2020 жылы бақытты болудың 7 СЫРЫ

0
3 741

Осы аталған жетеуге қиянат жасамасаңыз, сізден бақытты және дені де, жаны да сау адам болмас!


2020 жылы бақытты болудың 7 СЫРЫ

«Өтіп жатқан жылдар өтпейтін пышаққа ұқсайды. Өтпейтін пышақпен бір нәрсені егей-егей екіге бөлесің. Сол сияқты жылдарда егеліп адам өмірін екіге – жастық пен кәрілікке бөледі. Екіге бөлінген өмір шытынаған шыны сияқты, қайта бірікпейді, ақыры сынып тынады» дейді қаламгер атамыз Әзілхан Нұршайықов.


Жас ұлғайған соң тамшыдай болса да сауапты, игі іс істеп, жастардың санасына пайдалы ой сіңіргің келеді екен. Мен бұрын көп сөйлейтін әжемді түсіне бермейтінмін. Бірақ, оның айтқан ақылман сөздері жадымда сақталыпты. Қазір өзім де әже болдым, - дейді Райкүл апа.


Райкүл апаның айтқаны бақытты болудың жолын іздеген оқырманға ой салады деп ойлаймын.


Райкүл апа: Бала күнімде әжем «Қызым, бақытты өмір сүргің келсе, «жеті аманатқа қиянат жасама» деп отыратын. Бес күндік жалғандағы көрер қызығымыз бен қуанышымыз өзіміздің іс-әрекеттерімізге байланысты екенін мен ол күндерде түсіне бермеуші едім. Бақытты болу үшін, ең алдымен жан-дүниенің тазалығы мен адами қасиеттеріміз алғы шекте тұру керектігін кейін ұқтым.

Енді мен де кейінгі буынға осы жеті аманатқа қиянат жасамауды үгіт-насихат еткенді жөн санап, хат жолдап отырмын.


ТІЛ АМАНАТЫ


«Тоғыз күнәнің бірі – тілден келеді» дегенді естігенбіз. Бірақ бізге артылған тіл аманатын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Тіл аманаты тек жан жадыратар жақсы сөздер мен жарасымды әзілдерді сөйлеу ғана емес, әрқашан шындықты, әділін, адал ақиқатты айту.

Адамдардың береке бірлігі мен өзара сүйіспеншілігін бүлдіретін, ара-қатынасын суытатын, өштік-қастығын қозғайтын, ұрыс-керіс тудыратын өсек-аяң мен жалған мақтаннан аулақ болуды қалайды. Барша адам баласына «Жақсы сөз сөйлесе, ауыздан гүл төгілетінін, жаман сөз сөйлесе, ауыздан жын төгілетінін» ерекше ескертеді.



КӨЗ АМАНАТЫ


Күнәға батыратын сөзден кейінгі – көз. Көз аманаты – адамдық ар-намыс пен салт-дәстүр жол берген ұнамды игі нәрселерге ғана түсіп, жаман нәрселерге көз сүзіп, көңіл аудармауды тілейді.

Көз аманаты сұғанақ, қызғаншақ, тойымсыз, ашкөздіктен сақтайды. Көзбен көргенді, құлақпен естігенді жасыру да кез келген адам үшін оңай шаруа емес. Бірақ үшінші аманат – құлақ аманаты.



ҚҰЛАҚ АМАНАТЫ


Құлақ аманаты – өнер-білім, үлгі-тағылым, насихаттарын, әр түрлі пайдалы ақыл кеңестер мен даналық сұхбаттарын ғана тыңдап, адамдардың өзара сенімі мен достық сүйіспеншілігін суытатын суық сөз, сумақай өсек-аяңға мүлде түрілмеуді, мүлде естімеуді талап етеді.

Құлақ аманаты кім көрінгеннің аузын аңдитын сүйкімсіздіктен, арамзалықтан, тыңшылықтан сақтайды. Тіл аманаты сақталмаса жүрек зардап шегеді.



ЖҮРЕК АМАНАТЫ


Жүректің аманаты бүкіл жан мен тәнді таза қан, таза мінез-құлықпен қамтамасыз етіп отыруды талап етеді. Қатыгездік, қараниеттілік, зұлымдық, менмендік, озбырлық, ашкөздік, тойымсыздық, қызғаншақтық, көрсеқызарлық, өзімшілдік, пайдакүнемдік, жағымпаздық, құлшылдық сияқты жағымсыз, жаман қылықтардан аулақ болуды аманаттайды. Осы жаман қасиеттерден жүрек таза болса, онда аяқ тура жолдан адаспай, қол ұрлыққа бармайды.


ҚОЛ АМАНАТЫ


Қолымыз өзінің тазалығын, адалдығын, тиесілі болмаған нәрселер мен өзгелердің дүние мүлкіне сумаңдап, сұғанақтық жасамауды, қайырлы, жомарт болуды талап етеді.

«Оң қолыңа, сол қолың араша болсын» деп екі қолды жамандыққа, сұмдыққа, арамдыққа барудан шектеп отырады.


АЯҚ АМАНАТЫ


Аяқ аманаты адамдық ақ жолмен жүруді, біреудің ала жібін аттамауды, ылғи да жақсылық пен игілікті істерге асығып, қайырлы істерге көбірек барып, әрбір қадамды құт-береке мен нұрға бөлеп жүруді, жамандық, арамдық жолға, бұзақылық пен қылмыс жолына аттап баспауды талап етеді.


БАС АМАНАТЫ


Бас бүкіл мүшелерімізді әртүрлі пенделік былық-шылықтарға ұрындырмай, адамдық ақ жолмен дұрыс алып жүруді аманаттайды. Адам баласына аздырмау, тоздырмау, адастырып, алжастырмау жауапкершілігін жүктейді.


«Тәні саудың – жаны сау» дегендей, осы аталған жеті аманатыңызға қиянат жасамай, адамдықтың ақ жолынан айнымасаңыз, сізден бақытты және дені де, жаны да сау адам болмас.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазып алған: Табиғат ҚАЛЫБЕК,

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз:


Сіз қандай келінсіз, ал келініңіз қандай?

Жағымсыз СӨЗдер мен АДАМдар көңіл күйіңізді түсіріп жүр ме? НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?