НӘРЕСТЕГЕ ЫСТЫҚ СУМЕН КЛИЗМА: Бас дәрігер 113 625 теңге айыппұл төлейтін болды

0
4 230

Ауруханада тиісті рұқсаты жоқ инфекционист-дәрігер клиникалық қызмет көрсеткен.


НӘРЕСТЕГЕ ЫСТЫҚ СУМЕН КЛИЗМА:  Бас дәрігер 113 625 теңге айыппұл төлейтін болды

иллюстрациялық фото

Шымкент қалалық инфекциялық аурухананың жауапты қызметкерлері медициналық процедурасының дұрыс атқарылуын қадағаламаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Шымкент қаласында 2 сәуірде клизмадан кейін күйіп қалған балаға байланысты тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жоспардан тыс тексеру жүргізді. Кішкентайдың ата-анасынан шағым түскен.

Жоспардан тыс тексеріс барысында мынадай кемшіліктер анықталды: тиісті рұқсаты жоқ инфекционист-дәрігер клиникалық қызмет көрсеткен, процедураны тәжірибесіз медбике жасағандықтан, клизма жасау тәртібі бұзылған. Ал аурухананың жауапты қызметкерлері медициналық процедурасының дұрыс атқарылуын қадағаламаған.

Аталған факті бойынша 2 медбике жұмыстан шығарылса, бас медбике қызметінен алынды, ал бас дәрігердің орынбасары мен емдеуші дәрігерге қатаң сөгіс жарияланды.
Бұдан бөлек, Шымкенттегі қалалық инфекциялық аурухананың бас дәрігеріне әкімшілік жаза ретінде 45 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ, тексерістің қорытындысы бойынша материалдар, процессуалдық шешім шығару үшін құқық қорғау органдарына жіберіліп отыр.
Бүгінде күйік шалған бүлдіршін сәуір айының 3-ші күні санитарлық авиациа көмегімен Шымкенттегі инфекциялық ауруханадан Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілді.
Қазір баланың жағдайы ауыр емес, тұрақты. Оң жақ жамбасы мен тікішегінің күйгені анықталып отыр. Балаға ректоскопия жасау кезінде тікішектің шырышты қабатының күйгені байқалады. Бірақ, қансырау мен некроз белгілері жоқ. Тікішектің басқа бөлігі өзгермеген. Бала консервативті ем қабылдауда. Мамандардың айтуынша, науқастың емінде оң нәтиже байқалады.
Баланың жағдайы Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында.