«Кино үшін тағылды»: Әйгілі актер ASANALI нөміріне түсініктеме берді

0
1 431

«Тәртіп баршаға ортақ»


«Кино үшін тағылды»: Әйгілі актер ASANALI нөміріне түсініктеме берді

Әлеуметтік желіде мемлекеттік нөмірдің орнына ASANALI деген жазуы бар тақтайша орнатып алған Cadillac Escalade көлігінің видеосы пайда болды. Жол талғамайтын машина Қызылорда облысында кадрға ілінген. Бұған қатысты өңірдің полиция департаменті пікір білдірді.

Кадрдан жол талғамайтын көліктің трассада келе жатып, полиция көліктерінің жанына тоқтағанын, транспорттың алдында отырған ер адамға тәртіп сақшыларының амандасқанын байқауға болады. Бұны көрген желі оқырмандары Cadillac Escalade халық әртісі Асанәлі Әшімовке тиесілі екенін жеткізді. Олардың басым бөлігі әртістің бұл әрекеті заңға қайшы келетінін жеткізген. "Заң барлығына ортақ", "Мемлекеттік нөмірді барлығы тағу керек", "Асанәлі ағамызды құрметтеймін, бірақ бұл әрекеті дұрыс емес", "Жол ережесіне бағынғаны абзал" деді олар. Пікір білдіргендердің арасында Асанәлі Әшімовті "аңыз адамға" теңеп, әрекетін дұрыс түсінуге шақырғандардың да қарасы көп.

"Құрметке лайық кісі, қайталанбайтын адам ғой. Қалай құрметтесе де,соған лайық аңыз адам", "Енді осы жерде белгілі ғой. Кімнің іші тар екені. Кімге не зияны тиіп жатыр. Жүре берсін", "Сый құрметке лайық адам, тиіспей ақ қойсаңдар болатын еді", "Еркелесін, бұл кісіге жарасады" деді желі қолданушылары. Қызылорда облыстық полиция департаменті көптің талқысына түскен видеоға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, тәртіп сақшылары мемлекеттік тіркеу белгісі стандартқа сәйкес болмағандықтан Cadillac жол талғамайтын көлігін тоқтатқан. Тоқтату кезінде атақты кино, театр актері, режиссер Асанәлі Әшімовтің 85 жылдығына байланысты деректі фильм түсіріліп жатқаны белгілі болды. "Ескерту жасалғаннан кейін автокөлікке сол жерде тиісті мемлекеттік нөмірі тағылды", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Әйгілі актер Ұлттық арнадағы "1001 түн" бағдарламасына сұхбат беріп, өзінің мұндай қадамға неліктен барғанын түсіндірді.
"Құрметті, әлеумет! Мен қазір ғана жолдан келдім. Әлеуметтік желіде менің көлік нөмірім шу боп жатыр. Менімен бірге кино түсірілімі жүр, сол үшін ғана уақытша тағылған. Оны ылғи тағып жүрмеймін ғой, білемін ғой...Тәртіп бұзбасақ, кино тәртібін бұзбасақ, жарты мезгіл тағуға болады ғой кино үшін. Олар жолда түсірді, көшеде түсірді. Бұл менің документалды фильмімде шығатын нәрсе", - деді Асанәлі Әшімов.