Астаналық ОҚУШЫЛАРДЫҢ жобасы СТЭНФОРД ғалымдарын таңғалдырды

0
193

Астаналық оқушылар VoiceX деп аталатын құрылғы ойлап тауып, дауысынан айырылған адамдарға қайтадан табиғи сөйлей алу мүмкіндігін сыйлауда.


Астаналық ОҚУШЫЛАРДЫҢ жобасы СТЭНФОРД ғалымдарын таңғалдырды

Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары бірегей жаңалық ашты. Олар VoiceX деп аталатын құрылғы ойлап тауып, дауысынан айырылған адамдарға қайтадан табиғи сөйлей алу мүмкіндігін сыйлауда.

Қазіргі қолданылып жүрген технологиялар көбіне механикалық дыбыспен ғана шектеледі. Ал VoiceX көмейдегі микродірілдерді анықтап, оларды адамның өз дауысына айналдырады. Нәтижесінде адамның тембрі, интонациясы мен эмоциялық бояуы сақталады, сөйлеу шынайы әрі табиғи естіледі.

Бұл жобаның қарапайым көрінгенімен, артында күрделі инновациялық жүйе бар. Арнайы сенсорлар сөйлеуге талпыныс кезінде көмейде пайда болатын микродіріл мен шуды тіркейді. Ал ESP-32 контроллеріне негізделген интеллектуалды жүйе сигналды өңдеп, дауысты қалыптастырады. Күшейтілген сигнал мойынға бекітілген шағын вибромоторлар арқылы беріледі. Соның арқасында айналадағы адамдар динамиксіз-ақ таныс әрі эмоцияға толы дауысты ести алады.

Жобаның авторлары – 10-сынып оқушылары Бекжан Бақыт, Ажар Мырзабек, Жания Серік және Айзере Сәрсенбек. Олар қазіргі таңда үлкен жетістікке жетіп отыр: VoiceX Астана медицина университетінде сынақтан өтті, команда Samsung ұйымдастырған Solve For Tomorrow 2025 және Diamond Challenge 2025 (Startups) халықаралық байқауларының жартылай финалына шықты. Сондай-ақ жобаға Стэнфорд пен Оңтүстік Калифорния университеттерінің профессорлары оң бағасын беріп, оның әлеуетін жоғары деп атады.


VoiceX идеясын қалай таптыңдар? – деп сұрадық жобаның авторларының бірі Жания Серіктен.


– «Біз әлеуметтік мәні бар жобаны жасағымыз келді. Дауысынан айырылған адамдардың қандай қиындық көретінін білген соң, осы бағытты таңдадық. Бастапқыда тек тәжірибе ретінде бастадық, бірақ алғашқы нәтижелер бізді қанаттандырды. Енді құрылғыны жетілдіріп, көпшілікке қолжетімді етуді мақсат етіп отырмыз», – дейді ол.


Жас өнертапқыштардың бұл жобасы жай ғана мектеп тапсырмасы емес, мыңдаған адамның өмірін жеңілдететін технологияға айналуы мүмкін. Статистика бойынша, әлем халқының 20%-дан астамы әртүрлі дауыс бұзылыстарына тап болады. Мұндай инновациялар олардың оқшауланудан, психологиялық қиындықтардан құтылып, қоғамға еркін араласуына жол ашады.

Қазіргі таңда команда құрылғыны жетілдіріп, мамандармен бірлесе жұмыс істеуде. Олар жаңа серіктестер іздеп, VoiceX-тің келешекте медицинада кеңінен қолданылуына күш салып жатыр.


VoiceX – бұл тек технология ғана емес, үміттің символы. Жасөспірімдер өз білімдері мен батылдығының арқасында әлемдік деңгейдегі инновацияға жол ашып, ғылымның қоғам игілігі үшін қызмет ете алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.