Шымкент қаласында қазақ театр өнерінің негізін қалаған тұлға – Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» пьесасы алғаш рет жеке кітап болып жарық көріп, көпшілікке таныстырылды.
Бұл еңбек – жазушы, журналист Қайрат Сәбитұлы Есенаманның бірнеше жылдық ізденісі мен табанды еңбегінің нәтижесі. Ол пьесаны архив қойнауынан іздеп тауып, түпнұсқасын зерттеп, орыс тіліне аударған. Кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсіміне Жұмат Шаниннің немересі, өнер саласының белгілі өкілі Болат Шанин арнайы келді.
Іс-шараға театрдың ардагер әртістері мен мәдениет майталмандары қатысты. Олар шара барысында театр ғимараты алдындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қазақ сахна өнерінің тұңғыш режиссеріне тағзым етті. «Арқалық батыр» пьесасы алғаш рет 1924 жылы Семей қаласында сахналанған. Сол қойылымның режиссері де, басты рөлдегі актері де Жұмат Шаниннің өзі еді. Бұл – қазақ сахна өнерінің тарихында алғашқы ұлттық трагедиялардың бірі саналады. Туынды ел еркіндігі мен әділет жолындағы күрес тақырыбын арқау етіп, халық рухын дәріптейді. Алайда 1938 жылы қуғын-сүргін құрбаны болған Шанинмен бірге бұл туынды да сахнадан шеттетіліп, архивтерде шаң басып қалды.
Арада жүз жыл өткен соң, сол шығарма қайта жаңғырып отыр. Қайрат Сәбитұлы бұл істі жай аударма немесе әдеби жоба деп емес, өнердегі миссия ретінде қабылдағанын айтады. «Жұмат атамыздың шығармасын алғаш қолға алған сәтімде-ақ оның қуатын, көркемдік тереңдігін сезіндім. Бұл қарапайым пьеса емес, бұл – ел мен ердің тағдыры тоғысқан үлкен дүние. Мен оны аударып отырып, таңғалдым. Бұл – нағыз шедевр. Шекспирдің трагедияларымен тең келетін туынды. Өйткені мұнда да тағдыр, махаббат, әділет пен азаттық жолындағы күрес бар. Бұл – халық рухының көрінісі», – дейді ол тебірене.