Ондайда "бас істемей" қалады: Тұрсынбек Қабатов елбасының айтқан сөзін мазаққа айналдырды (видео)

0
2 562

Осы сөзін бұрынғы қызметінде жүргенде айта алар ма еді, әттең...


Ондайда

ERNUR.KZ. Қазір әлеуметтік желілерде әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың сахна төрінде тұрып, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа қарата айтқан сөзін келеке еткен видеосы кеңінен тарап жатыр, деп жазады Skifnews.kz.

Еске сала кетсек, былтыр елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында мемлекеттен көмек сұрай беретін азаматтарды сынға алған болатын.


«Әлі есімде, бас кезінде қиын болды. Жұмыс жоқ, жалақы жоқ, дүкен сөрелері бос тұрды. Сонда бәрі «бер, бер» деп отыратын. Мемлекетте ақша жоқ болса, қайдан береміз? Бірақ, қазір сол 30 жыл бұрын болған ұрандарды көтеріп жүр. «Маған бер, балаларым көп» дейді, «жалақым аз, тағы бер» дейді. Бас кезінде нені ойладың? Бұл – сенің проблемаң. Сен мемлекетпен ақылдасқан жоқсың ғой», - деген-ді сонда Назарбаев.

Ал Тұрсынбек Қабатов халық атынан шығарған монологында дәл сол сөзді елбасы емес, жалпы шенекуніктер айтып жатқандай етіп көрсеткен.

«Бізде 6 бала болды. Мен бұны түсінемін. Бірақ, кейбір депуттар, министрлер «сіздер бала жасағанда бізбен ақылдассаңдаршы» деп жатыр. Мен таң қаламын негізі. Ондай сәтте ешкіммен ақылдаспайсың ғой енді. Қалай ол? Ондайда «бас істемей» қалады емес пе?..

Мысалы, әйеліңді әдемі етіп киіндіріп алып, агенттік пе, әкімдік пе, министрлік пе... біреуіне ерте барып: «Сәлеметсіз бе?» - деп тұрсаң, ондағылар: «Сіздерге не керек?» - дегенде: «Ештеңе керек емес. Жай... ақылдасайық деп едік...» - десең, «Ақылдасқаны қалай?» - дегенде, «Ендііі... Қалай айтсам екен... Кешке жоспар бар еді негізі... Сол туралы сізбен ақылдасайық деп едік... Бола ма, болмай ма, жалпы?..» - дегенің ыңғайсыз ғой, иә?» - дейді қалың көрерменін жеңіл-желпі әзілмен күлдіріп дағдыланған Тұрсынбек.

Оған әзіл тамашалап отырған жұрт қыран-топан! Көздерінен жас аққанша ішек-сілелері қатып, аса ризашылықпен тыңдап шықты.

Ал бұдан қандай ой түюге болады? Шынымен де 30 жыл бұрынғы сарыннан жаңылмай, тек мемлекетке алақан жайып, көшеде ереуілдете берген дұрыс па, әлде жалқаулықтан арылып, әркім өзгерісті өзінен бастауы керек пе?..

Қалжың қалжыңымен ғой, «Ал, бала жасау үшін барып, мемлекетпен ақылдасайық!» дегенді кез келген қылжақбас айта алады. Өйтіп біреуді кекету арқылы елді арзан күлкіге қарық қылғаннан гөрі, тура осы тақырыппен-ақ әркімнің көкейінде біртүйер ой қалдырарлық деңгейде өнер көрсету керек еді...

Ал елбасы ше? Осы сөзін бұрынғы қызметінде жүргенде айта алар ма еді, әттең...