Мұхтар Ниязов: “Жүрсін ағаға көзім түсіп кетсе, көңілім босайды”

0
6 925

“Ет пен сүйектен жаралған әлсіз пендеміз ғой, өмірдің бар шындығын білсек те толық мойындауға сабырымыз жетпей жатады”, - дейді айтыскер.


Мұхтар Ниязов: “Жүрсін ағаға көзім түсіп кетсе, көңілім босайды”

Белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов айтыстың ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманды көріп, көңілі босағанын жасырмайды. Айтыскерлер ақын, айтыс жанашыры болған Жүрсін Ерманды “әкелеріндей” көретінін бұрыннан жиі айтатын. Соңғы бір жылда Жүрсін Ерман сырқаттанып, сахнадан көрінбей кетті. Жақында Қызылжарда өткен айтысқа Жүрсін Ерман да барған.

Ол туралы Мұхтар Ниязов: “Сәпсем бос адаммын ғой:) Жүрсін ағаның күндей күркіреп, жасындай жарқылдап жүрген сәттерін ғана көрген соң ауырып қалғалы көзіне көзім түсіп кетсе көңілім босап қоя береді. Кешегі Қызылжардағы айтысқа сау адамның жетуі оңай болған жоқ, жердің мойыны алыс қой. Екі күн өте жақсы айтыс өтті. Шұғайып інім бас жүлде алды. Ерекше қуандық. Ақындығы да, адамдығы да ерекше жігіт. Басқа ақындарды да құттықтаймын. Айтыстан кейін көптен сағынсып жолыққан соң Жүрсін ағаға барып, әбден құшақтап, сосын қанша адамның көзінше жылап толқып тұрғаным ұят болар деп оңаша шығып кеттім. Ет пен сүйектен жаралған әлсіз пендеміз ғой, өмірдің бар шындығын білсек те толық мойындауға сабырымыз жетпей жатады. Содан көзімнің жасын сүртіп, өзімді енді ретке келтіріп жатсам, Рүстем құрдасым жетіп келіп “не боп қалды, Мұха?” дейді, сол жыламсырған күйі Русяға қарап “бас бәйгені Шұғайып алып кетті ғой, Руся, мен не істеймін, не жаздым соншама” деп құшақтап алғанмын:) Ол досым да менің көңілімді аулап жүреді ғой өмір бойы, жұбатып әлек боп жатыр. Мен “еңкілдеп жылап” сылқылдап күліп жатырмын:) Солтүстістік Қазақстан облысының әкіміне, Жарқын Жұпархан бастаған барша ұйысдастырушыларға мың алғыс. Мағжанның тойы дүркіреп өтті. Ерлан Жақанұлының сөзі де өте шынайы шықты. Басы бұлттан арылмаған Мағжан ақынның күні енді туып келе жатыр, оның жалынды жырлары, өміршең идеялары ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға жалғаса берсін! Ел аман, жұрт тыныш болсын!“ деп жазды.


Бұл жазба мен суретті көрген айтыс сүйер қауым Жүрсін Ерманға саулық тілеп, жақсы тілектерін жарыса жазып жатыр