Әнші қалаға еңбек етуге, бірге өркендеп, тарих жазуға келгенін айтты.
Фото: instagram.com/toregalitoreali
ERNUR.KZ. Танымал әнші Төреғали Төреәлі отбасымен бірге Астанадан Түркістанға қоныс аударды, деп жазады stan.kz.
Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
“Біз Түркістанға көшіп келдік. Бұл – жай ғана мекен ауыстыру емес. Бұл – жүрекпен қабылданған шешім. Түркістан – тарихтың үнін сақтаған, уақыттың тынысын сездірген, рухтың тамыры тереңге кеткен қасиетті шаһар.
Бұл қалада үнсіздік те мағыналы. Бұл жерде әрбір көше, әрбір тас – шежіре. Өткен мен болашақ бір-біріне қарсы тұрмайды, керісінше, бірін-бірі толықтырып, жалғастырып тұрады”, – деді ол.
Әнші киелі қаланы саналы түрде таңдағанын жеткізді.
“Біз бұл қаланы саналы түрде таңдадық. Түркі әлемінің рухани астанасы атанған осы мекеннің болашағына сенеміз. Түркістан киелі орталық қана емес, ол – жаңғырудың, жаңарудың, жасампаздықтың кеңістігі”, – деп жазды ол.
Төреғали мұндай шешім қабылдауына балалары себеп болғанын жазды. Сондай-ақ ол із қалдыратын істер атқарғысы келгенін алға тартты.
“Отбасымызбен осында қоныстандық. Балаларымыз тамырын сезініп өссін деп. Жасаған ісіміздің мағынасы терең болсын деп. Тек жобалар емес, із қалдыратын істер атқару үшін”, – деп жазды ол.
Әнші қалаға еңбек етуге, бірге өркендеп, тарих жазуға келгенін айтты.
“Киелі мекеннің келешегі – оның бүгінгі қадамына байланысты. Ал біз сол қадамның нық, саналы, батыл болғанын қалаймыз. Түркістан – тек өткеннің мұрасы емес. Ол – болашақтың уәдесі”, – деп жазды ол.


