Балабақша ТӘРБИЕШІЛЕРІНЕ арналған қызықты ЖИ құралдары

0
214

Жасанды интеллект баланың қиялын оятып, тілін дамытып, әлемді тануға алғашқы қадам жасауға көмектесетін құрал.


Балабақша ТӘРБИЕШІЛЕРІНЕ арналған қызықты ЖИ құралдары

сурет: mama.ru сайтынан

Қазіргі балабақша – жай ғана ойын мен қарапайым сабақ өтетін орын емес. Бұл – баланың қиялы оянып, тілі дамып, әлемді тануға алғашқы қадам жасайтын кеңістік. Ал сол кеңістіктің басты кейіпкері – тәрбиеші. Бірақ мойындайық, бүгінгі тәрбиешінің жұмысы бұрынғыдан әлдеқайда ауыр: құжат, жоспар, ата-анамен байланыс, балалардың әртүрлі мінезі, эмоциялық жүктеме. Осындай сәтте жасанды интеллект – тәрбиешіні алмастыратын емес, керісінше оны жеңілдететін, қолдайтын көмекші бола алады. Ең бастысы – оны дұрыс әрі орынды пайдалану.


1. Ертегі мен әңгіме құрастыруға – ChatGPT

Балабақша тәрбиешілері үшін ең қолайлы әрі әмбебап құралдардың бірі – ChatGPT. Бұл платформа арқылы тәрбиеші баланың жасына сай қысқа ертегілер, тәрбиелік мәні бар әңгімелер, кейіпкерлері жануарлар немесе балалар болатын оқиғаларды оңай құрастыра алады. Мысалы, «достық», «тазалық», «үлкенді сыйлау» сияқты тақырыптарды енгізсеңіз, ЖИ сол идеяны ертегі тілімен жеткізіп береді. Ең ыңғайлысы – тәрбиеші дайын мәтінді өзгертіп, өз даусымен айтып, тірі эмоция қоса алады. Бұл құрал шығармашылықты тежемейді, керісінше ойды жылдамдатады.


2. Сабақ пен ойын сценарийіне – MagicSchool AI

MagicSchool AI – педагогтарға арнайы жасалған ЖИ платформасы. Бұл құрал арқылы балабақшаға арналған ойын-сабақ жоспарларын, дамытушы тапсырмаларды, тақырыптық іс-шара сценарийлерін құрастыруға болады. Тәрбиеші баланың жасын, тақырыпты және мақсатын көрсетсе жеткілікті. ЖИ ойын элементтері бар, қимыл-қозғалысқа негізделген, баланың зейінін ұстайтын жоспар ұсынып береді. Әсіресе тәжірибесі аз жас тәрбиешілер үшін үлкен қолдау.


3. Сөйлеу мен тіл дамытуға – Speechify

Балалардың тілін дамытуда Speechify платформасы тиімді. Бұл ЖИ мәтінді дыбыстап оқып береді, сөздерді анық әрі дұрыс айтуды үлгі ретінде ұсынады. Тәрбиеші қысқа мәтіндерді немесе сөздерді таңдап, баламен бірге тыңдатып, қайталатуына болады. Әсіресе сөйлеуі кеш дамып келе жатқан немесе дыбысты дұрыс айта алмайтын балалар үшін пайдалы. Балалар бұл процесті «сабақ» емес, ойын ретінде қабылдайды.


4. Ата-анамен байланысқа – Canva AI

Canva AI – тек дизайн емес, тәрбиеші мен ата-ана арасындағы байланысты жеңілдететін құрал. Бұл платформа арқылы апталық ақпараттық парақшалар, баланың жетістігі туралы қысқа хабарламалар, іс-шараға шақырулар әдемі әрі түсінікті форматта жасалады. ЖИ мәтін ұсыну, қысқарту, көркемдеу жағынан көмектеседі. Нәтижесінде ата-ана ақпаратты қызығушылықпен оқиды, ал тәрбиеші уақытын үнемдейді.


5. Тәрбиешінің кәсіби және эмоционалдық дамуына – Mindsera

Тәрбиешінің ішкі күйі – балаларға тікелей әсер ететін фактор. Mindsera – ойды реттеуге, күнделікті эмоцияны жазып шығаруға көмектесетін ЖИ платформасы. Бұл құрал тәрбиешіге өз күйін талдауға, күйзелістің себебін түсінуге, ішкі тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Яғни ЖИ бұл жерде әдіскер емес, тәрбиешінің «ішкі тірегі» рөлін атқарады.


Балабақшада ЖИ қолдану – баланы экранға телмірту емес. Бұл – тәрбиешінің уақытын үнемдеп, энергиясын балаға арнауына көмектесетін ақылды көмекші. Әр құрал өз орнында, өз мақсатына сай қолданылса, тәрбиеші де жеңілдейді, бала да ұтады.