Ұмай бұлағы – аңыз

0
5 961

Ата-анасы баласына қалай көмектесерлерін білмей, қайғыдан қара жамылады.


Ұмай бұлағы – аңыз

Ерте замандарда ала таулардың етегінде бір отбасы мекендепті. Олар ештеңеден таршылық көрмепті. Малы да көп, балалары да қайратты һәм ақылды екен. Бір күні бұл үйді де қырсық шалып, кенже ұлдары қатты сырқаттанады. Ол күндіз-түні төсекте дөңбекшіп, ес-түссіз жатады. Тәуіптер оны ақ аруананың сүтіне шомылдырады, жеті ақ қойдың жүнінен басылған киізге орайды, борсықтың майын ішкізеді, ауруды қуып шықпақшы болып, қамшымен сабайды, қазы-қарта, жал-жая жегізеді. Бірақ бала көрер көзге сола береді.


Ата-анасы баласына қалай көмектесерлерін білмей, қайғыдан қара жамылады. Жиған-терген байлықтарын түгел, соңғы күміс теңгесіне дейін ұлын емдеген тәуіптерге беріп, сарп етеді. Бірақ ауруды ешкім жаза алмайды. Бір күні таңертең шешесі үйді жинап жүріп, текеметтің астынан ұлының кішкентай күніндегі білезікшесін тауып алады. Көп жыл бұрын, баласының сәби шағында ол жолдан жеті көгілдір ақық моншақ тауып алып, содан нәрестесіне білезік-бойтұмар істеп берген болатын. Ол оны тағып жүргенде, барлық пәле-жала бұл үйді айналып өтуші еді.Мұндай бойтұмарларды бөтен кісіге беруге, сатуға болмайды деседі. Бірақ не шара?! Бұл – енді қолда бар жалғыз құнды зат. Бірақ тәуіп ескі ақықтың жеті моншағы түкке тұрмайды деп, бұл әшекейді алмайды. Әйел сөйтіп құр қол оралады.


Үйге қайтып келе жатып, ол жайылып өскен бір ағашты көреді. Кәрі долана әйелге бұтақтарын созып, құдды аялай құшақтап, жұбатқысы келгендей болады. Бейшара әйел ағыл-тегіл жылап, анасындай көріп, өзінің қайғы-шерін оған айтып береді. Сонан соңҰмай анаға тартқан сыйы ретінде ұлының білезігін бұтаққа іледі. Жүре бергені сол еді, білезіктің жібі үзіліп кетіп, моншақтар сыңғырлай төменге шашылады. Олар құлап түскен жерлерден сол сәтінде-ақ құйттай бұлақтар шапшиды. Білезіктегі моншақтардың санына қарай ол бұлақтар да жетеу екен.


Мұндай кереметті көрген әйел барлық бұлақтан аз-аздан су құйып алып, науқас ұлына ғажайып суды тезірек ішкізбекке асығып, үйіне жөнеледі. Бала судан бірнеше ұрттап жұтып еді, демде құлан-таза сауығып шыға келді.


– Бұл кәрі ағашқа айналған Әулие-Ана – Ұмайдың өзі, сенің жалбарынған зар дұғаңды естіп, аяушылық еткен екен, – деді бір кейуана, – өйткені Ұмай барлық әйелдер мен балалардың желеп-жебеуші қамқоры ғой.


Сол кезден бері халық арасында бұл жеті бұлақтың суы шипалы деп есептеледі. Бұлақтар ағып жатқан алапты жұрт «Ұмай бұлақ» атап кеткен. Егер бұл араға таңертең ерте келсе, бұлақтың түбінен көгілдір ақық моншақтарды көруге болады дейді. Алайда оларды Ұмай ана жұрттың бәріне бірдей емес, тек жәрдемге зәру, жан-жүрегі таза адамдарға ғана көрсетеді екен.


«Қазақ аңыздары» кітабынан

Бөлісу