп жүретін кең пейілді, қонақжай Оңтүстігіме маңғаз Маңыстаудың сәлемін ала келген, дарабоз ағаларын дара көрген, аналардың ақ жаулығынан Домалақ ана көрген Тамара қыздарыңыз әуелеген әнін той иелеріне арнайды. Қабыл алыңыздар!» деп қолын кеудесіне қойып, басын сәл ғана төмендетіп, тәтті қылығымен құлшына ән салуға кірісті.
Елдің махаббатына шомыла кеткен, жүзінен күннің нұрын төккен осы менің Томиым еді. 2007-жылдан бері менің тілекшім, ақылшым, сырласым... Тамараның әкесіне деген құрметін, анасына деген махаббатын сезген доспын. Қамбар батырымен бақытты құшқан, Ажарымен қалықтап аспанда ұшқан ұяң, нәзік жанның жан жарына деген сезімі бөлек. Мұндай бірегей қыздарды аялауымыз керек» деді Құрманай Бақтиярқызы.
Асабаның жүрекжарды лебізіне оқырмандары да пікір білдірді. «Әні мен сәні, сұлулығы мен сымбаты келіскен Тамара нағыз батыр қыз!», «Тамараның сөзі де, өзі де керемет!», «Адам баласын сөзінен, келбетінен таны деген. Тамараның бойында жақсы қасиеттің бәрі бар. Әнін айтып, аман-есен жүре берсін!» деп жазды көпшілік.