Ол өзіне сенім артқан әріптестеріне алғыс айтты.
Фото: @yessenali_aikerim
ERNUR.KZ. Медиа саласындағы тәжірибелі маман Әйкерім Есенәлі Орда FM радиосының директоры қызметіне тағайындалды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Бұл, әрине, үлкен жауапкершілік, әрі сенім. Астана мен Алматыда тыңдарманын тапқан радионы жаңа мүмкіндіктерге жетелеу - алдағы мақсатым. Сенім артқан әріптестер, медиаменеджерлерге алғыс айтқаным орынды болар. Бұл жай ғана жаңа қызмет емес, мен үшін шығармашылық пен жауапкершіліктің жаңа кеңістігі», - деп жазды журналист.
Ол алдағы уақытта Орда fm-де қызықты жобалар мен тың бастамалар болатынына уәде берді.
Әйкерім Есенәлі 2004-2008 жылдары Қорқыт Ата университетінде филология мамандығы бойынша білім алған.
2008-2010 жылдары «Қазақстан» арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасында, 2010 жылы «Хабар» агенттігінде редактор-жүргізуші болды. 2010 жылдан бері «Love Radio» радиосында жұмыс істейді.
2013-2014 жылдары «Әйел бақыты» ток-шоуын, 2015 жылы «Қазақстан дауысы» мен «Сәлем, Қазақстан!» жобаларын жүргізді. 2016-2019 жылдары бірнеше телеарнада бас продюсер, жүргізуші, департамент жетекшісі қызметтерін атқарды.
2020 жылы «Егіз-лебіз» мегажобасын, 2022 жылдан бастап «Өмір көркем» бағдарламасын жүргізіп келеді. Сондай-ақ, Сенат пен стратегиялық институттарда PR және сарапшылық қызметтер атқарған.