"Макияжбен келуге рұқсат етілмейді" : Шымкентте білім басқарма басшысының хабарламасы тарады

0
1 819

Соңғы қоңырау мектеп формасымен ғана өтуі керектігі айтылған.


иллюстрациялық сурет ашық интернеттен алынды

Шымкент қаласында мектеп бітіруші түлектерге соңғы қоңырауға макияжбен келуге рұқсат етілмейді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аудиохабарлама иесі өзін Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Тажиева Жанат Арысбекқызы деп таныстырған.

Соңғы қоңырау мектеп бітіру түлектері үшін ерекше маңызды күн екені бәрімізге мәлім. Бүгінде бұл тақырып оқушылар мен ата-аналар үшін өзекті мәсәлеге айналған. Осы ретте әлеуметтік желіде 25 мамыр қалай өтетіндігі туралы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Тажиева Жанат Арысбекқызының аудиохабарламасы тарады.

Аудиохабарламада мектеп бітіру кеші мектеп формасымен ашық ауа астында санитарлық талаптарды сақтай отырып, тек қана 11 сыныптың оқушыларымен бірге өткізілетіні айтылған. Сонымен қоса, мектеп бітіру кешіне байланысты жиын өткізуге қатаң тыйым салынатыны, оған рұқсат берілмейтінін және ол бойынша арнайы әкімшілік тарапынан жұмыс жүргізіліп, тыйым салынатыны ескертілген.

"Құрметті ата-аналар! Шымкент қаласында 25 мамыр күні және де мектеп бітіру кештері өтетін маусымның 15-нен кейін түрлі саябақтарда, дендрологиялық саябақтарда және оқушылар көп жиналатын орындарда, арнайы Ішкі Істердің (департамент - ред.) тарапынан толығымен арнайы кезекшілік ұйымдастырылып, арнайы рейд жүргізілетінін алдын ала ескертіледі. Егерде заң талаптарын бұзып, осылайда бір кездесулерде жүріп немесе кешкі 23:00-ден кейін жиналған орындар болатын болса, міндетті түрде ата-аналары тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады. Сонымен қатар, мектеп бітіру кештерін сылтауратып, балалармен бірге немесе балалардың өздері түрлі ойын-сауық ойындарында жиналатын болса Шымкент қаласындағы барлық кафелерде, тойханаларда, ресторандарда, мектеп бітіру кешіне байланысты жиын өткізуге қатаң тыйым салынатынын, оған рұқсат берілмейтінін ол бойынша арнайы әкімшілік тарапынан жұмыс жүргізіліп, тыйым салынатынын тағы да Сіздерге ескерткім келеді.

Құрметті ата-аналар! Біздерге ең бірінші кезекте балалардың амандығы, денсаулығы, Сіздер бұл жағдайды дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Ең негізгі мәселе, сонымен қатар мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары балаларыңыз мектеп бітіріп жатыр деп ақша жинау мәселесінен абай болыңыздар. Ешқандайда сыйлықтар қабылданбайды, отырыстар өткізуге тыйым салынатынын, жиналған ақшаларыңыз босқа негізсіз боп қалатынын тағы да ескертемін. Түсіністікпен қарағандарыңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін", - делінген аудиохабарламада.


Сонымен қатар, екінші хабарламада "Соңғы қоңыраудың" қалай және қандай формада өтуі керектігі жөнінде де айтылған.

Құрметті Шымкент қаласының ата-аналары! Мен Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Тажиева Жанат Арысбекқызы. Мінекей, енді бірнеше күннен кейін 25 мамыр, оқу жылы аяқталады. 11 сыныпты бітірушілер үшін маусым айында мектеппен қоштасу кештері өтеді. Өте көп сұрақтар келіп түсуде. "Кеш қалай өтеді, қандай үлгіде өтеді, балалардың кешін қалай ұйымдастырамыз?" деген түрлі сұрақтар келіп жатыр.

Білім басқармасының тарапынан бүгінгі күні барлық білім ұйымдарымен жұмыс жүргізілуде. Бірінші кезекте 25 мамыр күні мектеппен қоштасу, оқушылардың мектеп формасымен ашық ауа астында санитарлық талаптарды сақтай отырып, тек қана 11 сыныптың оқушыларымен бірге салтанатты жиынмен 25 мамыр күні соңғы қоңырауды өткіземіз. Ол жерде ешқандай да мектеп формасынан басқа оқушылардан ешнәрсе талап етілмейді. Тіпті балалар оқушыларға түрлі макияждармен келуге рұқсат етілмейді.

Екінші, мектеп бітіру кешінде мектепке сыйлық қалдыру, мұғалімдерге немесе басқалайда түрлі сылтаулармен ақша жинауға қатаң түрде тыйым салынады.

Үшінші, маусым айында мектеп бітіру кешінде мектепке сыйлық қалдыру немесе оқушыларға балдық киім кию сынды түрлі іс-шараларға да қатаң тыйым салынады. Оқушылар мектеп бітіру кешінде білім ұйымына мектеп формасымен ғана келуі басшылыққа алынады.

Құрметті ата-аналар! Сіздерден білім ұйымына түрлі нәрселерді сылтауратып, ақша жинауға немесе кафелерде ресторанда отыруға тыйым салынады. Бұған рұқсат та берілмейді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, санитарлық талаптарға сәйкес Шымкент қаласының өзі «қызыл» зонада қайта-қайта отырғанын жақсы білесіздер. Сіздерге балаларыңыздың өмір қауіпсіздігі бірінші кезекте деп ойлаймын. Балаларыңыздың бірінші кезекте амандығын, екінші өздерінің мамандығын таңдап, жоғары оқу орындарына түсуін, немесе бір жақсы жұмысқа орналасып кетуіне ғана өздеріңіз айналысасыздар деп ойлаймын.

Әрине, егерде балаларыңыз жоғары оқу орнына түсіп, қызмет істеп, мамандық иесін тапқан жағдайда өздеріңізге бұл тойлау жағдайлары кейінгі жағдайларда бейбіт өмірде өздеріңіз кездесуді ұйымдастыра жатарсыздар деп ойлаймын. Бүгінгі таңда ата-аналардан ешқандайда қаржылай мектепке түрлі сылтаулармен жинау мәселесін ұйымдастыруға қатаң түрде тыйым салынатынын ескертемін," - делінген онда.

Бұл хабарламаларды Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі де растады. Соңғы қоңырау мәселесі бойынша арнайы брифинг ұйымдастырылатынын және БАҚ өкілдерінің сұрақтарына сол кезде жауап беретіндігін мәлімдеді.