Желіні шулатқан МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ: "Баланың бойына білімнен бұрын сенім ұялату керек"

0
227

№58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртаза — дәстүрлі мектеп басшыларының бейнесінен өзгеше, оқушылармен заманауи тілде сөйлесіп, әлеуметтік желіні тиімді пайдалана білетін жаңа буын ұстазы.


Желіні шулатқан МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Соңғы кездері TikTok пен Instagram желілерінде көптің назарын аударған бір ерекше тұлға – Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртаза. Ол — дәстүрлі мектеп басшыларының бейнесінен өзгеше, оқушылармен заманауи тілде сөйлесіп, әлеуметтік желіні тиімді пайдалана білетін жаңа буын ұстазы.


Мектеп директоры ма, блогер ме?

Көпшілік Ақмоншақ Нұртазаны алғашында TikTok-тағы бейнероликтері арқылы таныды. Ол онда оқушылармен би билеп, ойын ойнап, мектептегі күнделікті өмірдің қызықты сәттерін бөлісіп отырды. Бұл видеолар лезде вирустық сипатқа ие болып, мыңдаған қаралым мен пікір жинады. Желі қолданушыларының бірі оны "TikTok жұлдызы директор" деп атаса, енді бірі "оқушыға дос бола алған басшы" деп бағалады.

Алайда мұндай ерекше тәсілдер бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. Кейбір қолданушылар:


"Мектеп тәртіп пен тәрбие орны, шоу емес!",
"Директор емес, вайнер сияқты",
"Солай желіге шығу үшін оқушылармен билеудің қажеті жоқ!"
деген пікірлер жазып, оның беделін түсіруге тырысты. Бірақ бұндай сындарға Ақмоншақ Нұртаза байыппен, сабырмен жауап беріп отыр. Ол өз миссиясын былай сипаттайды:


"Қазіргі заманның баласын тек оқу бағдарламасымен қызықтыру қиын. Олар визуал, эмоция, еркіндік тілінде сөйлейді. Егер мен сол тілді білмесем, олармен арадағы көпір үзіледі. Менің мақсатым – сол көпірді сақтап қалу."

"Мен өзімді TikTok-та көрсету үшін емес, оқушыны түсіну үшін сол ортада боламын. Егер олар сол кеңістікте отырса, мен де сол жерде болуым керек. Бірақ мен тәрбиеші ретіндегі жауапкершілігімді ешқашан ұмытпаймын."


Желіде оған бағытталған хейт қанша көп болса да, қолдаушылар одан да артық. Әсіресе жас мұғалімдер мен ата-аналар оны жаңашылдықтың символы ретінде қабылдауда:


"Менің балам мектепке құлшынып барады. Бұрын үнсіз еді, қазір директорын мақтап отырады. Демек бұл — педагогикалық жетістік", - дейді ата-ана Жандәулетова Сара.

"Білім беру жүйесінде жылулық пен адамдық қарым-қатынас жетіспейді. Ақмоншақ ханым соны қайтарып жатыр", "Ол бізге үлгі. Біз де мектепті тек сабақ орны емес, өмір мектебі етуіміз керек" деген де жайлы пікірлер айтылуда.


Сондай-ақ кейбір ата-аналар оған арнайы алғыс хат жолдап, мектеп ішіндегі атмосфераның өзгергенін айтып, оң пікір білдірген.


Ақмоншақ Нұртаза — тек директоры ғана емес, өзгерістерге бастайтын көшбасшы. Оның ұстанымына сүйенсек, бүгінгі мектеп баланың бойына білімнен бұрын сенім ұялатуы керек. Ал ол сенім қарым-қатынас пен ашықтық арқылы қалыптасады.

Ол «формадан» гөрі мән мен мазмұнға көңіл бөлуді жөн санайды. "Ұстаздың киіміне емес, ішкі дүниесіне, жүрегіне қарау керек", – дейді ол өз сұхбатында. Осы пікір де желіде қызу талқыланып, мыңдаған адам қолдау білдірген болатын.


Ақмоншақ Нұртаза — дәстүрлі мектеп жүйесін бұзбай, заманауи тәсілдерді қосып, жаңа буын оқушыларына әсер етіп отырған тұлға. Ол — өз уақытын, аудиториясын, баланың жандүниесін түсінетін ұстаз. Қоғам ішінде түрлі пікір туындағанымен, бастысы – ол бүгінгі оқушының жүрегіне жол таба алды.

Ақмоншақ Нұртаза тек мектептің емес, қоғамның да тәрбиесіне үлес қосып жүрген педагог. Оның әрекеті арқылы білім беру жүйесінің жаңа бағыты – баланың тұлғасын тану, онымен тең дәрежеде сөйлесу, шабыт беру екенін аңғарамыз.