Биыл Шымкентте 20 жаңа автобус сатып алынады

0
554

Шымкент қаласында жалпы резервпен қоса 1000-ға жуық автобус бар.


Биыл Шымкентте 20 жаңа автобус сатып алынады

Әлем елдері үшін экономиканың басты күре тамыры – жолдар. Қарапайым тілде айтар болсақ, жол сапасы неғұрлым жақсы болған сайын экономиканың да көптеген саласы дами түсетіні сөзсіз.

Осы ретте Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі 5 жылға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын әзірледі.
Аталмыш жоба бірінші кезекте халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған. Яғни тұрғындардың сапалы өмір сүруіне тікелей әсер ететін мәселерді шешуді көздейді. Ұлттық жоба негізгі екі бағыттан, төрт міндеттен тұрады. Олар базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көліктік байланыстылықты қамтамасыз ету.
Нақтырақ айтқанда, ішкі көлік желісін дамыту республикалық маңызы бар он бір мың шақырым жолды және 27 мың шақырым жергілікті жолды салу мен реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 100пайызғадейін және жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 95пайызғадейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қоса, автожолдарды ұлттық стандартқа сәйкес, 2,3 мың жол бойындағы сервис объектілерімен қамтамасыз ету көзделген. Ұлттық жоба аясында аумақтардың сыртқы байланыстылығын арттыру үшін бірқатар ірі жобалар іске асырылатын болады.
Ұлттық жоба басталғалы еліміздегі барлық өңірлерде тиісті жоспар бекітіліп, сол бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Еліміздің үшінші мегаполисі атанған Шымкентте де жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, жоба аясында өткен жылдың қорытындысымен автомобиль жолдары саласында 160-қа жуық нысан жөнделіп пайдалануға берілген. Сонымен қоса, шаһардағы көлік кептелісін азайту мақсатында біршама нысандардың құрылысы жүргізілді.
Нақтырақ айтатын болсақ, өткен жылы көлік ағыны көп жүретін магистралды көшелердің қиылысында 3 оң жақ өткелдер жасалған. Атап айтқанда, Назарбаев даңғылы мен Шаяхметов көшесінің қиылысында, Өтегенов көшесі мен Рысқұлов көшесінің қиылысында, Бәйтереков көшесі мен Рысқұлов көшесінің қиылысы.

(фотолар: қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы)

Ал, 2023 жылы тағы 3 оң жақ өткелдер жасау жоспарлануда. Олардың тізімінде Назарбеков көшесі мен Бәйтереков көшесінің қиылысы, Кеңжарық көшесі мен Патеев көшесінің қиылысы және Бәйдібек би даңғылы мен Тұран шағын ауданындағы №3 көше бар.
Сонымен қатар, кептелісті азайту шаралары бойынша 2022 жылы Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы жүргізілді. Қала аумағында қазіргі таңда Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Шымкент қаласында жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатта 2023 жылы қажеттілігі бар аймақтарға 15 бағдаршам орнату жоспарлануда. Ал, өткен жылы қажеттілігі бар аймақтарға 12 бағдаршам орнатылды. Қала аумағында орналасқан 300-ге жуық бағдаршам нысандарына күтіп ұстау жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, биыл қала көшелеріне жалпы 400 шақырым жол таңбалары сызылады. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар мекемелердің алдына 800 метр жасанды жол кедергілерін орнату жоспарлануда.

Ал, жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында 4 мың жол белгілері орнатылған. Биылғы жылы қала көшелеріне 3500 жол белгісін орнату жоспарлануда.
Үшінші мегаполисте 2020 жылдан бері жаңа типтегі аялдама павильондарын орнату жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда, жаңа аялдама павильондарының үлесі 35,5 пайызды құрайды.Айта кетейік, шаһарда жалпы саны 2 мыңға жуық аялдама бар.

Өткен жылы ескірген аялдамалардың орнына заманауи үлгідегі жаңа 178 аялдама орнатылды. Ал, 2023 жылы 250 аялдама павильонын орнату жоспарлануда.
Шымкент тұрғындары қоғамдық көлікпен жиі қатынайтынын да ескеру керек. Осы салаға жауапты мамандардың сөзінше, Шымкент қаласында жалпы резервпен қоса 1000-ға жуық автобус тіркелген. Ал, Шымкент Астана және Алматы қалаларынан кейінгі қоғамдық көліктердің жаңалану көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда.
«2020 жылы Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді Схемасы бекітілген. Схемамен қаралған маршруттық желісіне сәйкес, 78 маршруттың жұмысы ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда әлеуметтік мәні бар тасымалдаулар тізімімен 75 маршрут айкындалған. Аталған автобус маршруттары субсидиялау есебінен қала аумағын, сонымен қатар шет аймақтарда орналасқан барлық шағын аудандар мен тұрғын алабтарды тұрақты түрде қамтиды», - деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері.
Қалалық тұрақты маршруттарда 600-ден астам автобус жаңар-жағар май ретінде экологиялық таза газ-метанды пайдаланады.
Аталған автобустарды газ отынымен қамтамасыз ету үшін 2 газ станциясы қызмет көрсетеді. Сонымен қоса, үшінші станцияның құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Сондай-ақ, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында "Диспетчерлік қызмет орталығы" КММ автоматтандырылған бағдарлама арқылы қалалық қоғамдық көліктердің қозғалысына үздіксіз мониторинг жүргізіп отырады. Егер де, жүргізушілер тарапынан бұзушылықтар немесе әдеттен тыс жағдай болу фактілері анықталған жағдайда, жедел түрде тиісті шаралар қолданады.
Бұдан бөлек, қоғамдық көлік қозғалысы туралы ақпарат беретін "I-Kolik" мобильді қосымшасын пайдаланушылар саны 200 мыңнан асты.

2020 жылы Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге электрондық билеттендіру жүйесі енгізілгені белгілі. Аталған жүйе жолаушыларға жол ақысын көлік картамен, SMS, QR- код арқылы төлеуге мүмкіндік береді.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасыныңдерегінше, қазіргі таңда, сатылған көлік карталарының саны 310 мыңнан асады, ал күнделікті транзакциялар саны 300 мың теңгені құрап отыр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілген. Схемамен қаралған маршруттық желісіне сәйкес, 77 маршруттың жұмысы ұйымдастырылды. Күнделікті 875 автобус бағытқа шығып, жолаушыларды тасымалдайды. 10 көлік компания жолаушылар тасымалдау қызметін көрсетеді.


Қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту мақсатында 2019 жылы 300 жаңа автобус, 2020 жылы 590 жаңа автобус сатып алынды. Қазіргі таңда пайдалану мерзімі 5 жылға дейінгі жаңа автобустар көрсеткші 90 пайызды құрайды.
Ал, биыл қала тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, тасымалдаушы мекемелерге ескірген автобустарды жаңалау бойынша талап қойылады. Осыған орай, 2023 жылы тасымалдаушы мекеме есебінен жаңа 20 автобус сатып алу жоспарда бар.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, қаламызда ұлттық жоба аясында біршама мәселелер өз шешімін тапқан сыңайлы. Бірақ, әлі де атқаратын шаруа көп. Нәтижесінде 5 жыл ішінде Шымкент қуатты өңірлер қатарына қосылады деген сенім бар.

ERNUR.KZ.