Абай Балажан: «Қазір кейбір мектептер өз Әнұрандарын жазып, оны оқушыларына жаттатып әлек»

0
3 011

Түркістандық танымал журналис, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан, өзінің «фэйсбуктағы» парақшасында Шымкент қаласындағы кей мектептер өз алдына әнұран жазып алғанына наразылығын білдірді.


Абай Балажан: «Қазір кейбір мектептер өз Әнұрандарын жазып, оны оқушыларына жаттатып әлек»

Қоғам белсендісі, журналис Абай Балажан әлеуметтік желідегі парақшасында Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты кейбір мектептердің өз әнұрандарын шығарып, оқушыларға жаттатып әлек боп жүргенін жазды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Назарларыңызға, журналис Абай Балажанның мектептердегі әнұранға қатысты "фэйсбук" парақшасында жазылған постын толық нұсқада ұсынамыз!

"Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының ФБ-ға тіркелген-тіркелмегенінен хабарым жоқ. Тіркелсе осы постты оқитын шығар, тіркелмесе ФБ-ға тіркелген таныстарынан еститін шығар... Айтайын дегенім...

Бір мемлекетте бір-ақ Әнұран болады! Өкінішке қарай, қазір кейбір мектептер өз Әнұрандарын жазып, оны оқушыларына жаттатып әлек болып жүр. (Қай бір жылдары бір мектептер "өз күнделігімізді шығарамыз" деп өліп кете жаздаған). Ол "Әнұранның" мәтіні талапқа жауап бере ме, әуені жүрекке әсер ете ме, жалпы, ол "Әнұранды" қандай комиссия қабылдайды, бұл жағы беймәлім. Белгілісі, бірінші-екінші оқитын балаларымыз негізгі мәтіні 7-8 буыннан тұратын, қайырмасы 11 буыннан тұратын (біз білетінде керісінше болатын сияқты еді...) "Әнұранды" пысылдап жаттап жатыр. Балаңа ғана емес, соған мәтінді жаттату үшін жүйкесі жүндей түтілетін класс жетекшісіне, ата-анаға жаның ашиды.

Егер әр облыстың, әр ауданның, әр ауылдық әкімдіктің, әр бөлімшенің, әр ферманың, әр мекеменің, әр мектептің өз Әнұраны болса, онда мемлекеттік Әнұранда не қадір-қасиет қалады? Тәлпіштіктің де жөні болады емес пе?!
Әшейінде "ойбай, бізді сенбілікке шығарып, көше тазалатады" (ал, сенбілікке меншік нысандарына қарамастан барлық мекеме, ұйым қызметкерлері шығады, бірақ, олар сол үшін шағымданбайды) деп, "ойбай, бізді зорлап газеттерге жаздыртады" (газет оқымайтын зиялы болмайды, ал, мұғалім дегеніңіз зиялылардың көшбасшысы болуы тиіс) деп без-без ететін мұғалімдер бұл мәселеге келгенде үнсіз. "Осы мен оқушыма қандай мәтін жаттатып жатырмын, оны кім жазыпты, ол "ақынның" шығармашылық потенциалы қандай екен?" деп бір үңіліп қоюды не білмейді, не менің басымның іскені не деп ойлайды. "Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі" деген сөз бар. Осы сөзді аксиомаға айналдырып, түбінде ескерткіш болып тұру үшін Алматы асып кеткен ақындардың өздерінің бәрі бірдей Әнұран мәтінін жаза алмайтынын өздеріңіз білмесеңіздер де "сұрапыл" ақындардан сұрап біліп алуларыңызға болады ғой.
Шәмшінің "Менің Қазақстанымы" неге жетпейді деймін де...",- деп жазады.

Бұл мәселе төңірегінде жауап алу үшін Шымкент қаласы білім басқармасы баспасөз қызметіне қоңырау шалып едік, әзірге байланысқа шықпады. Ал, оқырмандар постың астына басқарманың "фэйсбуктағы" ресми парақшасы мен басқарма басшысы Ақерке Абылайханды тегтеп жатыр. Қазірге дейін жауап болмады. Алдағы уақытта қалалық білім басқармасы тарапынан жауап болып жатса, екінші тараптың да пікірін жариялайтын боламыз.