«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы ғимаратының алаңында салтанатты жиын өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы Арыстағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою бағытындағы жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
– Қазір барша қазақстандықтар Арыстағы ағайынмен бірге алаңдап, көмек қолын созуда. Бұл төтенше жағдай қазақстандықтарды одан әрі біріктіріп, ұйыстыра түскенін көріп отырмыз. Біз – Арыс тұрғындарымен біргеміз. «Nur Otan» партиясы да зардап шеккендерге бей-жай қарамай, барынша қолдау көрсетуде. Қазіргі таңда қалаға қайырымдылық көмек әлі де жеткізілуде. Осы орайда «жасотандықтардың», сонымен қатар шымкенттік еріктілердің белсенділігін де ерекше атап өткен жөн. Қазір қаланы қалпына келтіру жұмыстарына біздің партия да тікелей қатысып, жұмыстың жүйелі түрде жүргізілуін бақылауда ұстайды,- деді Б.Байбек.
Жиында Шымкент қаласының «Құрметті азаматы», қалалық мәслихаттың депутаты Еркін Сатқанбаев, айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Біржан Байтуов және басқа да қоғам қайраткерлері мен партия белсенділері сөз сөйледі. Сондай-ақ, Түркістан облысы, Арыс қаласының ақсақалы Сағатбек Ахметов сөз алып, сын сағатта қолдау танытқан барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.
Бұдан соң «Nur Оtan» партиясы қалалық филиалында актив жиналысы өтті. Онда Бауыржан Байбек қалалық партия филиалы жұмысымен танысты. Жиын барысында Елбасы тапсырмаларының Шымкентте орындалу барысы жан-жақты баяндалды. «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов «Халыққа көмек» ұлттық жобасы аясында құрылған бірыңғай әлеуметтік терезесінің атқарған жұмысымен таныстырды.
Партия жобасы аясында 2019 жылдың 18 ақпанынан 1 шілдеге дейін 2737 азамат қабылданды. Бүгінгі күнге дейін қаралған 619 мәселе оң шешімін тауып, 3087 талап-тілек бойынша заңға сәйкес түсінік берілген. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары бұдан кейін «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық құқық қорғау қызметтері орталығының жұмысымен танысты. Жиын соңында Бауыржан Қыдырғалиұлы алда атқаратын тапсырмалар туралы пысықтады.
Дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайты