«Екіжүзділік пе, тексіздік пе?!»: Бекболат Тілеухан мен Ринат Заитов желіде айтысып қалды

0
2 530

«Қазақты қазаққа айтақтап қойды»


«Екіжүзділік пе, тексіздік пе?!»: Бекболат Тілеухан мен Ринат Заитов желіде айтысып қалды

Әлеуметтік желіде Бекболат Тілеухан мен Ринат Заитов сөз ұстасып қалды. Даудың басы айтыскер ақын Ринаттың ulysmedia.kz сайтына берген сұхбатында Бекболат Тілеухан туралы айыптауынан басталды. Айтыскер «Бекболат Қаңтар қырғынының болатынын білді, бірақ айтпады» деп ашық айтқан еді.

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын ақпараттық технологияның қарыштап дамыған уақытында бұл видеосұхбат Стамбулда тұрып жатқан Бекболат мырзаға да жетіп, ол өз видеоүндеуін жасады. Бұған дейін де санаулы күн бұрын отандық журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында да экс-депутат ішіндегі өкпе-назын жеткізген еді. Соңғы кездері өзінің тарапына ақпараттық шабуылдың үдегеніне, әділетсіздіктерге төзе алмаған қоғам қайраткері бұл жолы да ашынғаннан ащы даусын шығарыпты.


«Қазақ өкпеге қиса да, өлімге қимайды” деуші еді, ағайын. Ринат бауырым өлімге қиды. «Қанды қаңтар» оқиғасын білді, біліп тұрып, бізге айтпады» деген сұмдық, ауыр жала жапты. Кәдімгідей мойыныма қанды артып жатыр. «Бекболат Ринатты неге жек көреді?» депті. Мен неге жек көремін? Ринаттың менімен жасы, өнері, саясаттағы лауазымы деңгейлес адам емес. Менің ауызымнан «жек көремін» деген сөз шыққан емес. Мен оны жек көрмеймін, - деп бастады Бекболат Тілеухан.

Сонымен қатар Бекболат Тілеухан осы видеосында Ринат інісің аудиожазбасын да ашық тыңдатты.
«Аға, сізге айтарым бар еді. Кеңес сұрайтын, ақылдасатын шаруам бар еді. Қалай сөйлесе аламын? Ойымның түйіні мынау: қазақты қазаққа айтақтап қойып, неге осы бір-бірімізді бөліп жатыр деймін де. Ақынымызды, бәрімізді... Біз соның жетегінде жүрміз негізі. Мен оны өз басым мойындаймын. Соны өзіңізбен отырып, ақылдасайын деп едім. Қолдасаңыз. Бәле-жаладан сақтасын!», - дейді де, – Інім маған бәле жабады. Айтаққа ерген сен, мен емес. Ана кластас, мектептес бауырыңның «Аға, сіз көңіліңізге алмаңыз, Ринат ішіп алып, шегіп алып айта береді» дегеннен кейін кешіріп жүрдім. Ал шын ниетіңде саясаткер боламын деген ойда екенсің, ондай ойда болып айтсаң, ол дұрыс нәрсе емес»
деп бір тоқтайды экс-депутат.


Б.Тілеуханның күйінгені соншалық, видеоның ақырғы жағында інісіне ауыр сөздерін де айтыпты.


«Саясаткер болам десең, адам заң жаттап саясаткер болмайды. Адам тарихи заңдылықтарды меңгеріп саясаткер болады. Бірнәрсені біл. Ахмет, Міржақып, Әлихандарды атқан қасында жүрген қазақтар. Бірақ, сол оқ кейін өздеріне тиді. Сендер маған жабыспаңдар. Менің көзімді құртуға тырыссаңдар артынша бұл нәрсе сендерге келеді. Тарихтың заңдылығы солай. Ол мәселеден қатты байқаңдар. Енді ағалап тұрсың. Қазақ қазаққа деп жаның ашығанда жүрегің аузыңнан шығып кетейін деп тұр. Ал істеген шаруаң мынау? Бұл екіжүзділік пе, тексіздік пе? Ана кластасың айтқандай, терпиласың ба, чертсың ба? Мұны қалай түсінуге болады? Көп нәрсені, қазақты қазаққа айдап салғанның жаман екенін біліп тұрсың. Сөйтесің де осындай деп интервью бересің. Осыншама танымалдылықтың құлы болуға бола ма екен? Басында халық жайлы сөзді жаның ауырып айтқан шығарсың. Кейін бұл сенің елді шулатып қойып, мына жақтан қарап тұратын малтабарыңа айналды. Бауырларым, қойыңдар. «Әр қазақ – менің жалғызым» дейсіңдер де, төпелейсіңдер. Бәріңізге айттым ғой, мен саясаттан кеттім. Әлемдік этноспорт конфедерациясында қазақ дейтін ұлттың атынан Стамбул сияқты қалада жұмыс істеп жүрмін. Қазақтың абыройына жұмыс істеп жүрген адаммын. Неге бәрің шәуілдеп менің етегіме жармаса бересіңдер?! Ағайын, ақылға келіңіздерші!» - деп аяқтады Бекболат мырза.

Осыдан жарты күн өтер-өтпес Ринат Заитов та әлеуметтік желіде өз жауабын берді.


«Ассалаумағалайкум аса құрметті Бекболат аға. Маған жолдаған видеосәлеміңізді көрдім. Таңырқадым деп өтірік айта алмаймын. Осылай қабылдайтыныңызды сездім. Бірақ түсіндірмесін кездескенде беремін ау деп ойлағанмын. Оған мына әлеуметтік желідегі әңгіме өзіміз тоқтатпай, тыйылмайтын сияқты. Сондықтан бір сөзімді жеткізуге тырысайын.
Аға, өзіңізге былтыр ғана хабарласқандағы айтқан сөзім сол сөз. Мен сізді ештеңеге қарамастан, аға деп құрметтеймін, қайталанбас талант - деп жақсы көремін! Ал кейбір жағдайларда танытқан осалдығыңызды тура сынасам, ол- інілік назым, ақындық асаулығым. Ол өкпемнің орны бар деп ойлаймын. Себебі: қазіргі уақытта біздің елде ресми мәліметтер Қаңтардағы қырғынға сіздің дос тұтып жүрген азаматтарды күдікті танып, тергеу жүргізуде. Демек, егер ол мәліметтер рас болса, сіздің достарыңыздың жоспарларынан хабарсыз болғаныңызға сенбеймін. Ал өтірік болса, онда қазіргі билік бізді алдап, ақымақ көріп, жазықсыз адамдардың мойынына жүздеген адамның қанын артқалы тұр деген сөз. Сіздікі қайсысы? Не болса да, екі жағдайда да ештеңе көрмегенсіп, үндемей қалу сізге сын аға.
Жақсы. Жауап ойлап алтын уақытыңызды кетірмеңіз. Сізге бірдеңе дәлелдеп, ырылдасып таласу ойымда жоқ. Өйткені Қазақ онсыз да жан-жаққа топталып алып, қырық пышақ болып жатыр. Енді қалмағаны Бекболат Тілеухан мен Ринаттың жақтастарының шайқасуы ма? Құрысын. Айып етпеңіз. Ондай елге еш пайдасы жоқ, "өнбес өсектер" жарысына жүйкем мен уақытымды кетірмеймін.
Бекболат аға, сіздікі -"дұрыс", менікі- "ағаттық". Сіз-жақсы, мен-жаман. Осы жерден қойдым. Сіз де сөйтетін шығарсыз?...»
- деді Ринат Заитов.