Тараптар кездесу барысында қалалалар арасындағы байланысты нығайтудағы өзекті мәселелердің шешімін талқылады.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Таиланд Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Чатчаван Сакорнсинмен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Тараптар ортақ қатынастарды дамыту үшін бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру тетіктерін талқылады. Екі елдің инвестициялық әлеуеті бойынша ақпарат алмасып, достық қатынастарды нығайтудағы іс-шараларды жүйелі ұйымдастыруды қарастырды.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов коммуналдық қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсіпорын жобасын ұсынған China Railway Construction Corporation қытай компаниясының өкілдерімен де кездескен болатын. Инвесторлар қалдықтарды қайта өңдеу арқылы синтез-газ шығаруды көздейді. Қазір қытайлық, испаниялық, германиялық инвесторлар мен отандық компаниялар осы бағытта түрлі ұсыныстарын білдіруде. Мұрат Дүйсенбекұлы холдинг өкілдеріне мегаполис ерекшеліктерін ескере отырып, қалдықтарды сұрыптау бағытын қарастыруды ұсынды. Компания бір ай ішінде қала аумағында қалдықтарды жою бойынша талдау жұмыстарын жүргізіп, жобаларын пысықтайды. Сондай-ақ, тараптар көлік инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тарту мәселесін де қарастырды.