ҚАЙҒЫЛЫ адамға қоюға болмайтын ҮШ СҰРАҚ

0
4 930

Қуанта алмайсыз ба, қайғыртпаңыз!


ҚАЙҒЫЛЫ адамға қоюға болмайтын ҮШ СҰРАҚ

Аузымыз бір нәрсе ЖЕП тұрады немесе бір нәрсе ДЕП тұрады. Әйтеуір оған тыным бермейміз. Әрине, ауыз өзімдікі дейміз. Дұрыс, аузыңызға «кіргеннің» өзіңізден басқа ешкімге зияны жоқ. Сондықтан, нені қанша және қай уақытта жеу, ішу – өз еркіңізде. Алайда ауыздан «шығатынның» кейбірі тек өзіңізге ғана емес, басқаға да «зиянды» екенін есте ұстап, сөзіңізге сүзгі қоя білген жөн болар.


Әсіресе, қайғылы, жаны жаралы адамға қай сұрақтарды қоюға болмайтынын білгеніңіз дұрыс. Оларға қандай сөздерді айтуға болмайды?


1-ші сұрақ: «НЕГЕ БАСЫНДА ОЙЛАНБАДЫҢ?»

Бір жақын адамыңыз қапысыз қадам басып, қайғылы жағдайға ұшырады делік. Мысалы, Самат деген досыңыздың қолын жоқтық байлап, ол біраз уақыт үйлене алмай жүрген еді. Өзі секілді тұрмысы қарапайым отбасының қызымен таныстырып едіңіз, ұната қоймады. Басқа достары да Саматтың шама-шарқына қарап, оған лайық деп тапқан қыздарды көрсетті. Бірақ, Саматтың қалауы басқа еді. Ол бай-бақуатты отбасының жалғыз әрі жас қызының жүрегіне жол тауып, үйленді.

Қайын жұрты «Той жаса» десе, келіншегі күнде «Мен де басқа қыздар секілді ақ көйлек кигім келеді» деп ызыңдады. Самат банктен қомақты несие алып той жасады. Той өткен соң 1-курста оқитын студент келіншегі институттан «оқу ақысын төлеңіз» деген хабарламаның келгенін айтады. Қарызданып жүріп оны төлейді. Одан кейін де төлемдердің неше түрі табылып жатты.

Не керек, Самат ай сайын несиесін төлей алмай, бұл мәселеден жол тауып шыға алмай сізге келді. Мәселесін айтты.

«Неге басында ойланбадың?» (несие аларда, үйленерде) дейді көп адам мұндайда. Бұл сұрақ әрі ұрсу, әрі кінәлау және «енді маған не дейсің?!», «мәселең шешілмейді» деген жауапты да білдіреді.

Осы бір ауыз сөз қайғылы жанның санасына «бұдан басқа жол жоқ» дегенді сіңіріп, ол өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін. Осыдан кейін Саматтың өліміне өзіңізді кінәлап сіз іштей қайғырасыз.

«Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы», қайғының түрі көп. Көбіне адам өзінің ойланбай қадам жасағанын ұққанда ғана өзгеден сөз жәрдемін немесе қаржылай көмек сұрайды. Ол сізден "ұрыс" емес, көмек сұрап келіп отыр.


Қуанта алмайсыз ба, қайғыртпаңыз: Көмектесе алсаңыз, яғни, қолынан тартып қайығыңызға отырғызып, содан соң «Неге басында ойланбадың?» деп айтуыңызға болады. Ал, жәрдем бере алмайсыз ба, көмектескіңіз келмей ме, онда суға батып кетпеу үшін қарманып жанталасып жатқан адамға «Неге басында ойланбадың?» деген сөзді айта көрмеңіз. Бұл сөз оның үмітін өшіріп, суға батырады.


2-ші сұрақ: «НЕГЕ ЖОҚ?»

Адамдар арасында «Любопытная Барбара» көп. Мұндай адамдар «бар» деген жауапты естісе не қуанғанын, не қайғырғанын өзі де білмей, үндемей қалады. Ал, «жоқ» деген сөзді естісе, «неге жоқ?» деп, біреудің жоғын қазбалай түседі.

Егер, сіз де адам жанының осындай археологы болсаңыз, мынаны есте ұстаңыз, «неге жоқ?» деген сұрағыңыздың шын жауабын ешкім айтпайды.

Мысалы, Сұлухан есімді қызбен бір топта оқыдыңыз делік. Ол екінші курста бір жігітке ессіз ғашық болып, бірақ жігіті оның жүкті боп қалғанын естіген соң хабарсыз кетті. Ойланып жүргенде құрсағындағы шаранасы 4 айлық боп қалды. Ол жақын адамдарынан жасырып, бір медицина қызметкеріне жалынып, жылап отырып, жасанды түсік жасатты. Дәрігер үш айдан асқан соң жасанды түсіктің қауіпті екенін ескертсе де тыңдамады.

Сұлухан бір емес, екі рет тұрмысқа шықты. Бірақ, екі некесінің де ұзаққа созылмауына бедеулік себеп. Қолдан жасалған бедеулік. Ол өзінің қателігін біледі, өкінді. Ұзақ уақыт қайғырып, енді ғана өмір сүруге құлшыныс тапқандай болып еді, сіз кездесе кеттіңіз де «неше балаң бар?» деген сұрақ қойдыңыз. Әрине, көп жылдан бері көрмеген сыныптаспен, ауылдаспен, студенттік шақтағы таныспен жолыға қалғанда «Тұрмысқа шықтың ба?», «Әйелің бар ма?», «Неше балаң бар?» деген сұрақты қоймайтын адам жоқ. Орынды, дұрыс. Алайда «жоқ» деп жауап берген соң, «жоқты» сұрай берудің қажеті қанша?!

Сұлухан өзін-өзі жазғырып, өмір сүруге себеп таппай қаншама рет өзіне қол жұмсамақшы да болды. Жақын адамдарының демеу, психолог мамандарының медет болуымен, ол қайғының түндігін түргенде «жоқ» жауабын «неге?» деген сұрақпен қуалауыңыз оған қалай тиетінін білесіз бе? Бұндай кезде бір-ақ нәрсені білуіңіз керек: «жоқ» деген жауаптан соң, ол тақырыпта сұрақты жалғастырмауды.

«Неге жоқ?» болуы мүмкін:

- Белсіздік, бедеулік;

- Бірнеше рет ЭКО қызметіне жүгінген, бірақ нәтиже болмаған;

- Баласы шетінеген немесе қайтыс болған;

- Сәтсіз жасалған жасанды түсік;

- Белгілі бір дерттен кейін дәрігерлер жүкті болуға тыйым салған т.б.


Қуанта алмайсыз ба, қайғыртпаңыз: Егер, сіз көмектесе алсаңыз, яғни, дәрігер болсаңыз, балалы болудың дәстүрлі және дәстүрлі емес жолдарын білетін болсаңыз немесе балаңыздың біреуін оған беруге дайын болсаңыз, онда «жоқ» жауабынан соң, «неге?» сұрағын қоюыңызға болады.


3-ші сұрақ: «НЕГЕ ӘЛІ..?»

«Өз басына іс түспеген, өзгенің қайғысын білмейді» деген сөз бар. Бұл рас. Арада 2-3 немесе 8-9 жыл уақыт өткенде, Саматпен бір тойда кездесіп қалдыңыз. Амандық сұрасып тұрғанда, оның бұрын мәселесін айтып келгені есіңізге түсе кетті. Қайғының қандай болатынын білетін адам «Самат қарыздарынан құтылды ма, жоқ па, не шаруам бар?! Ол оның жеке мәселесі ғой. Тойда оның көңілін түсіріп қайтем?!» деп, ескіні еске түсірмейді. Бірақ, «Любопытная Барбаралар» той не, жаназа не, кез келген жерде «Айтпақшы, несие, қарыздарың туралы айтып едің ғой. Сол не болды?» деп сұрайды.

Самат «Е-е, әлі төлеп келе жатырмыз ғой» дейді. Осы тұста «Неге әлі..?» деген сұрақты қоймас бұрын ойланыңызшы: сізге оның жауабы маңызды ма, әлде көмек болар ұсынысыңыз бар ма? Әлі несиесін жаба алмай жүрсе, президентіміз Қ.Тоқаев секілді оның несиесін жауып беретіндей құзыретіңіз бар ма?

Ойланып тұрсыз ба? Сіз ойланып тұрғанда, қастарыңызға Сұлухан келе қалды делік. Ол да той қонағы. Той иесі үшеуіңіздің де ортақ таныстарыңыз болды ғой. Сәлем-сауқат сұрасып жатып «Балалы болдың ба?» деп сұрап үлгердіңіз бе? Оқасы жоқ, барлық таныстың ең жиі қоятын сұрағы ғой. Дұрыс, сұрақ диалогты жылжытушы. Бірақ, оның жауабына мән беріңіз, жауабы қандай болды?

Сұлухан «жоқ» деп жауап берді. Жаралы жанға қоюға болмайтын 2-ші сұрақты есіңізге түсіріңіз. Иә, жоқ нәрсеге сұрақ қоюға болмайды. Тіліңіз тағы бір сұрақты қойғысы кеп тұр ма? Тістей тұрыңыз да, осы тұста қоюға болмайтын 3-ші сұрақты еске алыңыз.

Иә, "жоқ" деген жауаптан соң «неге әлі?» деп те сұрауға болмайды. Әрине, егер журналистік жұмыс тапсырмасымен біреуден сұқбат алып отырсаңыз, тергеуші, я болмаса психолог болсаңыз және бұл жұмыс барысы болса "жоқ" деген жауапқа "неге жоқ?", "неге әлі..?" деп тағы да сұрақ қоюға болады. Сонымен қатар, оған үйленетін ойыңыз болса, "жоқтың" себебін білуге ұмтылуыңыз әбестік емес.

Ал, Самат пен Сұлухан секілді дос-құрбының бақытсыздығының, қайғысының түбін кеулегеннен сізге не пайда? Одан сіздің де, олардың да өмірі өзгеріп қалмайды. Бірақ, есте ұстаңыз, олардың көңіл күйі өзгереді.

«Шақырған жерден қалма» дейді үлкендер. Тойға келе алмаған бір досыңыз тағы бір тойдың шығып, сонда жүргенін айтса, бір құрбыңыз күйеуінің рұқсатын ала алмағанын айтады. Ағайынды ағаңыз басындағы қаржылық қиын жағдайын түсіндіріп әлек. Рас, шақырған жерге бару үшін, кейде қаражат, уақыт, бірде күйеу мен ата-ененің рұқсаты жетпей жатады. Бұдан өзге де себеп пен сылтаулар барп. Бірақ, меніңше, той-томалаққа бару үшін ең бірінші көтеріңкі көңіл-күй керек. Басқасын табуға болады.

Қарызы, қайғысы бар болса да Самат пен Сұлухан тойға келді. Оларда басқаларда бар нәрсе жоқ шығар, бірақ көтеріңкі көңіл-күй бар екеуінде де.

Сіз оларда жоқ нәрсені бере алмайсыз ба? Онда оларда бар нәрсенің жоғалуына түрткі болатын «неге әлі..?» деген сұрақты сызып тастай салыңыз. Бұл сіздің парасат-пайымыңыздың жоғары екенін білдіреді.


Есте ұстаңыз: Парасат пайымы жоғары адам жаралы жанның көңіл күйін төмен түсіретін сұрақтар қоймайды. Қуанта алмайсыз ба, ешкімді қайғыртпаңыз!

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


МАХАББАТТЫҢ маңызды ТӨРТ САБАҒЫ

Қай күні ӨЛЕТІНІҢІЗДІ білесіз бе? ("Кәрі қыздың" күнделігінен)