«Атасы оңбаған екен» деген сөзге қалғыңыз келмесе…

0
7 242

Баланың сәлемдесуінен-ақ оның текті жерден шыққанын немесе "оңбаған" әкенің баласы екенін білуге болады. Сіз бұл тұжырыммен келісесіз бе?


«Атасы оңбаған екен» деген сөзге қалғыңыз келмесе…

иллюстрациялық фото: pbs.twimg.com

Күн сайын біз бір-бірімізге бас иіп сәлемдесеміз, қол алысып амандық-саулық сұраймыз. Тек жақын тустарымызбен ғана емес, достарымызбен, таныстарымызбен амандасып өтеміз. Өйткені, сәлемдесу тек қазаққа ғана тән рәсім емес, оны бүкіл әлем жасайды.


21 қараша – Дүниежүзілік сәлемдесу күні деп бекітілген. Бірақ та әрбір елдің сәлемдесуі әртүрлі болып келеді. Тіпті, кейбір ұлттардың амандық сұрасқанын көргенде ерекшелігіне таңданып, еріксіз езу тартқызатындары да бар.


фото: alsensei.com

Сәлемдесудің ең кең таралған түрі – қол алысу. Бұлайша сәлемдесу қазақ халқына да тән. Дегенмен, қол алысып амандасудың өзіндік тәртібі барын ұмытпайық.

  • Мысалы, ер адам мен әйел кісі кездескен уақытта алдымен ерлер қол созуы тиіс. (Бірақ Англия бұл ережеге бағынбайды екен. Оларда керісінше алдымен нәзікжандылар қол созады.)
  • Сізге қол созып амандасқанда отырған болсаңыз, міндетті түрде орныңыздан тұрыңыз.
  • Сонымен қатар, кейбір жандар суық күндері қолғаппен амандаса салуы мүмкін. Бұл этикаға сай қылық емес. Қанша асығыс болсаңыз да алдымен қолғапты шешіп, сосын амандасқан дұрыс.
  • Егер сіз өзіңізден жасы үлкен немесе қызметтегі танысыңызды жолықтырып қалсаңыз, бірінші болып қол созбаңыз. Оның сәлемдескенін күткен абзал.

фото: blog.apltravel.ua

«Әр елдің салты басқа…» дегендей, енді өзге ұлттардың сәлемдесу рәсімдеріне тоқталып өтейік. Тибеттіктер ерекше сәлемдеседі екен. Олар кездескен уақытта кішісі бас киімін шешіп, басын изейді де, сол қолымен құлағын ұстап, тілін шығарады. Бұлайша амандасу тибеттіктерде ертеден қалыптасқан. Сондай-ақ жапондықтар да өздерінің сәлемдесу рәсімімен мақтана алады. Өйткені бұл елдің мәдениетінде бас изеп амандасу дәстүрге айналған. Бірақ та басын иген адам міндетті түрде «конничива» дейді. Қазақ тілінде «конничива» сөзі «күн туды» деген мағына береді. Жапондықтар өз дәстүрлерін ешқашан бұзбайды. Ал, сырттан келген саяхатшылар олардың сәлемдесуін үйренгендері дұрыс.

Бас изеп амандасу қытайлықтар мен корейліктерге де бейтаныс емес. Дегенмен, олар әлем халқына үйреншікті – қол алысып амандасу рәсімін жасай алады. Ал, үнді халқы «Бәрі жақсы!» деп тіл қатып, екі қолын біріктіру арқылы маңдайына қойып амандық сұрасады екен. Кенияда ең мықты ер азаматтар билеп сәлемдесетін көрінеді. Бұл арқылы кениялықтар өздерінің күшті екендіктерін аңғартады. Себебі, олар сәлемдесу кезінде тек билеп қана қоймай, биікке секіріп, айналып түрлі қимыл-қозғалыстар жасауы да ғажап емес. Міне, соылайша сәлемдесу жалғасып кете береді.

фото: egemen.kz

Қазақ халқы да ежелден сәлемдесу рәсімін жасайды. «Сәлем сөздің атасы» деп те бекер айтылмаған. Әсіресе келіндердің иіліп сәлем салуы біздің елдің өзіндік ерекшелігі деуге болады. Үлкенге құрметін келіндер осылайша білдіреді. Сонымен қатар, қазақ келіндері ер адамға тік қарамайды. Сәлемін салып, үш-төрт қадам артқа шегініп, үлкендерді өткізіп жіберетін болған. Ал, қазір ше? Біздің нәзікжанды қыздарымыз, келіндеріміз қалай сәлемдеседі. Ең алдымен кішілердің үлкендерге көрсеткен құрметін емес, өзара амандасуына тоқталып өтсек. Бізде соңғы уақытта әйел адамдар арасында болсын, ер азаматтар болсын, көбіне үш рет бет сүйісіп амандасатын рәсім тауып алған. Әсіресе ер азаматтардың (оның ішінде басшылық қызметте отырғандар) бір-бірімен бет сүйісіп, «шөпілдесіп» амандасуы өте ерсі көрінеді. Тіпті, беделі түсетін сияқты. Қыздарға да бұл қылық жараспайды. Үш рет шөпілдеспей-ақ, бір рет бет сүйісіп амандасып, жағдай сұрасуға болады. Бұрындары өзбек ағайындардан көретін едік бұлайша сәлемдесуді. Көрші тұрғаннан болар, бұл рәсім біздің елде де қалыптасып кеткендей.

Ал, үлкендер жағын сыйлау, оларға құрмет көрсету, бірінші тұрып қолын алу сияқты бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрыптарымыз, сәлемдесу салтымыз көп жерлерде сақталмайды. Амандасу былай тұрсын, көп жастар кекірейіп отырады, байқамаған кейіп танытады. Келіндер орамалын лақтырып тастап, шашын жайғанына мәз. «Сәлем салып, басымды имеймін» дейтіндер де табылады.

фото: atyrau.gov.kz

Әрине, мұның барлығы отбасында берілген тәрбиеге байланысты. Осы орайда ата-аналармыналарды естен шығармаса:

  • Ең алдымен әр ата-ана сәлемдесуді өз баласына үйреткені дұрыс. Оның туыстармен қалай сәлемдесіп жүргеніне мән беруі керек.
  • Сондай-ақ, оның амандасқанын сырттай бақылап, қателік жіберген болса, түзетуге тырысыңыз.
  • Ер балаларға үлкендермен қол алысып «Ассалаумағалейкум» деп амандасуды, ал қыздарға басын изеп, «Сәлеметсіз бе?» деп сәлемдесуді үйреткен дұрыс.
  • Үйге келген қонақтың алдынан жүгіріп шығып, қол алысу да әдептіліктің, имандылықтың белгісі.
  • Бірінші болып сәлемдесудің де маңызы зор. Есейген шағында балалар көбіне көрші-қолаңнан, туыстардан сырт айналып, танымайтын кейіп танытады. Ал, мұсылмандарда бірінші болып сәлемдесу, сәлемді қабыл алу өте маңызды. Алла Тағала былай дейді: «Сендерге сәлем берілсе, одан да жақсы сәлем беріңдер не солай қайтарыңдар» - дейді.
  • Балаға кішкентай күнінен «атаңның қолын ал», «апаңмен амандас» деп айтып отыруды ұмытпау керек. Мұндай сөздерді естіп өскен бала, болашақта да әдепті болары сөзсіз.

Яғни, сәлемдесудің де бала тәрбиесіне айтарлықтай орны бар. Жоғарыда айтылған кеңестерді әрбір ата-ана орындайтын болса, кекірейген келін де, амандық-саулық сұраспайтын ер жігіт те болмайды. «Атасы оңбаған екен» деген сөзге қалғыңыз келмесе, сәлемдесуімізді түзетейік!

Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Неге бұларды түнде істеуге БОЛМАЙДЫ?

Миыңыз «ашып» кеткенде көмектесетін 7 әдіс

5 ҚАТЕНІ жөндесеңіз, айтқаныңыздың БӘРІ орындалады