ДОСТАРЫНАН ажырап, ӘЙЕЛГЕ күні қараған ЕРКЕКТІҢ әңгімесі

0
4 276

Менің досымнан емес, достарымнан да артық санаған әйелімнен көңілім қалған. Басқа-басқа шын сүйген әйелім мені қиын сәтте тастап кетеді деп ойламаған едім.


ДОСТАРЫНАН ажырап, ӘЙЕЛГЕ күні қараған ЕРКЕКТІҢ әңгімесі

Қыз бен жігіт отбасын құрғанда, көпшілік «Екі жарты – бір бүтін» болыпты, құтты болсын» дейді. «Ұлы сөзде ұят жоқ» тіпті, еркек пен әйелдің тәні бір-біріне кірігіп, бір бүтінге айналғанда ғана олар шын ләззатты сезінеді. Дәл сол сияқты өмірдің қиыншылықтарында да олар бір-біріне демеу, медеу болғанда ғана мәселелерді жеңеді.


«Бір бастан екі бас жақсы» деген сөз бар. Өмірдің сынақтарынан екеулеп жеңу әлдеқайда жеңілірек. Сондықтан, жарды сыртқы келбетіне қызығып емес, ақылына, санасына, қиындық туғанда көмектесе алатын қарым-қабілеті мен адами қасиеттеріне де қарап таңдаған дұрыс.


Осы орайда Ерғали есімді ер-азаматтың өмірінен мысал келтіргенді жөн санап отырмын.

МЫСАЛ: Үйленгенше менде дос көп болды. Сыныптас, группалас, әріптес достардың арасында көңілі таза, ақпейіл жолдастарым болды. Бірақ, үйленген соң олармен арамыз салқындап кетті. Өйткені, мен достарымнан әйелімді, оның қалауын артық көрдім.

Бір күні әйелім «Сенің достарыңды күтуден-ақ шаршадым» десе, тағы бірде «Достарыңның проблемасы таусылмайды екен, оларға жұмсаған уақытыңды балаларыңа арнасаңшы» деді. Әйтеуір ұрыс-керістің бәрін менің достарыма әкеп тіреп қоя беретін. Соңында шаңырағымыз шайқалуға шақ тұрған сәтте әйелім «Не мен, не достарың, біреуін таңда» деді.

Шынымды айтайын, достықтан махаббат жоғары тұрды. Мен әйелімді шын сүйетін едім. Оның үстіне асықтай ұлым мен тәтті қызым бар арамызда. Меніңше, кім болса да мұндайда отбасың таңдаса керек. Өйткені, достарың саған күнде тамақ істеп бермейді, достарың кіріңді жуып, ұрпағыңды жалғастыра алмайды. Сондай-ақ, жан жарың секілді достарың түсіне де алмайтыны белгілі. Мен солай ойлайтынмын. Үйленерде де біз әйелім екеуміз «өмірдің ыстық-суығында бірге боламыз, не жағдай басымызға түссе де бірге көреміз» деп серттескен болатынбыз.

Қыз-жігіт шағымызда келіншегім «Егер, мен бір баладан соң туа алмай қалсам, ажырасып кетпейсің бе?», «Мен ауру боп қалсам ше, басқаға кетіп қалмайсың ба?» деп жиі сұрайтын. Мен ойланып қалатынмын. Өмір болған соң, түрлі жағдай орын алуы мүмкін ғой. Дегенмен, ойланып қарасам, шынында мен оны ешқашан тастамайтыныма көзім жететін. Оған уәде бергенмін.

Әйелімнің қалауы бойынша мен достарыммен араласуды біртіндеп доғара бастадым. Ендігі өмірімді, уақытымның көп бөлігін отбасыма арнайтын боп шештім. Солай еттім де.

Бай адам ешқашан кедей боп қаламын деп ойламайды. Дәл сол сияқты денсаулығы мықты ер адам ауру боп қалатынын ойлап жатпайды. Әйтсе де, қазақтың «Пәле аяқ астында» деген аталы сөзін ұмытып кететініміз өкінішті-ақ.

Күтінбесем де, спортпен шұғылданбасам да 40 жасыма дейін денсаулығыма шағымданған емеспін. 45 жасымда асқазаным ауырып, сап-сау жүрген мен бір күнде-ақ ауруханадан шықтым. Асқазаным бүріп ауырып талып құладым. «Жедел жәрдеммен» ауруханаға жеткізілдім. Толық медициналық тексерістен өттім. Анализдердің қорытындысы бойынша дәрігер «асқазан рагы» деген диагноз қойды. Сенгім келмеді. Басқа медициналық мекемеден қайталап тексеруден өттім. Шынында да, менде аты жаман ауру табылды.

Бұл жаңалық тек мені емес, отбасымды да уайымға салды. Қаражатты аямай емделіп шығудың амалын қарастырдық. Бірақ бұл ауруға ем бірден қонбайды екен, ұзақ уақыт күтінуіме тура келді.

Мен жұмысқа жарамай қалдым. Диета ұстауға, дәрігер нұсқаған тағамдарды ғана жеуге мәжбүр болдым. Кейде дәрігердің ескертпесін ұмытып кетіп, дәмді ас жеп қойсам, әлсіреп құлап қалатын әдет таптым. Өстіп жүргенде арада зулап 4 жыл өте шықты. Әрине, айтуға оңай, бірақ төрт жыл бойы арнайы диетаны бұзбау, жұмыс істемеу еркек үшін қиын-ақ.

Ем шарасы төрт жылға созылды. Үнемі медициналық тексерістен өтіп, күніне 4-5 рет уақытылы дәрі-дәрмек қабылдау тек мені ғана емес-ау, әйелімді де шаршатты. Соңында әйелім менен күдер үзгендей болып, өз әрекетін жасаудың қамына көшті. Ол ең алдымен амалын тауып, дүние-мүлікті біртіндеп ұлым мен қызымның атына аударып жаздырды. Бұрын әйелінің айтқанын істеп, дегеніне көнетін еркектерді түсінбейтінмін. Сөйтсем, табыс таппайтын, ешнәрсеге жарамай қалған еркек амал жоқ әйелінің айдауымен жүріп, айтқанына бас шұлғи береді екен ғой.

Бұрынғыдай әйеліммен ұрысып-керіспейтін де болдым. Не айтса да көндім. Бұрын мені әйелім үйде күтіп отыратын болса, енді мен оны күтіп, құрбы-достарынан қызғанатын күйге жеттім. Бұрын ол менен «Қажет болып тұр» деп ақша сұраса, енді керісінше мен одан ақша сұрап сасқалақтайтын болдым.

Алма-кезек өмір-ай десеңізші. Бәрінен де еркектің күнін әйелге қаратқаны жаман екен. Сау кезімде керек ететін, қызғанатын әйелім мен аурушаң болып қалғалы адам құрлы көрмейтін болғандай. Бұл ауру адамға екі есе қасірет.

Жылына бір рет химия алып емделдім. «Ұлы сөзде ұят жоқ», химия алған соң, дәрігерлер ерлі-зайыптық тән жақындастығына тыйым салды. Енді әйелім мені мүлде керек етпейтін болды. Масыл, қажетсіз адамға теңеді.

Несін айтайын, ол ажырасқысы келетінін жеткізді. Бастапқыда мен келісім бермедім. Оңайлықпен келіспейтінімді ұққан ол өзінен мені алыстатудың жолдарын жасап бақты. Алғашқыда сездірмеуге тырысып басқа еркекпен кездесіп жүрсе, енді бұнысын ашықтан-ашық байқататын болды.

Не керек, мен мұндай қорлыққа шыдай алмадым. Ажырастым. Бірақ, балаларымызға бұны айтпауға келістік. Әйелімнің ойлап тапқан ақылымен ұлым мен қызыма мен Кореяға емделуге кететінімді айттым. Анығында, мен елден ешқайда кеткен жоқпын, отбасымнан ғана кеттім.

Басқа қалада бөлек тұрып жаттым. Туған-туысқандарды да емделуге кеттім деп алдадым. Еркектердің көбісі әйелі басқамен көңіл қосса, көзіне шөп салса немесе ажырасса, араққа үйір боп алады, я болмаса өмірден түңіліп өзін-өзі тастап жібереді. Ал, мен керісінше, әйеліме ерегіскендей өзіме-өзім «Денсаулығымды ғана емес, өмірімді де түзеймін» деп серт бердім.

Басқа қалада маған жақсы адамдар жолықты. Кореяға барып жұмыс істеп келген бір жігітпен танысып қалдым. Адам нені көп ойласа, нені көксесе соған апаратын жолды немесе адамды кезіктіреді екен құдай. Бұл жолы мен шынымен де Кореяға кетуге шешім қабылдадым.

Алтай есімді жігіттің ағасы Кореяда жұмыс істейді екен. Алтай маған қарызға ақша беріп, ағасымен хабарласып Кореяға шығарып салды. Оның айтуынша ол қарызды мен Кореяда 2-3 айда-ақ табады екенмін.

Алғашқыда Кореядағы жұмысым жеңіл болды деп айта алмаймын. Бірақ орыс тілі мен ағылшын тілін білгенімнің арқасында мен үш айдан соң ұялы телефон шығаратын зауытқа ауыстым. Жалақым да жақсы, жұмысым да жеңілдеді. Есеп-қисапқа жүйрік менің бұл қабілетімді, сауаттылығымды адал да еңбекқор корей бастығым бағалады. Ол менімен және мәселеммен танысты. Жұмыстан тыс уақытта йогалық емдік жаттығуларды үйрететін клубқа ертіп барды. Психологиялық тұрғыда емделуіме бұл клубтың көп көмегі тиді. Одан соң рак ауруын емдейтін клиникаға ертіп барып, денсаулығымды тексертті.

Тәптіштеп жазып, хатымды созбалақтап қайтейін. Тоқетері, маған операция жасалды. Ауруымнан 100 пайыз толық емделіп кетпесем де, мен бұрынғыға қарағанда тәуір бола бастадым.

Кореяда жұмыс істей жүріп, емделдім. Спортқа ден қойдым. Темекіні біржолата тастадым. Алкогольді ішімдіктер мен ащы тағамдарға мүлде жоламадым.

Үш жылдан соң елге оралдым. Кореяда жақсы табыс таптым, бірақ оның көп бөлігін денсаулығыма жұмсадым. Сондықтан да, топтаған ақшам Алматыдан екі бөлмелі пәтер сатып алуға және шағын дәмхана ашуға ғана жетті. Бұған да шүкір деймін.

Кореяға кетерімде өзімді әйеліме дәлелдемек боп, қыруар қаражатпен келіп, қымбат көлік мініп, зәулім үй салып, менен ажырағаны үшін өкіндірем деп кеткем едім. Бірақ, қазір, менде бәрі жақсы болса да ешкімге ештеңені дәлелдегім келмейді. Тіпті, Шымкенттегі әйеліммен кездесуді де көксемеймін. Өйткені, мен нағыз бақыт – жанның тыныштығы мен тәннің саулығы екенін түсіндім. Ал, әйеліммен бас қосқалы менде жан тыныштығы болған емес. Жан тыныштығынан маза кеткен адамның тәні де ауруға шалдықпай қоймайды екен.

Қазіргі әйелім өте жайлы, түсінігі мол. Менен 15 жас кіші, сондай-ақ медбике. Менің денсаулығымды ойлаған ол болмашыға ызыңдай бермейді.


Денсаулық болса, қай жаста болмасын бәрін нөлден бастауға болады екен. Бастысы, өмірлік қосағың жайлы және саналы болса, шынайы бақыт сол екен. Мен шын бақытты осы екінші некемде сезіндім.


Түсінгенім, тәнің емес, жаның да үйлесетін адаммен өткен әрбір сәт –шын бақыт екен. Ал, сіз бақыттысыз ба, оқырман? Үйленгелі жүрген жас жігіт, сенің таңдағаның қандай қыз?


(суреттер ашық дерекөздерден алынды)


Кейіпкердің әңгімесін өз аузынан жазып алған Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ҚАЙТЫС БОЛҒАН адамның КИІМІН киген дұрыс па?


«Болмайтынға болыспа!» - Өмірдің сабағын ұқпайтындар үшін уайымдаған дұрыс па?