Ал, сіздің басыңызға осындай қиын таңдау түссе не істер едіңіз? Сіздің қызыңыз, сіңліңіз осындай таңдау жолында тұрса ше? Оған қандай ақыл айтар едіңіз?
«Тағдыр – сенің таңдауың» деген сөз бар. Қандай мамандық, қандай өмірлік жар, тұйыққа тірелгенде қандай шешім таңдайтыныңа қарай тағдырың түзіледі. Түрлі таңдау өміріңнің соңына дейін алдыңнан шыға береді. Өмір жолындағы ең қиын таңдау қайсы және кімнің таңдауы деп ойлайсыз?
Меніңше, тұрмысқа шықпаған қыздың және балаларын әрең асырап жүрген әйелдің жүкті боп қалған кезіндегі таңдауы. Әрбір аяғы ауыр әйел жасайтын таңдау – ол тек өмір мен өлімнің арасындағы таңдау. Оған ендігі таңдау тек екі жолдан тұрады: баласы оның құрсағынан қалай шықпақ – айы толып, тірі туыла ма, әлде аборт кезінде оның өлі денесін бөлшектеп түсіре ме?
Қызының аяғы ауыр болса «қарабет» атандыратын, ұлы біреудің қызының аяғын ауыр етсе, «алғызбаймын!» деп азар да безер болатын ата-аналар көп. Сол қалыптасқан «ұят болады», әлде «әке-шешем өлтіреді» деген ұғымнан қорқып, өз сәбиін өлтіртіп жатқан қаракөз қыздарымыз да жетерлік. Әрине бұл олардың таңдауы.
Ал, сіздің басыңызға осындай қиын таңдау түссе не істер едіңіз? Сіздің қызыңыз, сіңліңіз осындай таңдау жолында тұрса ше? Оған қандай ақыл айтар едіңіз?
Ойланып көріңізші! Сіз ойланып отырғанда мен күні кеше Иранда апатқа ұшыраған ұшақта стюардессе боп жұмыс істеген бір қыздың әңгімесін айтып берейін.
БОЛҒАН ОҚИҒА
Ұшақта бортсерік боп жұмыс істеп жүрген қыз жақында аяғы ауырлағанын сезген екен. Бала босану жоспарында жоқ, әрі табысты жұмысынан айырылап қаларын ойлаған қыз құрсағындағы баланы алдырғысы келіп біраз ойланған екен. Кейіннен сабырға келіп, босануға бел буған. Стюардессаның аяғы ауыр екені мәлім болысымен оны жұмысынан басқа орынға ауыстырыпты. Ал егер сол болашақ ана құрсақтағы баласын тууды емес, алдырып тастауды таңдап, жұмысын жалғастырғанда не болар еді?
Кешегі қаза болғандардың тізімінде болары сөзсіз еді ғой. Қаза болғандар сол қыздың бірге жүрген командасындағы ұшақтар мен бортсеріктер.
Сонда стюардессе қызды құрсақтағы баласы аман қалып отырған жоқ па?! Осы оқиғаның өзі Жаратушының жоспары пенделерге беймәлім екенінің тағы бір айғағы. Алғашында қиындық боп көрінген нәрсе сол адам үшін қайырлы екенін көбіне кеш түсінеміз. Аборт таңдасаң – ажал құшасың, ал баланы өмірге әкелуді қаласаң – аман қаласың деген Алладан келген смс деп қабылдасаңыз да болады мұндайды.
ТАҒЫ БІР ОҚИҒА
Бір келіншек гинекологқа келіп отыр.
- Дәрігер, менде бір проблема боп тұр, - деп төменшіктеп, жәй күбірледі.
- Айта беріңіз, не боп қалды?
- Менің балам әлі жасына да толған жоқ, өзім квартирада тұрамын, күйеуім жұмыссыз, тамаққа зорға ақша табамыз... ал мен тағы бала көтеріп қойдым... екі айға жақындап қалды. Не істерімді білмей тұрмын, маған көмектесіңізші!
- ?
- Екінші баланы баға алмаймыз, алдырып тастауым керек қалайда!
- Жарайды, мен сізге көмектесейін. Бірақ сіздің денсаулығыңызға зияны тимейтіндей жолмен...
- Ол қандай жол?
- Ақыры сіз екі баланы баға алмаймын деп отырсыз. Сіздің ішіңіздегі баланы өлтіру үшін сізге біріншіден наркоз беру керек, екіншіден сіздің жатырыңызды пышақпен қырнау керек. Одан кейін бірнеше күн қан кетуден анемияға ұшыруыңыз мүмкін, сосын балаға деп сүт жиналған көкірегіңіз түйін тастап ауыратын болады, келешекте сол аурудан қатерлі ісіктер шығуы да мүмкін. Баланы өсіріп, туып, емізуге дайындалып жатқан бүкіл денеңіз тасқа соғылғандай боп өз ырғағынан жаңылады, айта берсем аборт оңай боп көрінгенімен, кейінгі зияндары тіпті көп.
- Сонда не істеймін?
- Ал бір балаңыз артық болса, туылған балаңызды өлтіре салайық, ол біраз өмір сүрді ғой, сонда іштегіні туып алып, бір баламен жүре бересіз? Бұған не дейсіз? Іштегі баланы да қайшымен кескілеп, азаптап өлтіреміз ғой аборт жасайтын болсақ. Сіздің құрсақтағы балаңыз қазір тоғыз апталық екен, оның жүйке талшықтары дамыған, ол да ауруды сезеді...
Келіншектің көзі шарасынан шығып бара жатты...
Әрбір ата-ана өз баласының басына осындай өмір мен өлімді таңдайтын жағдай туғанда қолдай білсе екен, әрбір аяғы ауыр ана өз сәбиі үшін барлық адамзатқа болса да қарсы тұрар күш тапса екен деп тілеймін. Аяғы ауырлап, таңдау жасай алмай жүрген қиын жағдайдағы қыз-келіншектер болса, вацап желісі арқылы қолымнан келгенше кеңес беруге дайынмын: 8-777-147-91-40. @aborttan_bas_tart
Қазақ ұғымында некесіз бала масқара боп саналатыны рас, ал таразының бір басында панасыз сәби өмірі мен екінші басында жұрт өсегі тұрғанда әр адам тек ӨМІРДІ ҚОРҒАУДЫ таңдаса екен деп тілеймін.
Сіз ше, таңдау жасай алмай жүрген қыз-келіншектерге не дейсіз, оқырман?
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
А. БАЙЖІГІТ,
Тағы да оқыңыз:
Күнде 5 алғыс жазған адамның өмірінде КЕРЕМЕТ ӨЗГЕРІС болады
2020 жылы бақытты болудың 7 СЫРЫ