ПРОБЛЕМАңызды физик ЭЙНШТЕЙНнің ӘДІСІмен шешіп көріңіз

0
2 426

Проблеманы бір сағатта шешу керек болса, физик-теоретик Альберт Эйнштейн ең алдымен не істеген болар еді? Ал, сіз ше?


ПРОБЛЕМАңызды физик ЭЙНШТЕЙНнің ӘДІСІмен шешіп көріңіз

Физик Альберт Эйнштейннің есімі сізге мектеп қабырғасында өткен кванттық механика тақырыбымен жақсы таныс. Ал, оның мектеп оқулықтарында кездеспейтін «55 минут+5 минут» әдісін білесіз бе?


Белгілі физик «Егер бір проблеманы 1 сағатта шешу керек болса, мен 55 минутымды проблеманың пайда болу себептерін анықтауға, ал 5 минутымды оны шешуге арнаған болар едім» дейді.


Сонда 55 минутта проблеманың күрмеуін қалай іздеген жөн? Эйнштейннің әдісін қолданар болсақ, ол үшін алдымен бір-екі қадам артқа шегіну керек. Яғни, қолыңызға дүрбі алғаныңыз дұрыс. Ал, адамның көбісі мәселені шешу үшін, оған үңіле түседі. Яғни, қолына «лупа» алады. Ұлы физик бұны «қате» дейді.


ДҮРБІ ӘДІСІ

Дүрбі әдісімен проблеманы алыстатып, оны тұтастай көре біліңіз. Бұны «гиперонима» деп атайды.

Гиперонима – бұл кез келген сөздің жалпылама, кеңейтілген мағынасы. Мысалы, сіздің проблемаңыз автомобиль болса, оны транспорттық құрал деп қарастырасыз.

Көп мәселе «дүрбі әдісімен» жылдам шешіледі. Өйткені, сіз проблеманы тұтастай және алыстан көргенде, оның қай жерден басталғанын көргендей, қай жерде тоқтайтынын да бағамдай аласыз.


МЫСАЛ: Бір күні ұстаз шәкіртінің білімін сынамақ болып оны тау етегіне салынған үлкен саябаққа ертіп келеді. Қалың әрі биік ағаштар қаптаған саябақ лабиринтті еске түсіреді. Саябақ қақпасынан кіргізіп, «Саябақтан шығатын қақпаны тап. Бір күн уақытың бар» деп, кетіп қалады.

Саябақтан кіргеннен соң әр тарапқа қарай бастайтын бірнеше жол бар. Шәкірт қалың ағаштармен қоршалған жолға түсіп жүгіре жөнеледі. Біраз жүрген соң тұйыққа тіреліп, артқа қайтады. Келесі жолға түсіп жүреді. Ол тағы да тұйыққа тіреліп, артқа шегінеді. Қайтадан саябақтың кіреберісіне келіп, басқа жолды таңдайды. Айналма жол оны қайтадан бастапқы қақпаға әкеледі.

Күні бойы саябақ ішін кезген шәкірт «қайтсем де таңға дейін шығатын қақпаны табамын» деп, өзін-өзі қайрай түседі. Таңға жуық әбден шаршаған шәкірт сүрініп кетіп, сол құлаған жерінде ұйықтап қалады.

Таңертең ұстаз оны таяғымен түртіп оятады. Бір жыл бойы білім алған шәкіртінің ешнәрсені ұқпағанына терең күрсінген ұстаз «Соңымнан ер» дегеннен басқа ешнәрсе айтпайды.

Саябақ ішіндегі бір жол тауға қарай бағытталған еді. Ұстаз осы жолды таңдап, тауға өрлейді. «Ұстаз, саябақтан шығатын қақпа бұл жақта емес. Мен бұны анық білем» дейді шәкірт. Ал, ұстаз таудың ең биік шыңына жеткенше үн қатпайды. Таудың ең жоғары шыңына шыққаннан соң ғана «Төменге қара» дейді.

Шәкірт төменге қарап еді, күні бойы кезген шет-шегі жоқтай үлкен саябақ алақандай-ақ боп көрінді. Оның ішіндегі тарам-тарам жолдар да, қай жолдың шығар қақпаға алып баратыны да анық көрініп тұр.

«Таудың басына бар-жоғы үш сағатта шықтың. Екі сағатта таудан түсіп, сен небәрі жарты сағатта шығатын қақпаны тапқан болар едің. Жалпы, барлығы 5-6 сағатта орындалатын тапсырмаға сен 24 сағат жұмсадың. Сонда да орындай алмадың. Қателігің – тапсырманы орындауды алдын ала ойша жоспарламауында жатыр. Жоспарсыз кірісіп кеттің» дейді ұстаз.


«ЛУПА» ӘДІСІ

Проблеманың түрі көп. Оның бірін тұтастай көру арқылы себебін анықтай алсақ, кейбірі бөлшектеп, бірнеше бөлікке бөліп қарастыруды қажет етеді. Дүрбі әдісімен алыстатып көрген соң, енді керісінше жақындатып «лупамен» қараңыз. Бұны «гипоним» деп атайды.

Мұнда транспорттық құралды «автобус», «пойыз» немесе «автомобиль» деп қарастырасыз. Ал, асты «таңғы ас», «түскі ас», «кешкі ас» деп үш бөлікке бөліп, әрқайсысын жеке-жеке зерттейсіз.

Бұл әдісте проблеманы шешу үшін сұрақты синонимдермен түрлендіре білуіңіз керек. Синонимдерін іздеу арқылы үлкен проблеманы бөлшектеп, оны шешудің бірнеше жолын табуға болады.

Эйнштейін проблеманы осылай екі масштабта «көрумен» бірге, үшінші әдісті де ұсынады. Бұл «төңкеріп қарау» деп аталады.


«ТӨҢКЕРІП ҚАРАУ» ӘДІСІ

Бұл әдісті қолдану өте оңай. Мысалы, «сатылымды қалай арттыруға болады?» деген мәселенің шешімін іздеу керек болса, «сатылымды не төмендетуі мүмкін» немесе «сатылым қандай жағдайларда төмендейді?» деген сұрақ қойып, осы сұрақтардың жауабын жазыңыз. Міне, «төңкеріп қарау» әдісі деген осы.

Белгілі физик жұмыс барысында кездескен проблемаларын осындай үш әдісті қолдану арқылы жылдам әрі дұрыс шеше алған екен. Эйштейннің өмірінде көп көмегі тиген бұл әдістерді сіз де өзіңіздің проблемаларыңызды шешуде пайдаланып көріңіз. Көмектеседі.


Эйнштейн әдісін үйреніп алған соң, проблемаңыздың нақты себебін анықтай аласыз. Мәселен, сіз осы күнге дейін биіктен қорқамын деп жүрсеңіз, үш әдістің нәтижесінде сіз биіктен емес, құлаудан қорқатыныңызды түсінесіз. Ал, оның үйленуден, сүюден емес, алданып қалудан қорқатынын ұғасыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Сізге қай мінезді «жөндеу» керек?


Сіз қандай адамсыз?