«Көк тиын жинамадым»: Мақпал Жүнісова қызына дүние жимайтынын айтты

0
1 488

«Неге мен оған жинауым керек?»


«Көк тиын жинамадым»: Мақпал Жүнісова қызына дүние жимайтынын айтты

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова көп тойларға тегін баратынын айтып, бала тәрбиесіне қатысты принциптерімен бөлісті.


– Мен негізі көп тойларға тегін барамын. Өйткені, менің құда-құдағиларым көп. Үйде көп ағайындымыз. Құданың құдасының құдасына тегін барамын. Құдаға «Маған ақша төлесін» деп айтпайсың ғой. Мен қалай ақша жинаймын, солай туғандарыма, жиен қыздарға таратып беремін. Әулеттегі балалардың балаларының баласын бағып жатырмыз.


– Өзіңіздің қызыңызға жинап жатырсыз ба?


– Көк тиын жинаған жоқпын. Қызым менен «Мама, маған ақша жинамай жатырсың ба?» деп сұрады. Мен: «Неге мен саған жинауым керек? Менің әкем маған ақша жинаған жоқ, қызым. Әкем шопыр болған. Мені оқытты, дүниеге әкелді, соған тәубе. Қызыма үйімді қалдырамын.


«Мен саған бәрін дайындап берсем, сен нағыз сорлы боласың. Өйткені, мен мәңгілік емеспін. Ешкім де мәңгілік емес. Бәрі уақытша. Сондықтан, сен қазірден бастап өзіңе жоспар құруың керек. «Қалай мен ақша табамын, қай жағы маған ыңғайлы?» деп ойлауың керек. 4 тіл біледі екенсің, аударма жаса, тіл үйрен» дедім. Сосын ол ағылшыннан сабақ беріп, айына 130-140 мың теңге тапты. Ол ақшасын алғанда «Мама, мен өзім таптым» деп қуанып келді, - дейді Мақпал ханым.



Желідегілер халық әртісінің ұстанымына риза болысып жатыр.


«Өте тамаша ойын айтты, Мақпал Жүнісова. Нақты, бала тәрбиесі жайлы айтқаны. Маңдай термен тапқан нан тәтті болады», «Өте орынды тәрбиелі мағыналы жауап берді, жалғыз қызым деп кеудесін соғып тұрған жоқ. Жарайсың, Мақпал!», «Ақылыңыз теңіздей ғой, әпкем, ғұмырлы болыңыз!», «Ақыл ретінде өзіме қабылдадым, керемет кеңес», «Өте дұрыс айтасыз, әкенің малы балаға мал болмайды дейтін бұрын үлкендер» деген сияқты пікірлерді оқуға болады.


Ал кейбір оқырмандар халық әртісінің сөздеріне сенімсіздік танытты. «Дұрысы дұрыс қой, бірақ, тура осыны Мақпал істемейді. Қызы күйеуге кетсе, дүркіретіп ұзатып, дүниесін апарады. Тірі жүрсек оны да естиміз. Айтып тұрғаны жәй ғана сөз» деп жазды. Бұл пікірге Мақпал ханым: «Алла қаласа, туысқандар қосылып дүркіретеміз. «100 адамнан асырма» деді Мерей», «Өтірік емес, ақылы бар, білімді баланы жата бер, менің табысым жетеді деп айту да баланың болашағына зиян болады, ең болмағанда өзінің ұсақ-түйегіне, көлігінің бензиніне тапса да шүкір ғой», - деп жауап берді.