Мамандықты Е.А.Климов тәсілімен таңдап көріңіз

0
9 379

​Бітіруші түлектерге арналады


Мамандықты Е.А.Климов тәсілімен таңдап көріңіз

Мектеп бітіруші түлектер арасында ҰБТ бойынша негізгі пәнді таңдағанымен, әлі де қай мамандықты таңдарын білмей жүргені көп болар. Оқушылар мен ата-аналарға көмек ретінде белгілі психофизиолог, психология ғылымдарының докторы

Е.А. Климовтың көпке көмегі тиген тәсілін ұсынамыз.


Баланың қабілет-қарымы, қызығушылығымен қатар, бұл тәсілге де жүгініп көру артық болмас.



1. АДАМ-адам

Қандай мамандықтар кіреді?

Адамдармен ұдайы қарым-қатынаста болатын, оқыту, үйрету, қызмет көрсету салаларының мамандықтары.

Дәрігер, педагог, бала тәрбиешісі, банк қызметкері, сатушы, халыққа қызмет көрсету (ХҚКО) мен жұмыспен қамту және психологиялық, медициналық орталықтарының қызметкерлері, әсемдік салон мамандары (шаштараз, тырнақ әрлеуші, визажист) т.б.

Кім таңдағаны дұрыс?

Бұл мамандықтарды мінезі ашық, кез келген адаммен тез тіл табыса алатын, коммуникативті қабілеті бар, өзгені тыңдай білетін, әрбір адамның жеке қарымына қарай ұсыныс айта алатын, эмоциональды ұстамды, сабырлы, өзгені мақтай білетін оқушылар таңдаса карьерада өседі.



2. АДАМ-табиғат

Қандай мамандықтар кіреді?

Ветеринар, биолог, эколог, агроном, технолог, ауыл шаруашылы мамандары т.б.

Кім таңдағаны дұрыс?

Адамдардан гөрі табиғатты, жан жануарларды жақсы көретін, мейірімді, көпке сырын айта бермейтін, көп ортасында емес, оңаша жүргенде өзін еркін, ыңғайлы сезінетін, әңгімеге шорқақтау оқушылар таңдаса, жетістікке жетеді.

Өзгені оқытқан емес, өз бетінше оқып ізденгісі келетін балалар бұл салаларда ғалым дәрежесіне дейін көтеріле алады дейді психолог Е.А. Климов.



3. АДАМ-техника

Қандай мамандықтар кіреді?

SMM, копирайтер, инженер-конструктор, механик, ұшқыш, жүргізуші, программист т.б.

Кім таңдағаны дұрыс?

Уақытының көп бөлігін компьютер алдында өткізетін, есепке жүйрік, адамнан гөрі техникалық құралдар мен аппараттардың тілін жақсы түсінетіндер таңдағаны дұрыс.



4. АДАМ-көркем

Қандай мамандықтар кіреді?

Суретші, әртіс, актер, декоратор, әнші, биші, дизайнер, аспаз т.б.

Кім таңдағаны дұрыс?

Шығармашылыққа, өнерге жақын, әсемдікке әуес, заттарды басқа қырынан көре білетін позитивті, креативті ойлайтын оқушылар таңдаса да аз уақытта-ақ танымал тұлғаға айналуы мүмкін.



5. АДАМ-белгі

Қандай мамандықтар кіреді?

Математика, физика пәні мұғалімдері мен оқытушылары, бухгалтер, композитор, архитектор, аудармашы, редактор т.б.

Кім таңдағаны дұрыс?

Сандар, әріптер, формулалар және ноталардың тілін жылдам түсіне білетін, есте сақтау қабілеті жақсы дамыған оқушылардың бұл салаларда шығар шыңы биік болады.


Сонымен, сіздің мінез-құлқыңызға қай мамандық сай келеді екен?

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Сізге қай ТҮС ұнайды? (тест)

НЕГЕ жұмысыңды жақсы көру керек?
Бөлісу