«Дәуірім аяқталғаны ма?»: танымал әнші төрт адамға концерт берген

0
174

​Ол сахнада 29 жыл өнер көрсеткен.


«Дәуірім аяқталғаны ма?»: танымал әнші төрт адамға концерт берген

Фото: видеодан скриншот

ERNUR.KZ. Қазақ эстрадасының белгілі өкілі Бауыржан Исаев шығармашылық жолындағы ауыр сәттермен бөлісіп, ел алдында ән айту жауапкершілігі мен көрерменнің аздығы жүрекке қалай әсер ететінін ашық айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«2015 жылы небәрі 9 адамға концерт қойғанмын. Бұл – күлетін жағдай емес. Ол кезде кәсіби сахнада жүргеніме 19 жыл болған еді. Жалпы, залдың бос болуы – өнер адамы үшін өте ауыр. Соған қарамастан, 1,5 сағат бойы өнер көрсеттім», – деді ол.

Әншінің айтуынша, бұл жалғыз оқиға емес. Жақында Алматы облысындағы бір кешке небәрі 4 тыңдарман келген.

«Былтыр облысқа барғанда 4 адам келді. Солар үшін 1 сағаттық бағдарлама қойдым. Тағы бір-екі ауданда 15-20 адамнан ғана жиналды. Осыдан кейін өзіме «Біздің дәуіріміз өтті ме?», «Біздің әндеріміз тыңдарманға қажет емес пе?» деген сұрақтар қойдым», – деді ол толғана.

Әнші мұндай жағдай тек өзі емес, басқа әріптестерінің де басынан өтіп жатқанын жеткізді.

«Кейбір өнер иелері ауылдарға дейін барып, жарнама жасап, билеттерін кассаға қалдырып жатыр. Бірақ халық келмейді. Неге екенін түсінбеймін. Халық кейде «анау әнші көрінбей кетті», «мынау қайда жүр екен?» дейді. Бірақ концертке бармайды», – деп өкініш білдірді ол.

Әнші шығармашылығындағы маңызды белестің де таяп қалғанын айтты. Алдағы жылы сахнадағы 30 жылдығына орай мерекелік концерт өткізуді жоспарлап отыр.

«Кейде «1-2 жылда өнерді қоятын шығармын» деген ой келеді. Бірақ биыл кәсіби сахнада жүргеніме 29 жыл толды. Келер жылы 30 жылдық мерейтойымды атап өткім келеді. Сол концерттен кейін нақты шешім қабылдайтын шығармын», – деді ол.