​Танымал туристік елдердің көпшілік айтпайтын кемшіліктері

0
306

2026 жылы бұл елдерге баруды дұрыстап ойлану керек


​Танымал туристік елдердің көпшілік айтпайтын кемшіліктері

Сурет: a.d-cd.net

Жыл бойы тынымсыз еңбек еттіңіз, демалысты күттіңіз. Шетелге саяхатты армандап, ақша жинадыңыз. Ақыры сәті келіп, жолдама алып, сапарға шыққанда, барған жеріңіз қиялыңызбен үндеспесе ше? Олай болуы мүмкін бе? Әрине. Мұндай жағдай тіпті туризмнің алпауытына айналған бағыттарда да болып тұрады. Мәселен...


Бали мен Үндістан

Балидегі демалысты аңсайтындардың арманы – тұмса табиғатты тамашалау, тыныш та жайлы мекенде медитация жасау, шетсіз-шексіз күріш алқаптарын аралау. Ал Үндістанға келушілер өзгеше колориттен шабыт аламын, ретрит жасаймын, кармамды тазалап, чакраларымды ашамын деп күтеді. Бірақ, ондағы кереметтермен қатар, қоқыс тауларын да көріп, иісін иіскеп, лас ауасын жұтуға тура келетінін ескере бермейді. Одан бөлек, рухани тәуелсіздік сыйлауға уәде беретін өлкелер шын мәнінде фаст-фудқа деген тәуелділікпен қайтаруы мүмкін. Себебі Бали – алып «Макдональдсқа» айналған. Ал Үндістан тағамға өлшеусіз қосатын дәмдеуіштеріне «байлап қояды».

Сіз өзгеріске үміттеніп, жанарыңыз жанып келесіз, ал шын мәнінде ақша сыпырып алатын конвейерге түсесіз.


Дубай мен Мальдив

Бали мен Үндістан ішкі өзгерістің иллюзиясын сатса, Дубай мен Мальдив сыртқы табыстың иллюзиясын сатады. Дубай – туризм арқылы табыс табу мақсатымен жасалған, сән-салтанатқа ғана баса мән берілген, жалтыраған, мінсіз, бірақ «жансыз» декорациялар. Бұл сұлулықтың бәрі сіз үшін емес, әлеуметтік желідегі аккаунтыңыз үшін...

Ал Мальдивте басқа тұзақ, ол – оқшаулану. Сіз кристалдай мұхитпен және мәселелеріңізбен оңаша қаласыз, бетпе-бет келесіз. Сырттағы мүлгіген тыныштық пен шексіз көкжиек ішкі бос кеңістікті ашып көрсетеді. Сеніңіз, ішіңіз бос болса, ешқандай мұхит та, жағажай, басқа да әлемнің кереметтері ол кеңістікті толтыра алмайды. Ішкі мұңыңыз бен мінсіз табиғат көріністерінің ортасында жалғыз қаласыз.


Түркия

Түркиядағы «бәрі қосылған» жүйесіндегі турлар – көп жағдайда алдамшы қамқорлық. Бәрін бір ғана сіз үшін жасағандай болады. Бірақ төлем жасаған соң сізде таңдау жоқ, еркіндік жоқ. «Бергенді ал, алдыңа қойғанды іш, ұсынған орынға жат». Мұндай жерде таңдау болмағасын, қалау ескерілмегесін, ой да, сезім де аз. Бұл демалыс емес, шарасыздық, дәрменсіздік. Тек релакс иллюзиясын ғана тудырады, ал шын мәнінде нағыз эмоциялық тұтқындалу. Мұндай демалыстан күш-қуат жинамайсыз, іштей өзгермейсіз, яғни, «қайта жүктелу», жаңару, жаңғыру болмайды. Тек шынайы өмірді «үзіліс» режиміне қоясыз.


Осындай екен деп Балиға, Үндістанға ұшпай қою керек пе? «Дубай мен Мальдивті желкемнің шұқыры көрсін» деу қажет пе? «Түркияға табанымды тигізбеймін» деу дұрыс шешім бола ма? Жоқ, мүлде олай емес. Жай ғана осындай жағымсыз әсеріне соқтықпау үшін демалысты дұрыс жоспарлау керек.

Кез келген елде, тіпті ең танымал туристік бағыттарда да жағымсыз жағдайлар кездеседі: артық төлем, алдану, сервистің көңілден шықпауы, мәдени шок немесе жай ғана күткен демалыстың ақталмауы. Мұның бәрі елдің «жаман» екенінен емес, көбіне демалыстың дұрыс жоспарланбауынан туындайды.

1. Елді емес, өз мүмкіндігіңізді ескеріп таңдаңыз

Көп адам елді трендке қарап таңдайды. Ал шын мәнінде мынаны ойлау маңызды:

  • сіз шу мен көп адамды көтере аласыз ба;
  • ыстыққа, ұзақ жолға, уақыт айырмасына қалай бейімделесіз;
  • белсенді демалыс па, әлде тыныштық па — қайсысы керек.

Өзіңізге сай келмейтін ел – автоматты түрде жағымсыз әсердің көзі.


2. «Инстаграм шындығы» мен шынайы өмірді шатастырмаңыз

Әлеуметтік желідегі әдемі суреттер сапырылысқан адам аяғын, ұзын-сонар кезекті, шаршататын шуды, тұрмыстық ұсақ қолайсыздықтарды көрсетпейді. Сондықтан блогерлердің емес, қарапайым туристердің пікірлерін, әсіресе минустарын оқыңыз.


3. Орналасатын жерді өте мұқият таңдаңыз

Қонақүйдің жұлдызы емес, мыналар маңызды:

  • орналасқан ауданы;
  • шу деңгейі;
  • жағажайға немесе орталыққа қатынау;
  • пікірлердегі нақты шағымдар.


4. Мәдени ерекшеліктерді алдын ала біліңіз

Көп келеңсіз жағдай жергілікті дәстүрді білмеуден, тыйымдарды елемеуден, менталитеттегі айырмашылықтан туындайды.


5. Демалысты «артық жоспарламаңыз»

Әр күнге экскурсия, белсенді демалыс түрлерін үзіліссіз жоспарласаңыз, жол жүрумен-ақ қажисыз. Еркіндігіңіз шектеледі, уақытқа байланасыз. Осының өзі-ақ шаршатады.

Кеңес: уақытыңыздың кемінде 30–40%-ын бос қалдырыңыз. Демалыс деген бәріне үлгеру емес, тынығу.


6. Көп нәрсе күтпеңіз

Ең үлкен көңіл қалу: «Мен мүлде басқаша болады деп ойладым», «Мен күткендей болмады» деу. Көз алдыңызға әрнені елестетпестен, не боларын болжамастан, сабырмен күту – жағымсыз әсерден ең жақсы қорғаныс.

Кез келген туристік елде минус бар. Бірақ дұрыс жоспарлау жағымсыз жағдайларды азайтады, демалысты қауіпсіз етеді, сіз күткен нәтиже мен шындықтың арасын алшақ етпейді. Жақсы демалыс елдің мінсіздігінен емес, дайындықтың дұрыстығынан.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Қар мен мұз құшағындағы ертегі өмірді қайдан тамашалауға болады?