Мөлдір Әуелбекова: "Махаббатымды күтіп жүрмін"

0
2 667

Әнші Мөлдір Әуелбекова басты рөлді сомдайтын кино көрерменге жол тартпақ.


Мөлдір Әуелбекова:

фото: Мөлдір Әуелбекованың инстаграм парақшасынан алынды.

"Ел Арна" телеарнасының бастамасымен 8-наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында "Гүлмін" атты қысқа метражды көркем фильм көрерменге жол тартпақ. Әлемдегі әдемілікті әсерлі көрсете білген, романтикаға толы кинода әнші Мөлдір Әуелбекова басты рөлді сомдайды. Бұл туралы халықтың гүл қызы "Хабар" арнасындағы "Таңғы хабардағы" сұхбатында айтты.

Жарқын көріністерімен ерекшеленетін туындының жарыққа шығуына әншінің "Гүлмін" атты әнге түсірілген бейнебаяны себеп болған көрінеді. Сондай-ақ дәл осы ән киноға саундтрек ретінде алынған.

Мерекелік киноға түсуге әнші бірден келісім бермеген. Оқиға желісінің шарықтау шегіне дейін қарап, ойлана келе келіскен. Сонымен бірге, көркем туындыда әншінің шәкірттері де бой көрсететін болады.

"Фильмнің режиссері Батырбек аға, бірден ұсынысты қабылдамадым. Бірінші бәрін біліп алдым, не туралы екенін сұрап алдым. Енді біз Хабар арнасымен тығыз байланыста болған соң ұсынысты қабал алдым. Мен өз шәкірттерімді кастингте "Менің қыздарымды шақырып көріңіз" деп ұсынған болатынмын. "Назар" тобын... Сонымен қатар "Қазақконцертте" жаңа жобалар аштық. Төрт жігіттен құралған "Дарын" тобы және жігіт пен қыздан құралған "Дара" топтары жұмыс бастап жатыр. Осы жігіт, қыздардың барлығын режиссер шақырды. Әрине, барлығы болмаса да кастингтен өткендер киноға түсті" , - деді әнші.

Түсірілімі бар-жоғы бір аптада аяқталған көркем фильмнің оқиға желісі махаббатқа, сезімге толы. Әдемілігімен баурап, хош иісімен жаулап алатын гүлдердің ортасында отырған Еңлік есімді сұлудың жүрек жылуын, сезімінің сыңғырын баяндайды. Айтпақшы, кинода басты рөлді кескіндейтін әнші Мөлдір Әуелбекова да өмірде өз махаббатын күтіп жүргенін айтты.

"Кино махаббат жайлы. Енді мен өзім де өмірде махаббатымды күтіп жүрмін. Соған қатты ұқсас. Кинодағы Еңлік пен менің ішкі дүниеміз қатты ұқсайды, Нәзіктігі мен сабырлығы бар, романтиканы жақсы көреді", - деді Мөлдір ханым.

Айта кетейік, туынды 8 наурыз күні "Еларнада" көрермен назарына ұсынылады.

ERNUR.KZ