Биыл Шымкенттен солтүстік өңірлерге 60-қа жуық отбасы қоныс аударды

0
932

2016-2019 жылдары аралығында солтүстік өңірге жалпы 854 отбасы көшкен.


Биыл Шымкенттен солтүстік өңірлерге 60-қа жуық отбасы қоныс аударды

Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйытқы болуымен Шымкент қаласынан жұмыс күші тапшы СҚО, ШҚО, Павлодар, Қостанай облыстарына қоныс аудару мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынға Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары, кәсіпкерлер, қала тұрғындары және Zoom арқылы жұмыс күші тапшы облыстардың жұмыспен қамту басқармалары мен аудандарының жұмыспен қамту бөлімдерінің жетекшілері мен қатысты.
СҚО, ШҚО, Павлодар, Қостанай облыстарының жауапты мамандары қай өңірде қандай маман иелері тапшы екенін егжей-тегжейлі түсіндірді. Жиында нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында еңбек күші артық өңірден солтүстікке ерікті қоныс аудару тиімділігі туралы айтылды. Аталған бағдарламаның мақсаты – оңтүстіктен қоныс аударушыларды жұмыспен қамту.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда солтүстік өңірде білікті дәрігерлер мен мұғалімдер, техникалық мамандық иелері сұранысқа ие. Жұмыспен қамту басқармасы жүргізген үгіт-насихат және түсіндірме жұмыстарының арқасында биыл солтүстікке қоныс аударуға Шымкент қаласы тұрғындарының қызығушылығы айтарлықтай артып отырғаны байқалады.

Естеріңізге сала кетсек, жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару – мемлекет жүргізіп отырған ең ұтымды бағдарламалардың бірі. 2016-2019 жылдары аралығында солтүстік өңірге жалпы 854 отбасы (2645 адам) көшкен. Ал, жыл басынан басынан бері 52 отбасы (227 адам) бағдарлама аясында қоныс аударған.