Тәжірибелі жиһанкездер бірнеше кеңес
Сурет: Pinterest
Ирина Дым: «Саяхат – жаңа әсерлер мен шабыт сыйлайтын ерекше тәжірибе. Табиғат аясында тынығу, бұрын болмаған жерлерді көру, күнделікті күйбең тіршіліктен алыстап, өз-өзіңмен үйлесім табу – мұның бәрі сапардың ең басты құндылықтары. Алайда кез келген саяхаттың сәтті өтуі – оны дұрыс жоспарлауға немесе жан-жақты ойластырылған турды таңдауға байланысты»
Бұл мақалада жиһанкез Ирина Дымның саяхат туралы ойлары мен сапарға шығуды жоспарлап жүргендерге арналған кеңестері топтастырылған.
Тур таңдағанда жай ғана бағытты емес, сонымен бірге маршруттың мазмұнын, ұйымдастыру деңгейін, қауіпсіздік шараларын, топтың көлемін, өмір сүру жағдайларын және өз қажеттіліктеріңе қаншалықты сай келетінін ескеру маңызды.
Ирина Дым: «Туристік ұсыныстардың түрі көп: біреуге табиғаттағы тыныштық керек, басқаларға – белсенді демалыс, ал келесі біреулерге – жаңа мәдениеттермен танысу қызық. Сондықтан тур таңдауда ескерілетін жайттар әркім үшін әртүрлі болуы мүмкін. Бұл мақалада өзіме маңызды болып табылатын аспектілермен бөлісемін, әрі саяхаттың шынымен де ләззат сыйлайтындай болуы үшін нені ескеру керектігін айтып өтемін.
Бірінші қадам...
...Көптеген турлардың ішінен өзімнің барлық сұраныстарыма сай келетін, қызықты орындарды қамтитын әрі өз талғамыма сай жайлы тұратын орынды қамтамасыз ететін турды таңдау.
Бұл жағынан youtravel.me платформасы көп көмектеседі. Мұнда көптеген авторлық турлар жиналған, барлық параметрлер көрсетілген. Бұл саяхат таңдауды едәуір жеңілдетеді.
Әр саяхатшының тұрғын үй мен қызмет көрсету деңгейіне қойылатын өз талаптары бар. Сондықтан маршруттарды салыстырып, қайсысы сізге сәйкес келетінін анықтау маңызды: жаяу туризм бе, әлде көлікпен жүру ме, шатырда тұру ма, әлде люкс қонақүй ме? Бәрін ескеріп, ұсынылатын тұрғын жай деңгейіне назар аудару қажет.
Тамақтану
Келесі маңызды нәрсе – тамақтану туралы ұсыныстарды мұқият қарап шығу. Себебі бұл сапардың жалпы бюджетін болжауға, нақтылауға көмектеседі. Кейбір турларда тек таңғы ас қана қамтылған, ал кейбірінде – толық күндік тамақтану қарастырылған. Бұл тек қаржыға ғана емес, сонымен қатар кафелерді іздеп, уақыт жоғалтпау үшін де маңызды.
Егер тау ішінде жеңіл тағамдар жоспарланса, әдетте азық-түлікті гидтер алдын ала сатып алады. Ұсынылатын мәзір гидтің ыждаһаттылығына және топ үшін дәмді бірдеңе әкелуге деген ниетіне байланысты болады.
Егер сіз үшін мәзір алдын ала белгілі болуы маңызды болса, сапар алдында ұйымдастырушыдан оны сұрап алуға болады. Сонымен қатар, егер сіздің тамақтану ережеңізде назар аудару керек ерекшелік болса (мысалы, аллергия немесе арнайы диета), оны міндетті түрде ескертіп айту керек. Бір жолы таудағы турда топта бір әйелдің глютенсіз диета ұстанатыны белгілі болды, ал гид бұл туралы білмеген. Жақын маңда глютенсіз тағамдар сататын дүкен табылмай біршама қинылғаны есте қалды.
Трансфер
Әуежайдан қонақүйге және кері бағыттағы трансфер – мен үшін маңызды нәрселердің бірі. Саяхатта мен сәттің рахатын сезінгім келеді: ұшып келсем – мені әуежайдан күтіп алып, қонақүйге жеткізіп, барлық жағдай жасалған болса деймін. Такси іздеп, өз бетіммен жетуді ойлау – демалыстың бір бөлігі емес сияқты. Қиын емес, әрине, бірақ бұл шынайы демалыс емес.
Кейде трансфермен байланысты мәселелер туындайды. Егер сіз белгілі бір уақытта жалғыз ұшып келсеңіз, тур ұйымдастырушысы жалғыз қатысушыны күтіп алмау құқығын сақтап қалуы мүмкін. Егер бұл сіз үшін маңызды болса, тур шарттарындағы осы тармақты мұқият қарауды ұсынамыз. Өйткені әуежай мен баратын жер арасы алыс болса, жалғыз адамға жол ақысы қымбатқа түсіп, біраз жүйкеңізге әсер етуі мүмкін.
Ғаламтордағы пікірлер
Ғаламтордағы сайттарда жазылған пікірлер – субъективті дүние. Олар көмектесе ме әлде керісінше, одан сайын шатастыра ма – алдын ала айту қиын. Адамдар әртүрлі, сол сияқты олардың талаптары мен талғамдары да бірдей емес. Кейде пікірлер теріс болып жатады, бірақ оның себебі адамның тур шарттарын мұқият оқымағанынан болады. Ал кейде пікірлер расымен де ой салып, бағдарламаға мұқият қарауға немесе ұйымдастырушыға қосымша сұрақтар қоюға себеп болады. Ал егер оң пікірлер көп болса – бұл әдетте сенімділік береді: «Бұл турды алуға болады, жақсы демалу мүмкіндігі жоғары» деген сияқты ой туады.
Меніңше, пікірлерге 100% сену – өз таңдауың үшін жауапкершілікті мүлде басқа біреуге тапсырып қойғанмен бірдей. Әр адамның шындықты қабылдауы, талғамы, күтілімдері әртүрлі. Бір турдың өзінде көп нәрсе өзгеруі мүмкін: гидтер, тұратын орын, баратын локациялар. Ал пікірлер кейде бірнеше жыл бойы сайтта тұра береді.
Тұрғын-жай мәселесі
Тур шарттарында бір адаммен бөлме бөлісу туралы ақпарат алдын ала көрсетілуі мүмкін, бірақ ол кейде ұсақ шрифтпен жазылып, назардан тыс қалуы ықтимал. Егер жеке бөлмеде тұрғыңыз келсе, оған қосымша ақы төлеу қажет болуы мүмкін. Сондықтан турды таңдағанда тұру жай-күйі мен бөлме түрін нақтылап алғаныңыз дұрыс. Қонақүй, хостел, туристік база немесе шатырлы лагерь – әрқайсысының өз ерекшелігі бар, сондықтан өз қажеттілігіңізге сай нұсқаны таңдау маңызды.
Топтық турларда бөлмелес болу – кездейсоқтық, сондықтан жеке кеңістік сіз үшін маңызды болса, бұл туралы ұйымдастырушыға алдын ала хабарласып, жеке бөлме алу мүмкіндігін сұраған жөн. Сонымен бірге тұру орнындағы ыңғайлылықты, мысалы, жылыту, су, душ және ауа баптағыш сияқты жағдайларды да алдын ала тексеру керек. Бұл кішігірім, бірақ сапар барысында үлкен әсер ететін факторлардың бірі.
Топтағы адамдар саны
Бұл мәселенің маңыздылығын мен Камчаткаға сапардан кейін түсіндім. Сол жерде алғашқы бірнеше күн ішінде үш түрлі тур топтары бірге болды, сондықтан 16 адам орнына 30-дан аса адам жиналды. Бұл көп сезілмеді, бірақ біз өзеннен өтіп, суға батқан кезде, қатты жаңбыр жауғанда қиындықтар туындады. Биік резеңке етік тек 5 жұп қана болды. Содан кейін біз суық желдің астында көп уақыт тұрып, әлі серуендегісі келген адамдарды күтуге тура келді.
Мұндай жағдайда топтағы адамдар саны көп болғаны қолайсыздық тудырады. Бағдарлама бойынша қозғалу баяулайды, көбінесе күтіп отырасың. Сондықтан ұйымдастырушыдан топтағы адамдар саны қанша екенін және бірнеше топтардың бір маршрутта бірге жүру мүмкіндігін алдын ала сұраған дұрыс. Түрлі турларға жазылған пікірлерде дәл осы тақырыпта жиі наразылықтар кездеседі. Өз тобыңда адамдар бірігіп, көп араласады, ал жиі өзгерістер болса, бұл өте ыңғайсыз болады.
Не алу керек?
Тур алдында ұйымдастырушылар әдетте қажетті заттардың тізімін жібереді. Назар аударғым келетін маңызды жайт — егер сіздің треккинг бәтіңкеңіз жаңа болса, оны алдын ала үйде біраз киіп жүру керек. Олай етпесеңіз, сапар барысында аяғыңызды қажауы мүмкін. Сонымен қатар, жаңбырдан қорғайтын плащтарды полиэтилен емес, тау жағдайына төзімді әрі мықтысын алған дұрыс.
Мен Алтайда бір ерекше жағдайға тап болдым. Біз Белуха тауының айналасында палаткалармен, байланыссыз жүрдік. Күнде жаңбыр жауып тұрды. Бір күні ботинкаларды палаткаға қойып, қарасам, олардың табаны жоқ екен! 12 күндік сапардың 6-шы күні, жаңбыр күні-түні. Түн ұйқысыз өтті. Жол тастан, түп-тамырдан, батпақтан тұрды, ал менде тек резеңке шлепки бар еді.
Таңертең топқа жағдайымды айттым. Сол кезде бір қыздың екі жұп треккинг ботинкасы болып шықты – жоғары және төменгі. Ол маған бір жұбын берді. Бұл нағыз құтқару болды! Осыдан кейін мен қосымша бір жұп төменгі ботинка сатып алдым және үнемі екі жұп алып жүремін.
Ұйымдастырушымен қарым-қатынас
Мен әрдайым пікірлерді мұқият оқимын. Егер тур маған өте ұнаса, бірақ пікірлер арасында көп теріс көзқарастар болса, мен тревел-экспертпен хаттасып немесе қоңырау шалып көремін. Бұл өте ыңғайлы, өйткені адамның сөйлесу мәнері арқылы оны жақсырақ түсінуге және оның жұмысқа деген көзқарасын сезінуге болады. Күмән туындаған жағдайда, қоңырау шалу ұйымдастырушыға сенуге болады ма, жоқ па дегенді анықтауға көмектеседі.
Сондықтан мен пікірлерді оқимын, бірақ өз қорытындымды ұсынылған ақпарат пен ұйымдастырушыға қоңырау шалудан кейін шығарамын. Қоңырау шалу опциясын көбінесе тур ерекше болғанда және мен ондай жерде болмаған кезде қолданамын. Ұйымдастырушылар сұрақтарға өте толық жауап беріп, қажет нәрсені түсіндіреді. Ал егер жауап болмаса — бұл алаңдататын белгі.
Баршаңызға ұмытылмас сапарлар, сенімді және қызықты жолсеріктер, шексіз қаржылық, уақыттық және физикалық қуат тілеймін! Жаңа орындар мен ғажайып табиғат бұрыштарын ашып, әр сапарыңыз ерекше әсер қалдырсын. Ал мен жаңа оқиғалар мен жаңалықтарды асыға күтіп, келесі шытырманға дайындалудамын.»
Аударған: Бауыржан ЕРМАН
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: