​«Назарбаевқа орамалды қыздар ұнамайды»: Белгілі блогер орамалды не үшін шешкенін айтып берді

0
2 371

«Орамалым үшін әуежайда тергеуге алды»


​«Назарбаевқа орамалды қыздар ұнамайды»: Белгілі блогер орамалды не үшін шешкенін айтып берді

Шоу-бизнес саласында жүрген сценарист, блогер Перизат Мырзахмет журналист Асхат Садырбайдың «Парадокс» жобасына сұхбат беріп, орамал тағып жүрген кезін еске алды.


«... Рас, мен орамалды тағып, соңынан шештім. «Неге шештің?» деп сұрайтындар көп. Бірақ мен қазір нақты себебін айтып беруден шаршадым. Себебі не айтсаң да адамдар оны қабылдамайды. Сондықтан «шешкім келді, шештім» деп қоя саламын.


2010-жылы Алматыға көшкен кезде менде бәрі керемет болды. Ештеңеден таршылық көрмедім. Бір күні «Құдайға рахмет айтатын сәт келген шығар» деген ой келді. Қазір «иманың әлсіреген», «сен намазды тастаған жоқсың, намаз сені тастады» деген пікір айтылады. Мен білмеймін, Құдайдың жазғаны сол. Маған «шеш» деген бұйрық келді, мен орындадым.


Қарағандының 80 жылдығын ұйымдастыру үшін маған сценарий жазу тапсырылды. Нұрсұлтан Назарбаев іс-шараға қатысады деген хабар жетті. Мені стадионның күзетшісі кіргізбей қойды. «Орамалмен кірмейсің, Назарбаевқа ол ұнамайды, қазір командадан шығарып жібереміз» деді. Динара Адам «Өтініш, команда үшін шеше салшы. Тым болмаса әшейін шапка кие салшы» деді. Біраз уақыт шапкамен жүрдім.


Бір күні тағы сол Динара Адаммен «Риксосқа» танымал бір адаммен кездесуге бардық. Ана кісі мені көрген кезде орнынан тұрды да, кетіп қалды. Динара сасқалақтап «не болды» деп сұрап еді, «Маған хиджап киген қыздар ұнамайды» деді. Мен сценарист боп барып тұрмын, орамалымның еш қатысы жоқ. Бірақ Динара тағы да «сен шыға тұршы» деді. Сол кезден бастап орамалдың менің жұмысыма кедергі келтіре бастағанын түсіндім» дейді блогер.


Блогерді Түркиядан келген кезінде орамалы үшін бейтаныс екі жігіт тергеуге алған көрінеді.


«Ол кезде аяғым ауыр еді, гармондарым ойнап жүрген кез, жылап жібердім. «Сен неге намаз оқисың, Түркияға не үшін бардың, кім саған намазды үйретті, сенің ұстазың бар ма, ата-анаң қандай?» деген сұрақтар қойды. Ақырында «болды, мен шешемін, керек емес маған мынау» дедім. Қорлық қой кәдімгідей. Ана жерде ұшақтан мас боп түскен адамдар болды. Оларға ешкім тиіскен жоқ. Ішімнен барлығы дұрыс болса, кісі өлтірмесем, ұрлық жасамасам, өтірік айтпасам, өсек тасымасам, маған мұндай орамалдың керегі жоқ екен» дедім де, шешіп тастадым» деді Перизат Мырзахмет.