Балаларға БЦЖ вакцинасын салу уақытша тоқтатылды

0
1 596

Вакцинаны өндіруші ел кері қайтарып алған.


Балаларға БЦЖ вакцинасын салу уақытша тоқтатылды

«Japan BCG Laboratory» Жапония елінің өндіруші-зауыты (БЦЖ) туберкулезге қарсы вакцинасын 35 елден кері қайтарып алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде халықтың вакцина-профилактикасы тиімділігін арттыру бойынша өткізген баспасөз конференциясында мәлім болды.

"БЦЖ вакцинасын қайтарып алудың себебі – орау барысында анықталған, өндірушінің вакцинаға еріткіштен бөтен заттарды табуы. Жалпы алғанда, өндіруші әлемнің көптеген елдері бойынша таратылған БЦЖ вакцинасының 33 сериясын қайтарып алып отыр. Олардың ішінен Қазақстанға 5 серия (№ 1620, 1628, 1637, 1649 және 1651 сериялар) әкелінген болатын. Осыған байланысты, БЦЖ вакцинасын өндірушінің қайтарып алуының негізінде, осы вакцинаны республикада қолдану тоқтатыла тұратын болады. Демек, балаларды туберкулезге қарсы иммундау уақытша тоқтатылу кезеңі басталды", - дейді Департамент басшысы Әбдіманап Төлебаев.

Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «SERUM institute of INDIA» (Үндістан) өндірісінің БЦЖ вакцинасын сатып алу және жеткізу мүмкіндігін қарастыруда. Сондай-ақ аталған БЦЖ вакцинасы 3 ай мерзім ішінде жеткізілетіндігін айтты Ә.Төлебаев.

Аталған департаменттің мәліметі бойынша, Қазақстан Республикасында 19 инфекциялық ауруға қарсы вакцинациялау жүргізіледі. Шымкент қаласында 17 жұқпалы ауруға қарсы (табиғи ошақтың болмауына байланысты кене энцефалиті мен туляремияға қарсы жүргізілмейді) вакциналау жүргізіледі.

Шымкент қаласында жыл сайын туберкулезге қарсы 35500-ден астам жаңа туған нәресте және 16600-ден астам 6-7 жастағы балалар вакцинацияланады.

Туберкулезге қарсы вакцинациялау балалардың арасында туберкулез менингиті және диссемирленген туберкулез сияқты туберкулездың ауыр жағдайларының дамуына жол бермеуге мүмкіндік берді.

Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша туберкулезбен ауыру соңғы 16 жыл ішінде 3,8 есе, өлім-жітім 19,9 есеге төмендеген.