Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселені жеке тыңдап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің азаматтарды кезекті бірыңғай қабылдауы “Көрме” орталығында өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Кездесу барысында қаланың прокуратура, полиция өкілдері, әкім орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары азаматтардың өтініштерін тыңдап, шешу жолдарын қарастырды. Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселені жеке тыңдап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Қабылдауға келген 300-ден астам азамат түрлі салаға қатысты талап-тілектерін жеткізді. Тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің басым көпшілігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жер мәселесі, жол және инфрақұрылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларына қатысты ауқымды сұрақтарды қамтыды.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылының аяқталуына орай балалардың жазғы каникулын тиімді ұйымдастыруға қатысты өтініштер де жиі түсті. Азаматтардың кей талап-тілектері қабылдау кезінде шешімін тапты. Басқа да ұсыныстар мен талап-тілектер хаттама негізінде назарға алынып, заң аясында тиісті шешімдер қабылданатын болады.
Сондай-ақ, қабылдауға келген тұрғындарға жұмыспен қамту шараларына, баспанамен қамтуға, кәсіпкерлікке қатысты түрлі мемлекеттік бағдарламалардың шарттары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындар арасында қаланың дамуына қатысты ұсыныс, жобаларын таныстырған белсенділер де болды. Қала әкімі мегаполистің тыныс-тіршілігіне бей-жай қарай алмайтын азаматтарға ризашылығын білдіріп, қолдау көрсетті.
Көтерілген барлық мәселе қала әкімінің тікелей бақылауында. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға халықпен кері байланыс орнатып, туындаған мәселелерді шұғыл шешу бойынша тапсырмалар жүктеді.