МАХАББАТТЫҢ маңызды ТӨРТ САБАҒЫ

0
5 436

Бұны Сіз де, Ол да білуі тиіс.


МАХАББАТТЫҢ маңызды ТӨРТ САБАҒЫ

Барлық нәрсе махаббаттан басталады. Жақсылыққа да, жамандыққа да, достық пен соғысқа да, өмір сүруге құлшыныс пен түңілуге де – махаббат бастау болады. Сондықтан да, жаңа таныстықты, қарым-қатынасты бастамас бұрын, әрбір бойжеткен, қыз-келіншек махаббаттың айнымас басты төрт сабағын білгені жөн.

Бұны дәл қазір оқып, ой түймесеңіз, бәрібір өмір өзі түсіндіреді, үйретеді. Әрине, ол кезде кеш болуы мүмкін. Сондықтан, жаттамасаңыз да жадыңызға тоқып алыңыз деймін.


Сонымен, махаббаттың маңызды төрт сабағы қайсы?


1-САБАҚ

Жауапсыз махаббатқа уақытыңызды босқа шығындамаңыз!

Бір жігітті ұнатып қалсаңыз, алғашқы қадамды қыздың өзі жасауы айып емес. Бірақ, үнемі қадамды сіз жасап, оның тарапынан «жауап» болмаса, доғара салыңыз.

Ең күрделі жаратылыс – адамның пайда болуы, туылуы болса, оның мерзімі – 9 ай ғана. Қанша әрекеттенгеніңізбен, 9-12 айда оның махаббат сезімі тумаса немесе арадағы жақындық, байланыс бір жылдан асса да жігіт үйленуге ұсыныс жасамаса, әрекеттенбесе нүкте қоюдан қорықпаңыз. Ол тағы да 3-5 жыл уақытты созып жүре беруі мүмкін, бірақ сізге емес, басқаға үйленеді. Олай болса, сезіміңізді, ұнауға әрекеттенгеніңізді бағаламағанын аңғармадыңыз ба, сіз де оған алтын уақытыңызды арнауды тоқтатыңыз. Одан да уақытыңызды өзіңіздің ең жоғары дәрежедегі нұсқаңыз болуға арнаңыз. Жан-жақты дамыңыз. Сонда өзгелердің саған ғашық болуға себеп көбейеді.

Еркек қажет әйел емес, керісінше еркек қажет ететін әйел болыңыз!


2-САБАҚ

Ешқашан ешкімді мәжбүрлеп сүйдіре алмайсыз!

«Фабрика» тобының кезінде хит болған «Саша плюс Маша» деген әнін есіңізге түсіріңізші. Маша Сашаны жақсы көреді, ал Саша тек қана Дашаны сүйеді. Дашаның Вова деген жігіті бар, бірақ ол Саша кешірім сұрап келсе Вованы тастауға дайын...

Есіңізде болсын: Сашаның айтқанын екі етпей орындап, ауырып қалса жұмысыңызды тастай салып оның қасынан табылсам, телефонына бірлік салып, тіпті өз атымнан несие алып берсем, оның махаббаты оянады деп келте ойламаңыз. Саша кез келген күні Дашаға кетіп қалуы әбден мүмкін.

Өмірлік тәжірибесі мол апаңыздан, я болмаса әпкеңізден кеңес сұрап көріңізші, бәрі де «Қор болмаймын десең, сен сүйген емес, сені сүйген адаммен өміріңді қосақта» деп ақыл айтады. Сүйіп көрген, махаббаттың отына күйіп көрген үлкендердің осы кеңесін ешқашан ұмытпаңыз. Бұл 100 пайыз рас. Жалпақ тілмен айтқанда, қашанда сүйген адам сүйіктісінің «құлы». Әйелге құл болған жараспайды.


3-САБАҚ

Кемшіліксіз адам болмайды. «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?!» деген сөздің мәнісі, бірге бір шаңырақ астында ұзақ уақыт тұрмайынша, оны толық тани алмайсың дегенді түсіндіреді. Отбасы құрғаннан соң жігітіңіздің бұрын-соңды байқамаған мінездерін, қасиеттерін, кемшіліктерін «көре» бастайсыз. Түзеуге тырысасыз, нені қалай істеуді үйретесіз. Егер, сіз ойыңыздағы күйеуді жасай алмасаңыз ше?

Онда оны барлық кемшіліктерімен, қателіктерімен, мінез-әдеттерімен қоса сол қалпында сүйе біліңіз. Сонда ғана бақытыңыз баянды болады. Өмірлік қосағыңызды сол күйінде қабылдап, сол күйінде жақсы көре білу – онымен өмір сүруді жеңілдетеді.


4-САБАҚ

Өмірде әбден дәлелденген тағы бір махаббат сабағы бар. Бұны бүгінде психологтар жиі айтып, жазып жүр. Расында, сіз өз тәніңіздің жақсы көрмейінше, ешқандай еркек ұнатпайды. Сіз өзіңізді қабылдамайынша, басқаны да өміріңіз қабылдамайды. Бұны аспан – көк түсті, су – түссіз сияқты, ешқашан өзгермейтін, ешкім өзгерте алмайтын заңдылық деп түсінген жөн.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Қай күні ӨЛЕТІНІҢІЗДІ білесіз бе? ("Кәрі қыздың" күнделігінен)

ҚИЫНДЫҚҚА тап болғанда ҚУАНУ керек, себебі...