Жас кезде саяхатқа ақшаңызды аямаңыз

0
263

Ол жұмсағаннан да көп пайда әкеледі


Жас кезде саяхатқа ақшаңызды аямаңыз

Сурет: Pinterest

Соңғы он жылда туризм мықты индустрияға айналды. Дүниежүзілік Туристік Ұйымның мәліметі бойынша, әлемдік нарықтық айналымның 10%-ын туризм құраған. Тіпті кейбір мемлекеттер тек қана туризмнен түсетін таза пайда арқылы экономикасына жан бітіріп отыр. Мысалы, АҚШ-қа барған туристер ел қазынасын бір жылда 211 млрд. долларға толтырған.

Бұл – туризмнің ел экономикасына тигізер пайдасы. Ал, адам үшін саяхаттың қандай пайдасы бар?


Тіл үйрену

Саяхаттау адам жанына тыныштық сыйлап қана қоймай, оған шет тілін тереңдете үйрену мүмкіндігін ашады. Тіпті, кейбір туристер тіл үйренуге немесе үйренген шет тілін байырғы қолданушыларымен сөйлесу арқылы жетілдіру үшін саяхаттайды.

Тіл үйренудің ең тиімді тәсілі – сол тілде сөйлейтін адамдардың ортасында болып, олармен күнделікті қарым-қатынаста болу.


Дәстүр айырмашылықтарын сезіну

Саяхатқа шыққан жан сол өлкенің тыныс-тіршілігімен, тарихымен, дәстүрі және менталитетімен жақын таныса алады. Сол арқылы өз халқың мен өзге халықтардың өмір салтының айырмашылығын анық байқайтын боласың.

Ізденіс үстінде жүрген туристер сапар барысында әр халықтың өзіне тән жақсы тұстарын бойына сіңіреді. Мысалы, белгілі бір халықтың дағдысын, ас дайындау әдістерін, тіпті күнделікті тұрмыста қолданатын пайдалы әдеттерін үйренуге болады. Соның арқасында адамның ойлау қабілеті өзгеріп, көкжиегі кеңейеді.


Табиғат

Табиғат аясындағы демалыс адам жанын рахатқа бөлейді. Таулар, теңіздер, жанартаулар мен ну ормандарды көзбен көру жан баласына эстетикалық ләззат сыйлайды. Жер-Ананың сұлулығын көрудің ғажап сезім екенін айтпаса түсінікті шығар. Ғаламдағы табиғат ғажайыптарымен танысу – саяхаттаудың маңызды себептерінің бірі.


Жаңа достар, жаңа орта

Сапар әрқашан жаңа достармен жолыңды тоғыстырады. Жол мен жөн сұрауға тоқтатқан адамдар кейде тіпті өмірлік досқа айналып жатқан жағдайларды да естиміз. Қонақжай халықтардың жайдарлы адамдарымен кездессеңіз, жаңа орта табу ықтималдылығы да жоғарылайды. Бұл өз кезегінде әр елде кем дегенде бір таныс, дос табуға көмектеседі.


Тағамдар

Туристік агенттіктер алты құрлықтың сіз қалаған нүктесіне апарады. Географиясы мен орналасуынан бөлек, әр елдің тамақтануы да ерекшеленеді. Мысалы, пицца мен пастаны сүйсеңіз – Италияға, суши мен теңіз тағамдарын қаласаңыз – Жапонияға, ет тағамдарынан татқыңыз келсе – Азия мемлекеттеріне сапар шексеңіз болады. Сусындармен де солай. Ал, бұл өз кезегінде сізге сапардың тек сәтті болуын ғана емес, сондай-ақ тәтті болуын қамтамасыз етеді.


Денсаулыққа пайдалы

Саяхаттау – белсенді қозғалыс. Жаяу жүру, экскурсияға қатысу, жаңа ортада көп қозғалу физикалық белсенділікті арттырады. Бұл жүрек-қан тамырлары мен жалпы дене саулығына жақсы әсер етеді.


Жаңа эмоция, бақытты сәттер

Кейде біздің өмірімізге естен кетпес естеліктер мен ұмытылмас эмоцияға толы сәттер жетіспей жатады. Егер, адреналин керек болса, туристтік агенттіктер сіз үшін мұны ұйымдастырып бере алады. Теңіз толқынымен тайталасқыңыз келе ме – серфинг тақтайшасымен жүзіңіз. Биіктік пен тереңдікті бірдей ұнатсаңыз, тау шыңынан құзға құлататын экстремалды сауық түрін таңдаңыз. Саяхатшылар үшін ұйымдастырған бұдан басқа да адреналинге толы, жаңа эмоция, ұмытылмас әсер сыйлайтын тур түрлері жеткілікті.


Шабыт

Шығармашыл жандар саяхат арқылы шабыт алады. Суретшілерді табиғат пейзаждары таңғалдырса, ақын-жазушыларды жат елдің дәстүрі мен тарихы шабыттандырады. Сіз де өзіңізді шығармашыл жанмын деп есептесеңіз, онда тезірек саяхатқа шығуды жоспарлаңыз. Өйткені, әлемнің кез келген бұрышында сізді шалқар шабыт күтіп тұр.


Өзіңізді табу

Саяхат – өзін-өзі дамытудың ең жақсы тәсілі. Сапарларда еркіндікті сезінесіз, әдеттегі өмірде жасамаған нәрсені жасайсыз. Әр түрлі елге барған сайын толерантты және төзімді болуды үйренесіз. Адамдардың діні мен тілі, ұлты маңызды емес екенін ұғасыз. Адами қасиеттерді бағалап үйренесіз. Өзіңіздің бойыңыздағы жаңа қырларыңызды ашасыз. Күнделікті тұрмыстың бітпейтін шаруасы мен тұңғиыққа батыра беретін ойларынан құтылып, әлемге жаңа көзқараспен қарай бастайсыз. Бұл өз кезегінде өзіңді дамытуға көмектеседі.

Жас кезде саяхатқа ақшаңызды аямаңыз. Өйткені, ол сізге жұмсағаныңыздан да көп пайда әкеледі.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Саяхаттың ерекше 8 түрі