Жыртылған кітап – әңгіме. Ділдар Мамырбаева

0
1 303

Балаңыз кітапханадан алған кітабын әлі күнге өткізбей жүр, соны кері қайтарып, айыппұл төлеңіз, — деді де қалтасынан «Кітап — біздің досымыз» қозғалысының мүшесі деген куәлігін алып көрсетті


Жыртылған кітап – әңгіме. Ділдар Мамырбаева

Есік қоңырауы әдеттегіден өзгеше шырылдады. Үйге шынашақтай ғана бала кірді. Оның әлдебір маңызды шаруамен келгені жүзінен аңғарылып тұр.


— Асқар Ахмет осында тұра ма?


— Иә, — деді Асқардың шешесі әлгі шынашақтай балаға таңырқай қарап. Бейтаныс баланың ересектерше салмақты сөйлеуі бір түрлі қызық көрінеді екен. Осы сәтте бөлмесінен шыққан Асқар да өзі танымайтын балаға тосырқай қарады.


— Балаңыз кітапханадан алған кітабын әлі күнге өткізбей жүр, соны кері қайтарып, айыппұл төлеңіз, — деді де қалтасынан «Кітап — біздің досымыз» қозғалысының мүшесі деген куәлігін алып көрсетті. Асқардың көңіл-күйі түсіп кетті. Осы қозғалысқа өзі де мүше болғысы келген еді... Бұл ойын сыныптасы Айжанға да айтқан. Енді тұрысы мынау.


— Қандай кітап?


— Неге өткізбей жүрсің?


Тұс-тұстан қойылған сұрақтардан Асқардың басы даңылдап кеткендей болды. Не деп жауап берерін білмей қиналды.


— Ол кітап... суға түсіп бүлініп қалды... Үй ішіндегілер «ол қалай болды?» дегендей бұған сұраулы жүзбен қарады.


Оларға Асқар кітапты әдейі бүлдіргендей көрінді. Үйдегілер мұны үнемі мақтап, біздің Асқар мейірімді, қайырымды бала деп жүргенде бұл бір сәтте пайымсыз, жаман балаға айналып шыға келгендей.


Сол күні ол кітапханадан шыққанда жаңбыр себелеп тұрды. Кітапханадан алған кітабын үйге келген соң қарауға шыдамы жетпей, әр бетін парақтап келе жатты. Бұрын кітаптың басты кейіпкері Қожа туралы киноны көрген. Өзімен бірге әжесі де тамашалаған. Содан әжесі: «кітапта жазылған біраз оқиғалар қалып қойыпты», — деді. Көзі ұйқыға кеткенше киноға кірмей қалған қандай оқиға болды екен деп ойлаған. Енді сол оқиғаларды іздеп таба қоймақшы. Дәл осы сәтте өзімен қатарласа көшенің екінші жағына өтпекші болған апайдың жүгі ауырлау көрінді. Әжесі үнемі: «үлкендерге жастардың көмек көрсетуі парыз» деп отырушы еді. Әжесінің айтқан әрбір сөзін бұлжымайтын заң ретінде қабылдайтын Асқар әлгі апайға көмектесуге ниет білдірді. Кітабын бір қолына ұстап, жүгін ала бергені сол еді, мұны асығыс келе жатқан бір жүргінші қағып кетті. Қолындағы кітабы анадай жердегі жаңбыр суы жиналған көлшікке түсіп, ол аз болғандай зулап бара жатқан машина таптап өте шықты. Асқар жылап жіберді. Үйге келген соң сумен жуып кептірді. Өз қалпына келеді деген кітабы алқам-салқам болып, тіптен қобырап кетті. Бірақ оқуға болады. Соған қуанды. Әр бетінің қыртысталып, бүктеліп қалған жерлерін қолымен тегістеп отырып оқып шықты. Қожадай болғысы келді. Өзінің бойынан Қожаға ұқсастықты іздеді. Сатқындық жасаған Сұлтанға өкпесі қара қазандай. Кітапты өткізетін уақыты таянып қалған. Бұл қалпында апаруға болмайды. Апарса бұған оқырман куәлігін толтырған апайы тағы да ренжиді. Өткен жолы мұның қолындағы «Мұны қыздар ғана білуі тиіс» деген кітапты көріп шошып кеткен. «Сыныптас қызым сұрап еді» деп ақталған. Сыныптасы Айжан мұның кітапханаға бара жатқанын білгенде өтініш айтқаны рас еді. Кітапханашы апай қолындағы кітапты алып жатып: «Сен кітап оқитын бала емессің» деген болатын. Енді мынаны білсе: «Біліп едім, айтып едім ғой, бұл кітап оқитын бала емес» деп тағы да ренжиді. Не істесем екен. Орнына басқа кітап өткізу керек. Алдымен қаладағы кітап дүкендерінен шарлап шықты, таппады. Компьютермен кітапты теріп шықса қалай болар екен. Бірақ ол кітапқа ұқсамайды ғой. Неде болса кітапты түптеп көрмек болды. Өткенде мектепте еңбекке баулу сабағында кітап түптеуді үйренген болатын. Өзіне осы ойы ұнады.


Ең алдымен кітаптың бетін түгел үтіктеп, қыртысын жазды. Содан кейін бір парақ қағазға өзінің қиялындағыдай Қожаның суретін салды. Онысы өзінің ойлағанынан да артық шықты. Салған суретін кітаптың мұқабысына желімдеп, түптеп еді, әп-әдемі кітап болып шыға келді. Енді сол кітапты бүгін қайта өткізгелі отырғанда мына баланың жетіп келгенін қарасаңшы.


Асқар бөлмесінен бұрынғысынан сәл қалыңдау кітапты алып шығып, бейтаныс балаға ұсынды. Бүлінгені онша байқалмайды. «Кітап — біздің досымыз» қозғалысының мүшесі өте ұқыпты бала екен. Кітап беттерін түгел тексеріп шықты. Асқардан оқиғаның қалай болғанын сұрады.


— Кітапқа абай болуың керек еді, дегенмен мына ісің бізге ұнайды. Мүмкін сен біздің қозғалысқа мүше болып кірерсің.


Асқар қуанып кетті. Көптен бергі арманы орындалғандай. Әжесі келіп: «Менің Асқарым ең мейірімді, шебер бала ғой» деп бауырына тартып, маңдайынан иіскеді.