Бүгінге дейін шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 20 жоба жүзеге асырылған.
Бүгін Шымкент қаласында алғаш рет IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (Қазақстанның жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелі) өтті.
Форумға халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін және жаңа инвестициялық жобаларды талқылау үшін 40-тан астам елден 500-ден аса инвестор мен бизнес өкілі жиналды.
«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбындағы пленарлық сессияны ашқан Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес дамып келе жатқан еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндады.
Пленарлық сессия барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланың экономикалық және өнеркәсіптік әлеуетін таныстырып, одан әрі даму мен инвестиция тартудың әлеуетіне тоқталды.
Қала әкімінің айтуынша, соңғы бес жылда Шымкенттің жалпы өңірлік өнімі үштен бір бөлігіне ұлғайып, 13 млрд АҚШ долларына жеткен. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі есеге артып, 7 млрд долларды құрады. Қазіргі таңда қалада 133 мың шағын және орта бизнес субъектісі, сондай-ақ, шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған 2 мыңға жуық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Бүгінге дейін шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 20 жоба жүзеге асырылған. Қазіргі уақытта тағы 7,5 млрд доллар көлеміндегі 21 жоба іске асырылуда. Қалада жұмыс істейтін ірі халықаралық компаниялардың қатарында CNPC, Coca-Cola, Polpharma, Alarko Holding, YDA Group, Fabe Agro және Wang-Sheng Ceramics бар.


