67 шақырымнан астам жолға қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі.
Шымкент каласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов пен энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков тікелей эфирге шығып, көпшіліктің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сала жетекшілерінің әлеуметтік желідегі тікелей эфирі 1 сағатқа созылды. Сол уақытта 250-ден астам адам сауалдарына жауап алды. Қойылған сұрақтардың басым көпшілігі елді мекендерді сапалы ауыз сумен, электр жарығымен, табиғи газбен қамту және көшені жарықтандыру мен жолдарға асфалть төсеу, сонымен бірге қоғамдық көлік пен жол белгілерін орнату мәселесі болды.
Боранбай Булатбеков эфир барысында 2023 жылы тұрғындар 100% сапалы ауыз сумен қамтылатынын және жыл соңына дейін 1 қосалқы станция мен 8 елді мекендегі құрылыс жұмыстары аяқталып, 22 мыңға жуық халық сапалы электр қуатына қосылатынын, табиғи газбен қамту бойынша биыл 2 магистралды желі мен 10 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, 20 мыңнан астам адам табиғи газбен қамтылатынын жеткізді. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында биылғы жылы 102 көшені жарықтандыру жоспарланғанын атап өтті.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов биыл қалада 67 шақырымнан астам жолға қайта жаңарту, 291 көшеге орташа жөндеу, 19, 3 шақырым жолға күрделі жөндеу, 90 шақырымды құрайтын көшелерге шағал тас төсеу жұмыстары мен 150 орынға аялдама орнату жұмыстарын атқарамыз деді.
Сонымен бірге ол 2022 жылы 4000 жол белгілері, 16 бағдаршам, 15 белсенді жаяу жүргінші өткелі, 300 шақырымға жол таңба сызу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.