Шымкент қаласында медиация апталығы барысында халық арасында 70-ге жуық сауалнама жүргізілді.
Шымкент қаласында «5 тамыз – Медиация күні» мерекесіне орай қаладағы «Достық үйі» ғимаратында «Медиация – татулық тірегі» тақырыбында семинар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Медиация апталығы аясында ұйымдастырылған жиынға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Н.Абдезов, «Еуразиялық медиация орталығы» ҚБ жетекшісі Л.Ақшегірова, қалалық медиация орталықтарының төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ - нің қызметкерлері қатысты.
– Мемлекет басшысы этносаралық қарым-қатынаста медиацияның маңызын атап өтіп, келіссөз жүргізетін кәсіби мамандарды дайындау бойынша тапсырма берген болатын. 2019 жылы қалалық ассамблея жанынан Медиация кеңесі құрылды. Құрамына 6 кәсіби, 6 қоғамдық медиатор енген кеңес негізгі қызметімен қатар, этномедиацияны дамытуға тұрақты атсалысып келеді. Ассамблея медиаторлары этнос өкілдері жинақы қоныстанған аумақтарда кездесулер өткізіп, соңғы 3 жылда 28 мәселе бойынша дауласқан тараптарды ортақ келісімге келтірді. Қазіргі таңда шаһарда этносаралық мәселе жоқ. Тамыз-қыркүйек айларында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің білім-білігін арттыру бағытында оқыту семинарын ұйымдастыру жоспарда бар, – деді басқарма басшысының орынбасары.