​«Бота көзді, толқын шашты қыз еді»: Димаш Құдайбергеннің әкесі әйелінің жас кезін тебірене еске алды

0
1 173

«Меруерт тойымыз құтты болсын, Светик!»


​«Бота көзді, толқын шашты қыз еді»: Димаш Құдайбергеннің әкесі әйелінің жас кезін тебірене еске алды


Әлемге танымал әншіміз Димаш Құдайбергеннің ата-анасы Қанат және Света Айтбаевтар бүгін «Меруерт» тойларын тойлап жатыр. Осыдан отыз жыл бұрын шаңырақ көтерген өнерлі жұп өздерінің «Инстаграм» парақшасында ерекше естеліктерімен бөлісті.


Қанат Айтбаев Светаны ата-анасымен таныстырған күнді тебірене еске алды.«...Амангелді Сәндібаев ағамыз жетекшілік ететін "Жібек жолы" ансамблінің құрамындағы кезіміз. Екеуміз де студентпіз. Болашақ педагогтармыз. Ағамызға өтініш жасап, менің туған жерім Ембіде тобымызбен концерт беретін болдық. Ойым ата-анама болашақ келіндерін көрсету... Қаламыздағы «Достық» мәдениет үйінде ине шаншар орын жоқ, халық лық толы. Алдыңғы қатарда ата-анам, олардың достары отыр. Концерт басталды. Сол кезде тыңдарманның құлағына сіңісті болған әндеріміз бірінен соң бірі орындалып жатыр.


Бағдарламамыздың орта тұсына таман «келесі әнді орындайтын Светлана Төлемісова, қарсы алыңыздар!» деп хабарлап, сахна сыртына шығып кеттім. Үлкен баянын көтеріп, Света ортаға шықты. Үстінде талдырмаш, нәзік бойына қона қалған ақ көйлек, бота көздері күлімдей мөлдіреп, толқындана бұйраланып, иығына түскен шашы өзіне ерекше жарасып тұр.


Микрофонын ыңғайлап алып, аспабының түймелеріне қол салды. Баянның сырлы үніне бұлақтың сыңғырындай әнші қыздың үні астасып әсем ән төгіле жөнелді. Шәмшінің «Ақ ерке-ақ жайығы». Алғашқы қайырмасынан-ақ залдағы халық таныс әнді қосыла шырқай жөнелді.


Сахнаның жақтау шымылдығынан жүрегім атқақтай соғып, ата-анамның жүздеріне сығалай қарап тұрмын. Екеуі де ерекше мейіріммен күлімдеп отыр екен. Анамның қасында отырған құрбысы сахнадан көз алмай, анамның құлағына сыбырлап жатыр. Қимыл-қозғалысына қарасам, жағымды нәрсе айтып жатқан сияқты.


Концерт аяқталды. Ансамблімізді үйге қонаққа шақырдым. Меймандарды шығарып салған соң ас үйде қасында көмектескен болып, қипақтап жүрген маған қарап анам жымиып «топтарыңдағы әнші қыз әп-әдемі бала екен» деді. Қасымдағы құрбыларым «Қанатжан дәу де болса осы қызды таныстырайын деп әкелді-ау?» деп жатыр. Анамның жүзіне қарап күлімдей беріппін. Жүрегім лүп-лүп... Арада екі-үш ай өткен соң ата-анам арнайы барып, болашақ құдаларымен танысып, уағдаласып, тойдың күнін белгілеп қайтты.


Содан бері отыз жыл өтті. Құда-құдағилар өзара ең жақын, сырлас адамдарға айналды. Отбасымызда үш баламыз өмірге келді. Өмірде қол ұстасып, тату-тәтті бірге келе жатырмыз. «Меруерт тойымыз» құтты болсын, Светик! Ата-анамыз айтпақшы, өмірдің қызық, қуанышын тең көрейік!»


Әншінің тыңдармандары бұл естелікке ерекше ықылас танытты. Олардың арасында Димаш Құдайбергеннің шет елдегі жанкүйерлері де бар. «Кітап оқып отырғандай болдым, бақыттарыңыз баянды болсын!», «Анадан дара туған бекзаттарым!», «Алтын тойға бірге жетіңіздер», «Немере, шөбере көріп, мың жасаңыздар!» деп тілек қосты көпшілік.