Тәтті алма – балаларға арналған әңгіме. Сәбит ДҮЙСЕНБИЕВ

0
1 749

Біздің ауылда Аққыз әжейдің тәтті алмасы бар. Ол — дүние жүзіндегі ең тәтті алма. Шын айтам.


Тәтті алма – балаларға арналған әңгіме. Сәбит ДҮЙСЕНБИЕВ

Білесіздер ме, біздің ауыл барлық ауылдан жақсы, барлық ауылдан әдемі?! Біздің ауылда Аққыз әжейдің тәтті алмасы бар. Ол — дүние жүзіндегі ең тәтті алма. Шын айтам. Жесең дәмі тіліңді үйіреді. Айтып жеткізе алмайсың. Аққыз әжейдің өзі де жақсы. Бірақ алма ағашының басына шыққаныңды көрсе, қатты ашуланады. Ол — сондай киелі ағаш. Адамбек айтады: «Оның түбіне Аққыз әжей соғыста өлген жалғыз ұлы Тәттібекті жерлепті. Көрдің бе, баласының аты Тәттібек болғандықтан, жемісі де сондай тәтті. Басына шықсаң, түбінде жатқан баласының белі ауырады. Баласының белі ауырса, өзінің белі одан бетер қақсайды екен. Алма ағашының ортан беліне жетпей жатып-ақ үйінен жүгіріп шығатын себебі сол. Ала төбетті де алманың түбіне байламай, аулағырақ байлайтыны сондықтан». Мүмкін бұл өтірік шығар. Бірақ Адамбекке бұның бәрін атасы айтыпты.


Адамбек айтқан әлгіндей аңыздан қанша сескенсек те, амалсыз ұрлыққа түсеміз. Тіпті соны айтып жүрген Адамбектің өзі де ұрлайды. Бүгін де, міне, Серік екеуміз алма ағашының түбіне бұқпантайлап жеттік. Жаңа ғана Аққыз әжейдің қара сөмкені қолына ұстап, дүкенге кетіп бара жатқанын көргенбіз.


Ала төбет қаннен-қаперсіз ұйқыға кеткен. Мысықша өрмелеп, ағаштың басына шықтық. Содан кейін қойны-қонышымызды алмаға толтыруға кірістік. Бір бұтағын жайғап, екіншісіне қол соза бергенімде сынған бұтақты көрдім. Қолым қалтырап кетті. Кім сындырды екен? Бекер-ақ келген екенбіз, енді ұстаса, бізден көреді.


Алдымен жерге Серік секіріп түсті, артынан мен. Ала төбет «арс» етіп ұмтылғанда шынжыры үзіліп кетті. Қисық шарбақтан қарғи бергенім сол еді, балағым «дар» ете қалды. Соның артынша-ақ әлдебір бұта шәпкімді қағып түсті. Ішім ашып қоя берді. Шалбар ештеңе емес-ау, ескі болатын. Шәпкіні айтсайшы.


Қойнымдағы алманың біразын шашып та алдым. Серік жеткізер емес, сирақтың ұзындығы осындайда пайдаға асты. Сол жүгіргеннен жүгіріп отырып, тоғайдың ішіне барып ентігімізді бір-ақ бастық.


Менде бес-алты-ақ алма қалыпты. Серікте көбірек екен. Ағасының жалпақ солдат белбеуін буынып алыпты, қайдан түссін. Балағымның жыртығы мен шәпкімнің жоқтығын оған байқатпауға тырыстым.


Қалған алманы әбден соқтық. Екеуін бөлектеп қалтама салып қойдым. Кім үшін дейсің ғой? Айым үшін! Ол — біздің сыныптағы ең сұлу қыз. Мен оны жақсы көрем. Ал ол мені жақсы көре ме, көрмей ме, ол жағын біле алмай басым қатты. Ертең мына екі алманы апарып бергенде қалай қуанар екен? Қиялданып отырып балағымның жыртығы есімнен шығып кетіпті. Аяғымды жазып жіберсем керек. Серіктің көзі тышқан көрген мысықтың көзіндей жайнап кетті. Санын шапақтап мәз болды. Соның артынша-ақ, жалаң бас қалғанымды байқап, ішін басып, жерге аунап жата кетіп, «қиық-қиық» етіп өлді де қалды.


Енді мен шындыққа көштім. Жатып кеп Серікке жалындым. Ешкімге айтпауын өтіндім. «Екеуміз дос болайық» дедім. Ақыры достықтың белгісі ретінде мен оған фонарымды беретін болдым. Фонарымды деймін. Өзімдікі де емес. Әкемдікі.


Дәл сол күні почтальон келгенде қарасам, «Жауқазын» газетіне өлеңім шығыпты. «Менің Қазақстаным» деп жарқырап тұр. Апама көрсеттім, тіпті оқып бердім. Маңдайымнан сүйіп, ол да менен бетер қуанып жүр. Тасырлатып тракторшы Саржан кірді. Алдымен апамның қолын алды. «Балаңның өлеңін жуу керек, болмайды», — дейді. Содан кейін барып:


— Дүкенге жүгір, — деп менің қолымды қысты.


Апам біраз ақша ұстатты. Осы орайды пайдаланып:


— Апа, тағы да ақша берші, шәпкі алайын, — дедім.


— Шәпкің бар емес пе еді?


— Жоғалтып алдым. — Өтірікті бетім шылп етпей айта салсам да, көңілденіп тұрған апам тағы мың теңге берді.


Дүкенге ұшып барып, ұшып келдім. Ауылдастар жиналып қалыпты. Бәрі маңдайымнан сүйіп жатыр.


Бүгін неткен қуанышты күн еді. Бақшаның аяғында, шөп үстінде шалқамнан түсіп жатып мен осыны ойладым. Енді өлеңімді Айым көреді. Сосын... Бірақ көрмей қалуы да мүмкін-ау. Өзім барып көрсетсем бе екен. Жоқ, ұят болар. Мақтаншақ деп жүрер. Бәлкім, мені жақсы көрмейтін де болар...


Ертең сабаққа барған соң (әдебиет сабағы — бірінші сабақ) апай мақтайтын шығар. Ой, сонда Адамбектің іші қалай күйер екен?! Ендігәрі «кітап кемірген көртышқан» деп айтпайтын болады. Мүмкін мені енді қабырға газетіне редактор етіп қояр. Анау Бекеттің өлеңі аудандық газеттен ары аспай жүр, сонда да редактор.


Шіріген алма маңдайыма бырш етіп жарылды.


— Әй, ақын, кеттік футбол ойнаймыз. — Адамбек екен. Жанында бір топ бала. Маңдайымдағыны сүртіп тастап, орнымнан тұрдым. Серік те осында жүр. Жымың-жымың етеді. «Бағанағыны айтып қойма» дегендей көзімді қысып-қысып қойдым.


Ой, бүгін қуанышты күн десе, қуанышты күн. Адамбектерді қатырып тұрып жеңдік қой. Бір өзім үш доп соқтым. Жалпы есеп 5:2 Адамбек қызып кетіп, төбелес шығара бастап еді, жақсы болды, әкесі шақырып алды.


Ертеңіне мектепке бара жатып, жолда Айымды кездестірдім. Ол саусақтары сүйріктей әдемі қолын ұсынды.


— Құттықтаймын!


— Рақмет! — Оқыпты. Бойымды қуаныш кернеп кетті. Қалтама қолымды салдым да, кешегі екі алманы алып бердім. Айым риза болып, жымиып күлді. Күлген сәтте екі бетінде оймақтай шұңқыр пайда болды. Осылай екеуміз сыныпқа қатар кіріп бардық. Бәлем, көрсін бәрі менің кім екенімді! Балалардың бәрі бір-бір «Жауқазын» газетін алып, шулап жүр. Қоңырау соғылып, есіктен апай көрінді. Қолында әдеттегідей кішкене қара сөмкесі бар. Апай күндегісінен өзгеше, келе балаларды түгендемей, тақтаның алдына шығып, кешегі жасөспірімдер газетін көрсетті.


— Оқыдыңдар ма?


— Оқыдық! — Балалар шу ете түсті.


Апай менің өлеңімнің тәп-тәуір екенін айтып, келешекте осылай жаза берсе, үлкен ақын болады деді.


Марқайып, мәз болып отырдым. Дәл осы кезде сыныпқа Аққыз әжей кіріп келді. Көзім жыпылықтап кетті. Әжейдің не жұмыспен келгенін Серік екеуміз ғана біліп отырмыз. Және ол кісі қағазға орап бір нәрсені қолтығына қысып алыпты. Оның не екені де бізге аян. Сөз жоқ кешегі шәпкіні тауып алған. Енді қазір мұғалімге айтады. Бүкіл жұрттың алдында «мынау кімдікі» деп әлгі айғақты көрсетеді.


Адамбек бәле оны айнытпай таниды, тіпті Аққыз әжейдің өзі де тануы мүмкін, апам алғаш базардан әкелгенде айналдырып көріп отырған. Серік жаққа көз салсам, ол да бүрісіп қапты.


Бірақ бәрі мен ойлағандай болмады. Аққыз әжей жылы жымиған күйі балпаң басып кеп, түйіншекті ешкімге білдірмей бере салды. Сөйтті де үн-түнсіз шығып жүре берді. Адамбек байғұс мойнын қанша созса да, оның не зат екенін ажырата алмай дал болып қалды. Сонда да қарап отырмай:


— Алма ұрлаған ғой, — деп салды. Бетім ду ете түсті. Елдің бәрі маған жалт-жалт қарағандай болып көрінді.


Апай бірақ ештеңе сезбегендей, Адамбекке: «Сабалақов, тыныш отыр», — деп еді, оның үні өшті.


Сабақтан шыға салып, үйге қайттым. Ешкімге көрінбеуге тырыстым. Кешкі тамақтан соң тағы шу шықты. Әкем қой қамаймыз деп, фонарды іздей қалмасы бар ма? Ана жерді іздеді, мына жерді іздеді, таппады. Мен де оны-мұнының астын шұқылап қараған болам. Жоқ фонарды біреу әкеліп тастайды дейсің бе, табылмады. Әрине, табылмаған соң, әкем менің жер-жебіріме жетті. Соның дәл үстіне көрші қыз сүт сұрап келе қалғаны. Бүгін неткен көңілсіз күн еді. Үйден қашып шықтым. Сабанның үстіне барып етпетімнен құлай кеттім.


Апам «Сәкен, Сәкен» деп біраз іздеп еді, сонда да шықпай қойдым. Әкеме өкпеледім. «Балам далада қалды-ау» деп, тырс етпеді. Көрер едім егер мені қасқыр жеп кетсе. Дәл қазір өтірік өле кетсем ғой. Екінші рет маған ұрыспайтын болар еді. Велосипед те әперер еді.


Осылай ойланып жатып ұйықтап қалыппын. Күн қызғанда бір-ақ тұрдым. Көкем де, апам да жұмысқа кетіпті. Кілт кірпіштің астында екен. Есікті ашып, үйге кірдім. Апам тамақ дайындап қойыпты. Тойып алдым. Содан кейін жамбастап жатып Абайдың өлеңін оқуға кірістім. Өткен сабақта апай мақтаған «Аттың сыны» деген өлеңді екі-үш қайтара оқысам да, кереметі қай жерінде екенін білмей-ақ қойдым. Аттың құлағы да қамыс болушы ма еді. Кекілін шоқпар дейді. Бір сәт өзімнің ақындығыма шүбә келтірдім. Әлі үлкен емеспін ғой. Абайдың өлеңін Абайдай болған соң түсінетін шығармын. Жалығып кеткен соң, Айымға хат жазуға отырдым. Бәрін жаздым. Оны жақсы көретінімді де жасырмадым. Алма ұрлағанымды да, енді ондай іс істемейтінімді де айттым да, көк қаптамаға салып, апарып Айымның үйінің жәшігіне салдым. Қаптаманың сыртына «жеке өзіне» деп жазып, оны жақшаға алып қойғанмын.


Бір күні мектептен шықсам, Айым мені тосып тұр екен. Хат жайлы әңгіме қозғай ма деп зәрем ұшты. Көпке дейін үнсіз жүрдік. Бір уақытта Айым:


— Ертең Аққыз әжеге алмасын теруге көмектесейік, — деді. Мен бұған қуана-қуана келістім.


Уәделескен күні қасыма Серікті ертіп бардым. Айым да осында екен. Әнеукүнгі ісіме Аққыз әжеден әлі де ұялып жүр едім. Бірақ ол кісі түк болмағандай жайдары. Серік екеуміз алманың төбесіне шықтық. Айым жерде толтырған шелегімізді төгіп тұрды.


Түсте әжей тамаққа шақырды. Үйдің қақ төріндегі қабырғаға бір жігіттің күліп түскен суреті ілініпті. Күлгені батыр ұшқыш Тоқтарға ұқсайды екен. Елдің бәрі аңыз етіп айтып жүретін Аққыз әжейдің Тәттібегі осы шығар. Оң жақ қабырғада екі сурет бар. Бірі — Аққыз әжей. Әдемі қоңыр көздерінен айнытпай таныдым. Екіншісі — осы үйге тіпті жат адамдай, түсі суық. Аққыз әжейдің шалы деуге қимай отырмын. Әжей де біздің мына суреттерге жалтақ-жалтақ қарап отырғанымызды сезді-ау деймін:


— Мынау — шалым, — деп суретті нұсқады. — Ал мынау — Тәттібегім. — Аққыз әжейдің жүзі гүл-гүл жайнап кетті. Суретке күле қарап: — Кенжем, жалғызым, тентегім, айналдым әншейін, — деді. Соның артынша-ақ көзі суланып, демнің арасында жылай салды.


Ызыңдап самаурын келді. Аққыз әжей дастарқанға бір шара бауырсақ төкті.


Екі-үш кесе айналдырып болғанымыз да сол еді, Серік:


— Аққыз әже, әңгіме айтыңызшы, — деп жабыса түскені. Ауызға енді ғана бауырсақты қарбыта бастағанмын. Әңгімешілін бұның. Аузы аңырайып, танауы деліріп тыңдай қалыпты. Мен де амалсыздан әңгімеге құлақ қойдым.


— Сендер ғой, сендер шалымды білмейсіңдер. Тіпті Тәттібегімді де көрген жоқсыңдар. Он баламның шешек ауруынан қайтыс болғанын естіген шығарсыңдар, шешелерің айтып отыратын...


Таң қалдым. Міне, он төрттен асып барам, үйдің іргесінде отырған Аққыз әжейдің он бір баласы болды дегенді естігенім осы.


— Аман қалған Тәттібегім сүт кенжем еді. Оны да көп көрді соғыс. Он бір баланы жұтып, қу бас болып отырысым мынау. Кейде қарадан-қарап көңілім босайды. Бұл Құдайға не жазғанымды... Тәттібегім тірі болса, соның жаман немелерінің көз алдымда қарайып жүргенінің өзі мен үшін бақыт емес пе еді? Ертеңгі күні өле кетсем, мына шаңырақ иесіз қалар. Алғаш қосылған жылы шалым екеуміз өз қолымызбен көтеріп едік. Анау алма ағашын да Тәттібегім шкүлде оқып жүргенде «мұғаліміміз айтты» деп өз қолымен отырғызған. Тіпті маған қисық болып кетпесін деп ұстатып қойып еді. — Осы тұста Аққыз әжей тура бала сияқты болып кетті. — Тегі, көзіме ыстық көрінеді. Енді жігіт болып үйленейін деп жүрген. Көшенің басындағы, осы жақында қайтыс болған сопы шал бар ғой, соның қызына. Сол екеуінің тәтті алманың түбінде сырласып тұрғанын талай көріп едім. Қазір кездесе қалса, айыпты адамдай, сәлемін беріп, имене өтеді. Әнеугүні біреулер сол тәтті алманың бір бұтағын сындырып кетіпті. Сонда ашуланып-ақ мектепке барып едім. Бірақ менде тұрған не қылған ашу дейсің. Мектепке кіргенде-ақ тарап кеткен.


Әңгіме де бітті. Бәріміз де үнсіз қалдық. Мен өзімді осынау шерменде жанға қиянат жасағандай сезіндім...


Сол күннен бастап әлім келгенше Аққыз әжейге көмектесіп жүрдім. Келесі жексенбіде отынын жарып бердім. Айым да келді. Айыммен болған көңілді. Өзі де қызық. Доппен басыма ұрып ойнайды. Баяғы екеуміз дос болайық деген хатты ұмытқан ба, ол жайлы ләм демейді.


Бір күні Аққыз әжейдің ала төбеті із-түзсіз жоғалып кетті. Оны Айым екеуміз тоғайдың арасынан таптық. Біреу атып тастапты. Мен білсем, Адамбек сияқты. Сол ала төбет жоғалатын күндері әкесінің мылтығын алып жүргенін көргенмін.


Сол күні әдеттегідей футбол алаңында жиналдық. Адамбекті балалардан бері, оңашаға шығарып алып:


— Итті неге атасың? — дедім. Алғашында апайға айта ма деп қорқып, жалтақтап еді, келе-келе қызып:


— Ал, аттым, сенің ісің не? — деді.


— Жалғыз кемпірге жаның ашымай ма?


— Сенің не себепті жаның ашып жүрген білеміз ғой.


Ұстаса кеттік. Бір сәт оңтайы келгенде жамбасқа алып ұрдым. «Ыңқ» етіп, әдемі-ақ түсіп еді. Бірақ оны ұстап жата алмадым. Бетімнен тырнап тұрып кетті. Әдіс жағынан келгенде Адамбек менен мықтылау еді, сол мықтылығына салып, аяғымды орап, көтеріп тастады. Үстіме мініп алып, былш-былш еткізіп соға бастады. Олай бұлқындым, былай бұлқындым, шыға алмадым. Біреу келіп ажыратқанға қарасам — Айым. Жаңа мен жыққан кезде келмей, жеңіліп жатқан үстіне келгенін көрмейсің бе? Адамбек үсті-басын қағып үйіне кетті. Балалар да тарады. Екеуміз ғана қалдық.


— Тұрсайшы, Сәкен, кетейік.


Ол мені жұлқылай бастады. Естімегендей отыра бердім. Қаным басыма теуіп тұр.


— Сәкен деймін... — Айым ары айтты, бері айтты, сосын: — Ал, ендеше, мен де кетпеймін, — деп жаныма отырып алды. Аздан соң ыңылдап ән айтты. Даусы түнгі ауада баяу қалықтап, әдемі шықты. Осылай отыра бергім келеді, отыра бергім келеді. Төңіректі қараңғылық басып, аспанда жұлдыздар көріне бастады. Ақырын қолынан ұстадым. Әттең осының бәрі бір-ақ сәттік болды.


— Кетейікші, Сәкен. — Ол орнынан тұрып, ақырын қолын тартып алды.


— Асығып тұрсың ба? — Аузымнан қалай шығып кеткенін білмей қалдым.


— Жоқ, апам іздеп жатқан шығар.


— Кеттік.


Қолынан ұстап жүгіре жөнелдім. Жүгіріп келеміз. Ғажайып әлем! Бүгін неткен көңілді күн еді. Аспанда жұлдыздар қаптап тұр.


Ауылға алғашқы қырбық қар да түсті. Бір күнде қыс түскендей бола қалып еді, ертеңіне-ақ көктем күніндей жаймашуақ күз қайта орнады. Осындай менің әжемдей мейірімді, менің әжемдей сарғайған сұлу күз күндерінің бірінде Айымның үйі әкесінің қызмет бабымен аудан орталығына көшетін болды...


Сол күні біз көп қыдырдық. Тәтті алманың түбінде отырып, тұңғыш рет бір-бірімізге ашыла сөйлестік. Түннің суықтығын да ескермедік. Арманымызды ортаға салдық.


— Сен үлкейген соң жазушы боласың ба? — дейді Айым.


— Иә, ал сен ше?


— Мен суретші боламын.


Түннің бір ортасы болып қалды. Қоштасуға қимаймыз. Айымның үйінің алдына келдік.


— Сен сүйісіп көрдің бе? — деді кенет Айым.


Жүрегім дір ете қалды. Таңданып бетіне қарай беріп едім, Айым мені құшақтай ұстады да, шөп еткізіп бетімнен сүйіп алды. Шоқ басқандай тұрып қаппын. Түнімен ұйықтай алмай шықтым. Бірде қуанам. Ал Айымның кететінін еске алсам...


Ертеңіне тұрсам, сәске түс болып қалыпты. Тез киіндім де, көшеге шықтым. Айымның үйінің алдында бір машина тұр. Жанында бір қора адам. Жүктерін әлдеқашан тиеп қойыпты. Аққыз әжей де, Адамбек те осында екен.


Қайта-қайта дегбірсіздене, Айым көрініп қалмас па екен деп, үй жаққа қарап қоям.


Көп өтпей-ақ онымен қоштасатын да кез жетті. Бұл біз үшін бір ауыр сәт еді.


Шығарып салуға келгендердің әрқайсысы-ақ Айымды құшақтарынан қимай босатты. Аққыз әжей тіпті шыдай алмай жылады. Оны көріп, менің де көңілім босады. Сол сәтте дүниедегі ең қадірлі, ең бақытты адам Айым сияқты болып көрінді маған. Одан мына бақытты қызғанғандай да едім. Әттең, Айымның орнында мен болсам. Сонда Айым қалай қоштасар екен. Ол қыз ғой, мен сияқты тістеніп тұрмас еді, көзіне жас алып, сөз жоқ жылар еді.


— Сабағыңды жақсы оқы. Келіп тұр, бізді ұмытпа, — деп, Аққыз әжей қалтасынан қызғалдағы қаптаған қызыл орамал алып, оны Айымның басына тартты. — Осыны көргенде Тәттібектің апасын есіңе аларсың.


Айым менімен тек қол беріп қоштасты. Мүлде басқаша қоштасармыз деп ойлаушы едім. Бірақ есесіне ол қолыма бір бүктелген қағаз ұстатты. Қимағандай ыңырана боздап, ауыр қозғалған машинаның соңынан қалмай Адамбек екеуміз көп жүгірдік. Айым да, қашан көрінбей кеткенше, қызғалдақты қызыл орамалды бұлғаумен болды.


Оңашада Айым берген қағазды аштым. Аққыз әжейдің алма ағашының суретін салыпты. Екі-үш бала ұрлыққа түспек болып еңбектеп келеді. Ала төбет қаннен-қаперсіз ұйқыға кеткен. Алысырақтан әжейдің кішкене үйі көрінеді. Оның алдында Аққыз әжей әлдене істеп қыбырлап жүр.


Білесіздер ме, біздің ауыл барлық ауылдан жақсы, барлық ауылдан әдемі. Біздің ауылда Аққыз әжейдің тәтті алмасы бар.



Сәбит Дүйсенбиев - 1959 жылы 16 тамызда Түркістан облысы Түлкібас ауданының Шақпақ Баба ауылында туған. 1981 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң, еңбек жолын «Жалын» баспасында редакторлықтан бастады. Бұдан соң «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, «Денсаулық» журналында бөлім меңгерушісі, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Заман-Қазақстан», «Түркістан» газеттерінде тілші, Қазақстан Жазушылар одағының аппаратында әдеби кеңесші болып қызмет етті. 1989 жылы «Арал және балалар» циклды мақалалары үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.

Сәбит Дүйсенбиев – балалар мен жастар жазушысы. Ол балалар мен жасөспірімдер сүйіп оқитын «Тәтті алма», «Қақпашы», «Сладкое яблоко» повестер мен әңгімелер жинақтарының және жастардың жүрегіне жол тапқан лирикалық «Мен ғашық емеспін» кітабының авторы. Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан жарық көрген «Независимый Казахстан: антология современной литературы» атты үш томдыққа, Түркияда жарық көрген «Xүзүн Кушағы» («Сырлас буын») атты қазақ жазушыларының таңдаулы әңгімелер жинағына шығармалары енген. Жекелеген әңгімелері түрік, орыс, қырғыз, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған. «Махаббат миниатюралары» атты алақандай әңгімелері бойынша жасалған инсценировкасы 2007 жылдан бері Астана Жастар театрының сахнасында қойылып келеді. «Аруна» баспасынан жарық көрген Х.Андерсеннің «Ең әдемі ертегілер» жинағын, орыс, ұйғыр, армян, түрікмен жазушыларының әңгімелерін қазақ тілінде сөйлетті.

Тәрбиелік мәні зор, әрі қиялға бай «Күшіктерді құтқару құпиясы» әңгімесі мен «Алматының апорты» ертегісі бірі дәстүрлі «Дарабоз» бәйгесінің, екіншісі Қазақмыстың «Балауса» бәйгесінің үшінші жүлделерін жеңіп алды. Осындай шымыр туындылары Қазақ әдебиеті хрестоматологиялық оқулығына енген.